Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ерекше қызметке ие эскорт взводы

07.05.2024, 11:40 118

Тәртіп сақшылары арасында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қырағы қызметкерлермен қатар, сән-салтанаты келіскен саптағы инспекторлар да бар. Олар өзге елдің президенттері, министрлері, шетелден жоғары мәртебелі қонақтар мен делегация өкілдері келгенде ілестіріп жүру қызметін атқарады. Сондай-ақ  премьер-министр, мемлекет хатшысының жұмыс жоспары бойынша баратын нысандардың маңыздылығына сәйкес міндеттерін орындайды. Қызмет бағыты ерекше елордалық эскорт взводының жұмыс барысын оқырман қауымға таныстыруды жөн көрдік.

Эскорт взводы Астана қаласы поли­ция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы Патрульдік поли­ция полкінің мамандандырыл­ған  арнайы батальон құрамына енеді. Арнайы  тасымалдауды жүзеге асыратын бұл қызмет түрі еліміздегі ең ірі басты қалалар – Астана мен Алматы­да ғана қарастырылған. Елордалық эскорт взводының тари­хы 1997 жылдан басталады. Содан бері сырттан келгендердің қорға­нысы мен жолдағы қауіпсіздігін қадаға­лайды. Эскорт взводының коман­дирі – поли­ция  майоры  Ринат Сәлімгереев. Ол 2020 жылдан бері жеке құрамды басқарып, бекі­тілген тәртіпке   сәйкес  әрекет етуіне  жауап­ты. Жеке  құрамда 26 қыз­меткер бар. Оның 10-ы автокөлік жүргізсе, 16-сы мотоцикл тізгіндейді. Бір жылда өзге елдің  тек мемлекет басшылары келе­тін 7-8 кез­десуді арнайы тасымалдаумен қамтамасыз етеді. Қалған күндері де мұндай ілестіріп жүру қызметі назардан тыс қалмайды. Командир Ринат Серғазыұлы бүгін­ге  дейін  түрлі кездесудің куәсі бол­ғанын айтты. Солардың ішінде ең есте қалғаны – Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың шақыруымен 2022 жылдың күзінде Рим Папасы Франциск Қазақс­танға келген мемлекеттік са­па­ры. Сапарының соңында Рим папасы оның жол қозғалысын реттеп, қасында еріп жүрген эскорт взводының жаны­на келіп, жақыннан қол бұлғаған. Соны­мен бірге взводтың 14 инспекторына арнайы медалін табыс­тап,  алғысын  біл­дірген.

– Қызметіміздің  маңызы  жоғары, взводтағы әрбір қызметкер өз ісін сүйеді. Көшеде жүргенде адам­дар бізбен бірге суретке түсуге өтініш білдіреді, «Неге осы қызмет түрін дамытпайсыздар?» деп сұрақ қояды. Полицейлерді күнделікті осындай арнайы формада көргісі келетінін де айтады. Жұмысымыз қызықты. Қатарымызға жаңадан қосылғандарға арнайы дайындық сабақтары ұйымдастырылады. Жолда қалай жүру керек, қалай бұрылу керек, барлық қағидаларға баса мән бере­міз, – деді взвод командирі.

Көптің көзіне бірден түсетін эскорт взводын өзгелерден ерекшелендіретін бірден-бір белгі – олардың киімдері мен BMW маркасындағы мотоциклдері. Былғарыдан тігілген қара түсті костюмдері мен шалбарлары, тізеге жететін етіктері елдің назарын еріксіз аударады. Мото­цикл үстінде қауіпсіздікті сақтау мақсатында бастарына шлем тағады. Қолдарына ақ қолғап киеді. Ал олардың елдің сұсы мен мысын сипаттайтын қара түсті киімдерінде сары түсті ерекше рең беретін аксель­бант тағылғанын атап өткен жөн. Ана тілімізде аксельбантты кеуде алқа деп те атайды. Ол – оң иықтағы погон астына түймеленген темір ұштығы бар өрілген жіп. Алдағы уақытта киімдері жаңартылып, мемлекеттік тумен түстес сипатта болуы мүмкін. Мотоциклдері жүрген кезінде күндіз-түні қызыл, көк түстер алмасқан жарықшамдар жанып тұрады. Сондай-ақ көлік құралында арнайы дыбыс құрылғысын орналастыратын орын бар. Осылайша елімізге келген қонақтардың жол қозғалысында еш кедергіге тап болмауына жауаптылық танытып, сән-салтанаты жарасқан күйде жандарында  жүреді.

Одан бөлек, эскорттықтар спорттық жиындарға, марафондарға, сондай-ақ түнгі патрульдеуге, рейдтерге қатысады. Мәселен, мопедтерге, самокаттарға қатысты өзгерістер енгізіл­генде, жаңа заң жобасы­ның жүзеге асырылуына басымдық береді. Түнгі мезгілде қалада тыныштық орнауына себепші болып, жолда  жөнсіз  жортқан мопедтер мен мотоцикл мінгендердің жолын кеседі.

Біздің бүгінгі қаһармандарымыз «Сервистік полиция» моделі аясында да халықпен тығыз қарым-қаты­нас орнатуға барынша мүдделі. Оларға онсыз да көпшілік қызы­ға қарайды, ал балалар ұқсауға тырысады. Осыдан екі жыл бұрын эскорттық полицейлер мүгедек баланың арманын орындаған. Әлеуметтік желіден эскорттық полицейлердің суретін көріп қалған бала олармен танысып, суретке түскісі келеді. Эскорттық полицей­лер өз кезегінде әлгі баланың үйіне барып, әке-шешесі­мен бірге мотоциклдеріне мінгізіп, суретке түскен. Осылайша жас жеткіншектің арманын ақи­қатқа айналдырған.  Бұл кездесуге олардың бірен-сараны ғана емес, бала­ның  көңілін көтеру  мақсатында бәрі барған.

Эскорт взводында көп жылдан бері қызмет етіп жүрген тәжірибелі мамандардың бірі – полиция капитаны Аслан Жүнісов. 2014 жылдан бері осы салада еңбек етеді. Лауазымды адамдарды күтіп алып, оларға ерекше сый-құрмет ретінде ілестіріп жүру қызметін атқаратынына риза. Өзге әріптестерінен ерекшеленіп тұратын эскорттықтар қауіпсіздік кепілі болумен қатар, арнайы дайын­дық сабақтарынан өту кезінде түрлі әдіс-тәсілді, маневрларды меңгереді. Мәселен, мотоцикл мінген төрт қызмет­кер қысқа шеңбер жасаса, қал­ғаны соның ішінде айналады. Оңға, солға айналып бұрылудың да өзіндік ережелері бар. Сонымен бірге берілген тапсырмаға байланыс­ты әртүрлі жылдамдықпен жүреді. Мыса­лы, төменгі жылдамдықта сағатына 4-5 шақырым жол жүреді. Ал кейде керісінше сағатына 120 шақырымды артқа тастап, жоғары жылдамдыққа көшеді. Олар бірде тоғыз, бірде он бір, енді бірде екеу болып та шығады. Он бір мотоцикл жүргенде екі жағында бес мотоциклден жол қозғалысын шектесе, ортасында біреуі жүреді. Жұмыстары­ның қызатын уақыты – жаз мезгілі.

Айрықша қызметке ие эскорт инспекторларының жұмыс барысы түрлі қызмет бағытымен тоғысып жатыр. Мәртебелі меймандардың жол қозғалысын реттейді және жол кедергілерінен шектейді, сонымен бірге олардың құрметке бөленіп, өздерін  «қадірлі  қонақ»  сезінулеріне  мүмкіндік  сыйлайды.

Гауһарай  ЕСІМОВА,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: