Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТАЛАП ЖОҚ ЖЕРДЕ ТӘРТІП ЖОҚ немесе мопед мінгендер мәселесі

07.05.2024, 11:20 106

Мопед тізгіндегендердің салғырттығынан елімізде былтыр жол апаттарының саны айтарлықтай артқан. Мәселен, 2023 жылы аталмыш көлік құралына қатысты  750 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 39 адам көз жұмып,  730 адам жарақат алған. Қаншама адамның өмірі мен денсаулығына орасан зардабы тиген қатынас құралына қатысты жауапкершілік көзделмеген. Осы олқылықты ретке келтіру мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ішкі істер министрлігімен бірігіп, жаңа заң жобасын талқылау үстінде.

Мәселенің мәнісіне айналған мопед­ке қатысты қолданыстағы заңнаманы ақтаратын болсақ, алды­мен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі мен Жол жүрісі қағидаларына мойын бұрамыз. Мопед жүргізушілері заң шеңберінен аттаған болса, Кодекстің 596, 612, 615-баптары бойынша әкімшілік жауап­кершілікке тартылады. Сондай-ақ 440-бап бойынша мопедті қоғамдық орында масаң күйде тізгіндегендерге бес айлық есептік көрсеткіш көле­мінде  айыппұл  салынады.

– Ал Жол жүрісі қағидалары бо­йынша бұл көлік құралын тек он алты жасқа толған адам басқаруға құқылы. Өткен жылдың тамызында енгізілген өзгеріске сай, мопед жүргізушілеріне велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. Тағы бір айта кететіні, мопед жүргізу­шілері рөлді бір қолымен ұстауына болмайды, көлік құралын қос қолдап басқаруы тиіс. Оларға жолаушылар мен ұзындығы мен ені 50 сантиметрден асатын жүктерді тасымалдауға болмайды. Сонымен қатар Жол жүрісі қағидаларының 171 және 172-тармақшасы бо­йынша жол жүрісін қамтамасыз етуге арналған басқа да ескертпелер бар. Жаңа заң жобасы аясында жауап­кершілікті арттыру негізінде біршама өзгеріс енгізілмек, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы  Ақтоты  Боранова.

Аға инспектордың айтуынша, жыл басталғалы бері республика бойынша жалпы 4000 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, соның 171-іне мопедшілердің қатысы бар. Үш айдың ішінде соның салдарынан бір адам қайтыс болса, 173 адам түрлі дене жарақатын алған. Салыстырмалы түрде өткен жылдың есепті мерзіміне қарағанда өсім байқалады. Бүгінде мопед жүргізушілері жол беретін заңбұзушылықтар бо­йынша Алматы қаласы алдыңғы орында тұр. Сәйкесінше, мұнда мопедшілер саны да жоғары. Мәселен, 171 жол-көлік оқиғасының 160-ы осы қалада болған. Одан кейінгі санат­та Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыс­тары тұр. Сөзімізді дәлелдей түссек, осыдан бес күн бұрын Алматы қаласында жоғары жылдамдықпен келе жатқан мопедші бағдаршамның қызыл белгісінен өтіп кетіп, тағы бір мопед­ке соқтығысқан. Одан соң LEXUS GX460 көлігіне қақтығысқан. Мопед сол бойда бөлшектерге бөлінген. Мопед жүргізуші басына шлем кимеген. Жедел жәрдем жеткенше мопед тізгініндегі 21 жастағы жігіт ауыр  жарақаттан  көз  жұмды.

Ал былтырғы статистикаға көз жүгіртс­ек, Алматы қаласы мен облысы көш бастаса, одан кейінгі орындарда  Астана  қаласы  мен Қызылорда облысы  мопедшілері  тәртіп  бұзған.

Мопедшілердің қаққан қазықтай болып, тәртіп бұзбауын қамтамасыз етуге арналған жауапкершілік қарас­тырылмаған. Қазіргі таңда Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депу­таттары дәл осы тақырыпты талқыға салуда. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляе­ваның баста­масымен осы мопедке қатысты мәселе көтері­ліп, бүгінде бұл тақырып жан-жақты  қарастырылып  жатыр.

Қолданыстағы заңға сәйкес, бүгін­де мопедтер тіркелмейді және оны тізгіндеу үшін жүргізуші куәлігі талап етілмейді. Алайда жаңа заң жобасы қабылданғаннан кейін бәрі бұрынғыдай болмайды. Ішкі істер министрі­нің орынбасары Игорь Лепе­ханың айтуынша, жаңа заң жоба­сының аясында мопедті «А1» санатындағы жүргізуші куәлігі барлар ғана жүргізе алады. Сондай-ақ Ішкі істер министрі­нің орынбасары түзетулер енгізілгеннен кейін мопед жүргізушілерінің қозғалыс тәртібі реттелетінін айтты. Сәйкесінше министр­лік еліміздегі мопедтерді тіркеп, тексеретінін  де  хабарлады.

– Тағы бір маңызды норма: әкімдер скутерлердің қызметін реттеуге өкілеттік алады. Олар өздерінің қосым­ша ережелерін белгілей алады, қайда қозғалуға болады, қайда жүре алмайды, олардың қозғалысына қай уақытта тыйым салу керек деген ережел­ерді өздері реттейді, – деді Игорь  Лепеха.

Айта кетерлігі, мопедке қатысты жол апатының саны соңғы 2-3 жылда күрт өсіп отыр. 2022 жылы елімізде мопед қатысқан жол апатының саны 2021 жылмен салыстырғанда үш жарым есеге жоғары болған. Тиісінше жараланған адамдар саны үш есеге артқан. Бұл бір жағы заңда талап жоқ болғандықтан, мопед жүргізушілерінің тайраңдауына әкеп соғып отыр. Мәселен, жуырда жолдан адам қағып, қашып кеткен атырау­лық  мопедшіні ұстаған тәртіп сақшыларының әрекеті түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде кең тара­ды. Мопедші жасөспірімді қағып кетіп, бой тасалауға тырысқан. Бейне­бақылау камераларының көмегімен мопед жүргізушісін тоқтату кезінде құқық бұзушы полиция қыз­меткерлерінің ескертуіне құлақ аспа­ған. Бірнеше көше қиылысынан соң, полиция қыз­меткерлерінің жолын кесуімен Атыраудағы Құрманғазы көшесі бойында тоқтатылған. Тексеру барысында мопедші мен оның қасындағы жолаушының 17 жастағы жасөспірім екені анықталды. Осы жағдай бойынша көлік құралы полиция басқармасына жеткізіліп, тиісті іс-құжаттар жинақталуда. Айта кетерлігі, полицейлер ұстаған мопедші де, оның серігі де ешқандай дене жара­қатын  алмаған.

Тұрғындар мен мамандар мопедшілерге қатысты жауапкершілікті қатаңдатуды көптен сұрап жүр. Бірақ заңда нақты белгіленбегендіктен, полицейлер оларды жазаға тарта алма­ды. Енді заң күшіне енсе, жолдағы жайсыздықтың  азаяры  сөзсіз.

Г.АМАНҒАЛИҚЫЗЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: