Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ЕГЕР ГАБРИЭЛЬ МАРКЕС АРАЛДА ТУСА, НЕ ДЕР ЕДІ?..»

19.01.2023, 10:40 361

Сайлаубай  ЖҰБАТЫРҰЛЫ:

Есімі қазақ көркемсөзінің қадірін білетін талғамы жоғары халыққа қадірлі де, қымбатты, қалың оқырманның сүйіспеншілігіне бөленген көптеген әңгіме-хикаяттардың, көркем эсселердің, «Абыржы» секілді тұрпаты бөлек трилогияның авторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Сайлаубай Жұбатырұлымен әңгімеміз көкейде жүрген көп ойдың жауабын берді. Жетпіс бестің асуынан асқан қаламгердің  қоғам, ұлт  әдебиеті  туралы ойларын  қаз-қалпында ұсынып  отырмыз.

– Сайлаубай аға, өмір балалық, жастықтың жарқын өрістерінен бастау алады. Мұнан арғы ой тереңдетулерге барар алдында, адамның болашақ мәуелерін айқындайтын, қалыптастыратын үміттер мезгіліндей, сонау өмір көктеміңізден сөз тартсақ…

– Иә,  көктем  жарқын үміттер кезеңі  ғой!

Адам «болашақ» деген «терра-инког­нитоға» қадам басарында, алдын­да мың тарау жол жатады. Өрістегі жемінің жүлгесін қуалап кете беретін бір санасыз жаратылым емес, адамда арман, жоспар, мақсат дегендер болады. Жақсылыққа талпынбайтын пенде жоқ. «Талапты ерге нұр жауар» – бір жақсы көретін мәтелім. Сол талпынысыңды тіршілік көп бұлғаққа салады. Ол – өмір. Әйтсе де, соның ішінде арман, мақсат күші – мықты қолдаушы. Талап, талпыныс керек. Бала кезіңде оқыған кітаптардың, шырайлы басылымдардың әсері сондай күшті, олар  өміріңе кететін құнар іспетті. Өз түсінігім солай. (Осы ретте, «бала­лар жазушысы, ақыны болу – жауапты міндет» деген, сәнге ғана айтылатын сөздің үлкен салмағы осында жатыр-ау деген ой тұрады көкейде). Солар және  ең бастысы, туған, өскен орта, Аралдың ғажа­йып қасиеттері мені осы күнге жеткізді-ау…

Біз қиян қиялдар, биік армандарға шақыратын  жерде  өстік.

Бала кезде оқыған кітаптар, идеал­дардың  бәріне  алғыстымын.

Мектеп бітірерде алтын медальға ұсынылдым. Мектептің ұйғарымын облыстағы көкелердің кесімі сүріндірді. Ұстаздардың не қадағалағанын қайдам, ал өзім сол кезде В.Чкалов атындағы Орынбор жоғары әскери авиациялық училищесінің (Ю.Гага­рин оқыған) курсанты жолында Арал әскери комиссариатымен екі арада сабылып жүргем. Аттестатта бар сабақтан «бес», ал қазақ тілі мен әдебиетінен облыс қойып жіберген баға  «үш» пен «төрт» болды. Тіл, әдебиет өмірінің мәніне айналған бұл жазушы-қаламгердің сол ілім­дегі жағдайы солай басталған. Қайдам, тамыр-таныстық, жер-көрге тарту деген сол кезде де бар ма еді?… «Бәрі дұрыс, данышпан Эйнштейн математикадан «екіге» оқыған! Пушкин нашар оқушы болған!» Бұл – маған ке­йін келген жұбату-ой… Ішірткі емес…

Балалық қой… Тау шағылып, талап қайту деген қаперде де болған жоқ… Мұнан тек, «үлкен өмір аяқтан шалудан  басталған екен» деген ой тумасын.

– Сіздің үлкен әдебиет табалдырығын аттау жолыңыз көп оқырманға таныс. Қазақ әдебиетіне романтизмнің өзіндік үлгісін әкелген жазушы ретінде танылдыңыз. Бұл бағытқа (әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге арналған хикаяттарыңызда) бет түзеуіңіздің сыры неде? Кеңес дәуірінде әдебиетте өктем тұрған «социалистік реализмнің» түпкі мәнін ерте түсінген соң одан іргені аулақ салу ма, әлде басқа себебі  бар  ма?

– Хикаялы, шиырлы сюжеттерді ұнаттым. Сонау алғаш қанатқақты дүнием «Алыстағы аралдар» сондай табиғатта туған. Онан ары, лирикалық ауанды «Жасыл сағым» повесін жаздым. Бұл да жаман қабылданбады. Тағы бір конкурс жүлдегері атанды. Тіпті, сонау Ұңғыз сырты Қарақұмындағы түркімен ағайын бұл повесть бойынша кино да түсірмекші болды… Сосын, алғашқы аты «Отты өткел», бірақ Зейнолла (Шүкіров) ағам кейін бір романына осы атауды қолай көріп, өзіне иемденіп алғасын, әлгі атын «Тамұқ төріндегі қазына» деп өзгерткен тағы бір хикялы повестке қалам салдым. Жұрт қызығып оқыды. Сосын, – ол кезде орыс тілі сән еді, – сондай мода ағымында орысша «Бумеранг» повесін  жаздым (1980 ж.).

Бұның бәрі авторлық жол таңдау, шығармашылық сынтасқа түсіп көру әрекеті еді… Әлгі, соцреализмге қарсы «бунт» дегеніңе айтарым: «Мен сондай әулие едім, соцреализмнің тайыз табиғатын ерте түсінгенмін» деген әулиеліктің реті жоқ. Кешегі өмірде өскен кім-кім де сол «шапаннан» шыққан. Бірақ онан біз өнеге ұстанып жүретін дүниелердің пәсі төменшік тартпаса керек. Себебі, қай «реализм», «басқаизм» болмасын, сөз, өнер нысаны – адам, адам жаны, адам болмысы. Міне, сол дегдарларды біздің шеберлер, сондай «..измнің» құрсауында жүріп-ақ, тереңіне бойлап, сөйлете алды деп ойлаймын. Сонау еркін әлем перзенттерімен шендесе алатын төл дүниелеріміз  солай  туған.

«Шаблон, стандарт, қалып» дегендер суқаным сүймейтін нәрселер. Олар еркін тынысты тарылтады, адамды қорғаншақ етеді. Мен әубастан олардан «қиыстау» жол таңдадым. Әлі  сол  жолдамын…

Айтпақшы, көп айтылмайтын «Жасыл сағым» повесімнің бірегей идеясы – Астана маңындағы жасыл желек түрінде жүзеге асқанын айта кетуіме  болады.

– Балаларға арналған хикаяттардан соң әңгіме жанрында керемет туындылар жасадыңыз. Әңгімелеріңіз сол кездегі өз тұстастарынан мүлдем оқшау ерекшелігімен әлі есте. Тіпті, арасында роман жүгін көтеретіндей астарлы да салмақты (мәселен, «Басазат» секілді) шығармалар болды. Шерхан Мұртаза секілді көрнекті тұлғалар сондай әңгімелеріңізді жоғары бағалады. Бірақ сіз шығармашылықтың осы бір кемел шағында Алматыны тастап, туып-өскен Сыр-Арал жағасына қоныс аудардыңыз. Осының сіздің қаламгерлік ғұмырыңызға  не  әсері  болды?

– Өткен ғасырдың 70-80-жылдары «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттерінде, «Жалын», «Білім және Еңбек», «Балдырған» журналдарында әңгімелерім жүйелі жарияланып тұрды. Жалпы оқырман ғана емес, қаламдас-әріптес ағаларым да сол туындыларға жылы қабақ танытып, сол іспетті дүниелердің «ертеңінен үлкен үміт күте» жүрді. Өкінішке қарай, сол жазғандардың біразы архивімде сақталмай, жоғалып кетіпті.

Мамандығым журналист болғасын, сол салада қисынды түрде тірлік еттім. Алғашқы қызмет орным Ф.Оңғарсынова басқаратын «Қазақ­стан пионері» газеті болды. Ол кезең неше түрлі ізденістер мен эксперименттер уақыт еді. Бұл туралы ақын апамыздың «Шашы ағарған қыз» кітабында қысқа,  бірақ  нұсқалы  сөз  бар.

Салмақты, сабақты публицистика деген кейінірек келді. Әсіресе, Арал, Сырдария, «Байқоңыр», жалпы Қазақстан экологиясы тақырыбы тым қордалы еді. Сол зілді мәселелер мәні әсер етті-ау, 80-жылдары Қазақ журналистикасындағы проблемалық мақала нұсқасына жол салып, тың үлгідегі сөзсаптауға бардым. Бұл проблемалық публицистика үлгісі болды. (Ш.Мұртаза ағаның пікірі. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1984 жыл). Тымырсықтау ахуалда сөз созып жүрген қазақ журналистикасы, кілт сілкініп, осы жаңалықты қызу іліп әкетті… Мұның арасында 20 жылдан астам тағы бір кезең болды. «Сөз өнерінің өзіндік бір Көктөбесіне көтерілдім ғой, енді осы мүмкіндікті үні-тілі жоқ, қорғансыздың күнін кешкен, тіпті, бәрінен тепкі көрген Арал жолына салсам қайтеді?» деген ой… 80-жылдар еді. Қайран Арал пенделер басына салған ақырет отының ортасында күйіп жатты. КСРО атты империяның қылышынан қан тамып тұрды. Түрлі қаулылармен тұмшаланған аса тыйымды тақырып еді. Тәуекелді, тіпті, болашақ көп өмір-жолды кесердей қатерлі талап болды. Кейінгі өмір-тағдырда солай болған  да  сияқты.

Кезбелік жағдайында, Аралдың елсіз жағалауы мен өлі ұлтанын адақтап кеттім. Арал мен үшін қасие­ті ұлық қария еді. Ата-баба алдында саналы бала әмәнда қарыз­дар. Мен Арал батасымен қанаттанған адаммын… Бұл сүркіл талап, өңеш-жалаңаш, 80-жылдан басталды, әлі созылып келеді. Шығарма­шылық қуаттың  мәйегі соның садағасында кетті. Әлі жансебіл жалғасып келе­ді. Бітетін түрі жоқ. Өйткені Арал әлі күнге сол ақырет отының орта­сында жатыр… Солайша, оқырман аға­йын, шамамен, 1980 жылдан жазушы С.Жұбатыровты «жоғалтып» алды-ау. Тіпті, әдебиет­ке кездейсоқ келіп қалған біреу секілді болдым ба?… Осы шашбаулы сірі көзқарас сонан жабысқан созылмалы сырқаттай әлі еріп жүр. Әйтсе де, солай өткен жылдар үшін өкінбеймін: Арал үні әлемге жетті. Теңіз қасіреті адамзат қайғысына айналды. Бүгінмен санағанда 33 жыл бойы шулата көтерген «Кіші Арал» жүзеге асып, нәпақасын ел көре бастады. Шүкір! Қолымнан келген біршама парызымды атқардым-ау деген сезім көңіл  түкпірінде…

Көркем тірлікте тууы мүмкін-ау деген дүниелердің біразы, сол,            20 жыл, онан да ұзақ бұру жолдың астында кетті. Көп ойлар іштегі шарана күйінде қалды. Олар енді қайтып тіріле қоймас. Қайран Аралым үшін мен сондай да шығынға бардым. Ортақұрсақ жүрсе де, өзін шығармашылыққа арнап, әдебиет, өнер жолдарында күндіз-түні алаңсыз бейнет кеше алған адамның бір бақыты  артық-ау  деп  ойлаймын.

Арал біздей байғұсты от пен суға салды ғой…

Астаналық достар: «елге неге кеттің?» деп сұрайды, ал бір балықшы інім: «аға, елге келгенің қандай жақсы болды!» деп ағынан жарылды. Шындық  осы  екеуінің арасында жатыр…

Ал шын талант (біз соның сана­тынан табыла алсақ!) қай жерде жүрсе де, талант қой. «Прописка» дегеннің кей марапат-сияпатта Қожа­насыр әпенденің ала шапаны сияқ­ты ғана мәнге ие… Орыс мәте­лі «с любимым и в шалаше рай» дейді. Шығармашылық  іңкәрлігі,  Дон-Кихот айтпақшы, сені «жұлдыз жарығы, гүлдер иісімен тойындырып, самал желмен сусындатады». Жаныңның бір бөлшегіндей дүние сондай іңкәрлікте туады… Әйтсе де, көкке ұшып кете алмайтын социум­ның бір бөлігісің – адамға пенде жағдайы керек, тұрмыс халі мәнді… Сый-сияпаттар да тартымды… Әрине, аштан өліп, көштен қалып жатқан біз жоқ. Жан қалауы – еркіндікте, Арал жағасы, ел табиғатының аясында жүру бұйырды маған… Бір қарағанға, социум мәселелері, тәжікелі орталардан жырақтау жүру болды… Әрине сонау «тәжікелі орталарда» өмір мүдделері, қоғам мәселелері, әріптестер жағдайы, одақ тағдыры үлкен тартыстарда шешіліп жатты. Ол күрделі коллизиялардағы жігіттер еңбегіне бас иемін. Ал, енді, өлі Арал ұлтаны да қыдырыстың жері  емес  еді…

– Елде жүрген жиырма жылға жуық уақытыңызды «Абыржы» трилогиясын жазуға арнадыңыз. Пішіні жағынан алсақ, үш кітаптан тұратын бұл романыңыз өзінің гибрид-болмысымен, соны да бөлекше сөз саптауымен, идеяны берудегі астарлы ишаратымен дараланып тұр. Бұл ұзақ жылғы ізденістің жемісі десек те прозада мұншама сонылыққа жету оңай емес. Үлкен бір бағыттың басында тұрған «Абыржының» осынша сәтті бітіп, талғампаз оқырманның көңілінен шығуы үшін сізге композициялық жағынан ерекше пішін табу маңызды болды ма, әлде қалыпты прозалық схематизмнен қашып, еркін баяндаудың үлгісін жасау ма?

– Апыр-ай, көркем әдебиет тура­лы түрлі іліми сөздерден қашатын едім… «Схематизм» ең ұнатпайтын нәрсем ғой. «Композицияның ерекше пішімі» дегенің де сонан шыққан болар… Мені жазу процесінен гөрі, жазу  алдындағы ойлар көп қинайды. Ең бастысы, бұл дүниеде айты­ла­тын  сөз – таптаурын құла-торы  баян емес, өкініштің, ай-қаптың, ашу-ызаның зығыр үні болуы керек дедім. Бір жағы өктемдік, бір жағы қорқақтықтың, немқұрайды бейтарап көңілдердің, бейшаралықтың құрбаны Арал алдымызда жатыр. Әлемде  баламасы, мысалы сирек құбы­лыс. (Жалпы, біздің көп тағдырымыз осы тамырлы-ау). Соған қалай келу керек? Арал жағасында туса, Уильям Фолкнер, Габриэль Маркес не дер еді, қалай ұқсатар еді мұны?..

Күндіз-түні, көптеген жылдар бойы жанымды жай таптырмай қамшылаған сұрақтар осылар. Кітаптың алғашқы нұсқалары тіпті күрделі шықты. Қанша от кешсең де, әсте-әстеде, өз ортаңның ақиқатынан алыс кете бермеген дұрыс екен. Сонан, кітапты көп көшірдім, көп өңдедім. Соның өзінде, күрде­лілігі әлі де көзге ұрып тұр. Тіпті, кітаптың техникалық әлпетінің өзі қалыпты қабылдауға қиындау. Бәрі сол алынған тақырыптың ауқымдылығынан, мәселенің салмағынан, міндеттің  үлкендігінен, шамасы…

Жалпы, «Абыржының» өзім біле­тін болмыс-бітімін бір сұхбат, бір мақалада қамти айту қиындау. Соңғы 4-5 жыл талдауларында бұл бағытта бірсыпыра  ойлар  тарқатылды.

Мына әсірепрагматикалық заманда табаны күректей үшем-кітап жазу – өзіндік бір донкихоттық болды. Қайтейін, басқа амалға бара алмадым… Өзің айтпақшы, бұл жазған «үлкен бір бағыттың басында» тұрған дүние болса, шүкірден басқа не айтам? Мұның қай «измге» жататынын сейіс көздер өздері танып, айтар. Мен өзім бұл жағын айта алмаймын. Құдай бәлсінуден сақтасын!… Осы күні әдебиет, өнерде «измдер» баршылық қой. Жалпы, уақыттың түрлі «измдерін» ескере отырып, жазушы өз дүниесінде өз «измін» жасай алса кәне! Әдебиетте бір «Америка ашу» тіпті де мақсат емес, бірақ көкей сөзің өзіңе ғана тән өз соқпағыңда оқырман жаны мен санасына жетіп жатса, ел алдында да, уақыт алдында да Сенің сөзіңнің айтылғаны. Еш заңға бас шұлғымай, бір туындыңның бітім-болмысында өзіндік заң жасау – намысты шығармашылық  жолы  сол.

Ал ойлы оқырман сенің «ойын» шартыңды түсініп, тіпті, қызыға қабылдайтын сияқты. Ендеше, сол оқырманды да күрделі ой-сана ағымына шақыру – бір жақсы талап. Ұйқылы көңілдерді сергіту, сілкінту – опалы тірлік… Мысалы, инквизиция мен күпірліктің жазасынан қашқақтап сөз саптауға мәжбүр болған ортағасырлық авторлардың көптеген жұмбақ-табиғат жазбалары, бүгін қарап отырсаңыз, тек қана сондайлық қорқыныштың амалы немесе оқырманды мәңгірте беру әрекеті емес. Ойлануға, терең пайым-ана­лиздерге шақыру немесе адамды ой тәрбиесіне, танымдық, эстетикалық, этикалық биіктерге жетелеу әрекеті сияқты көрінеді маған. Классикалық өлмес жауһарлардың бір кереметі сондай қасиеттерінде болар…

Оқырманға өкпелеу деген болмайды. «Менің идеям керемет. Оны оқымаса, қойсын. Өзіммен бірге алып кетем» деген ой – әлсіздің қыжылы. Жазуға деген іңкәрлікте мұндай  көңіл  болмайды.

– Кейінгі кездегі шығармаларыңыз эссеистика бағытында жазылып келе жатқанын байқап жүрмін. Мәселен, енді шыққалы жатқан «Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» кітабыңыз. Мұның біраз тараулары «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінде соңғы 20 жыл бедерінде жарияланып келеді. Бұл қалыпты прозалық шаблондардан бас тарту ма әлде ойды еркін болжамдармен берудің өзінше бір үлгісі ме?

– Жазу тірлігінің қызықтырып шақырар жолы көп. Сондықтан ба, жазушы-философ, жазушы-драматург деген ұғымдар қатарында жазу­шы-саясаткер, жазушы-тарихшы, жазушы-эколог, жазушы-саяхатшы деген сияқты анықтауыштар ешкімді таңқалдырмайды. Асылы, «үйкүшік» біреу болмаса, қаламгер көптеген құбы­лыстардың өткір жүзінде жүреді. Бәлкім, ол нысанды мәселеге тым тереңдеп бара алмас (бұл енді таласты жайт), бірақ өз қиял-ізде­ністерінде көп жайтқа жол ашады. Тарих  мұны  дәлелдеумен  келеді.

Леонардо да Винчи феномені тек ренессанс  құбылысы  емес.

Біз өзіміздің рухани-мәдени көкжиегімізді әуелі бірер ғасыр, сосын, «бес», «жеті» ғасыр, сосын түркі кезеңі­не кеңейту үдерісін кібіртіктеп бастап, бүгін ары дамытушы жұртпыз. Буырқанған әлем ой мен қырды қалдырмай аударып жатыр. Сол ұлы ағынға неге ат қоспасқа! Әсіресе, Ұлы Дала, Тұран сияқты әлемдік те, тарихи да феноменнің төрін иен жайлап жатқан жұрт болсақ! Керемет жаңалықтар әлде сенсация биіктері шақырып тұр. Соларға өз жолдарымызды тарту керек. Тек, мұндайда «еркіндіктің балалық ауруы» деген шетіндікке ұрынудан сақтасын!

Адамзаттың Қазық Жұрты – мына жатқан Қазықұрт, әлемдік философия атасы Заратуштра, Атажұрт-Ата­тілдің түбірлі тегі, әлем тілдеріндегі түркілік сарындар сияқты жайттар мені көп ойландырады, қызықтырып жүретін. Сол шақырулардан шыққан ойлар ғой. Шамамен, 2000 жылдың орта шенінен бермен қарай орталық басылымдарда жарияланып келеді. Байқаймын, сондай сабақты-салмақты бағыттарда айтылып жүрген пікірлер осы күні баршылық. Қайсысының салмағы қаншалық, негізі қандай – салыстыра бағамдау көр­сете жатар.

Әрине, бәрі де  жазушының беймаза ізденісінің  жемісі. «Жазушы» деген беймазаны бұл принципті мәселелерде ескертіңкіреп айтқан мақұл.

– Қаламгерлердің шығармашылық тағдырында қиянат-плагиат деген мысалдары кездеседі. Біреулер біреудің идеясын ұрлайды, кей шығармалардың қолжазбасы жоғалып кетіп, кейін оның басқа бір жақтан қылаң беруі байқалады немесе көп бейнеттен туған туындылар дер кезінде бағасын алмай, оның өңі өзгерген эпигондары өзге біреулердің жемісті-жеңісті еңбектеріне айналып жатады. Сіздің жолда ондай жағдайлар кездеспеді ме?

– Мына сұрағыңды ойлап қарасам, айтқаныңның бәрі де менің басымда болған жайттар сияқты. Ендеше, сөздің орайы келгенде, ойдағыны айтып тастаған да дұрыс болар, бұл жайттарды үн-түнсіз арқалап кетуде не мәніс?.. Өзім де бұрыннан шет-пұшпағын естіп жүретін едім, Фариза апамыз Оңғарсынова өзі қатысқан соңғы жазушылар құрылтайында мені арнайы әңгімеге тартып, шамасы, көкейде жүрген бір сырын айтты. «Сайлау, мен сырқаттанып жүрмін, мына бір жайтты өзіңе айтпай кеткенім дұрыс болмас: Қазақстан комсомолы мен «Жалын» альманағының сол бірінші бәйгесінде бар комиссия мүшесі сенің «Алыстағы аралдар» повесіңе бірінші орын беріп еді, ақсақалымыз Сапарғали Бегалин, жалғыз өзі, «бірінші орынды Т.Нұрмағанбетов­тың «Қош бол, атасына» бермесеңдер, мен сендерге риза емеспін» деп, «сақалын алға тартып», отырып алды. Амал жоқ, комиссия сол үлкеннің айтқанын істеуге мәжбүр болды. Жеңіс сенікі еді, бірақ нәтиже басқаша шықты, бұл шындықты біле жүргенің мақұл» деді. Мен апамызға рақмет айттым. Бұл туралы бір сыбыстар бұрыннан жететін, мен соны тіпті зерлеген емеспін, талай адал көңілдің бағын ашқан, 70-жылдардың «жыл келгендей жаңалығы» болған, Шерхан ағам айтпақшы, «сыбыр-сыпсыңсыз» өткен бәйгенің тазалығына, адалдығына сенімім кәміл еді. Әлі сол көңіл… Тек, осы  күні  астана  жақтан  келетін телефон-хабарларда, әлемжеліде әдебиет саласында соңғы кезде боп жатқан дабыралы істерде сонау күмәнді «баспалдақтан» басталған қадамның біреулер үшін өмір дәстүрі ме, тәсілі ме болып кеткенін ишара еткен сөздер көп. Әр істің негізі ойлантады… Иә, әркім әділет алдында жауапты. Оның нағыз сұрауы мүлдем басқа жақта болар…

Екінші: 1973 жылы Мәскеуге екі айлық іссапарға бардым. «Пио­нерская правда» газетінде маған қара­ған жұмыс та жоқ еді. Сонан, нағыз махаббат дегенді іздеген бір жас жігіт туралы повесті, сонау Мәс­кеу-қалада бір демде жазып тастадым. Аты есімде жоқ. Жас жігіт нағыз махаб­бат іздеп, от пен су кешеді, тіпті, сондай үміт ізінде сығандар арасына барады, бір-жар өлімнен қалады… Повесть моралі былай болатын: нағыз үлкен махаббат әйтеуір бір келеді, тек сен түңілме, адаспа, үмітіңді үзбе… Ол кезде қазіргідей компьютер деген жоқ, андағы машинкалардың бәрі орысша. Алматыға келгесін қолдан жазылған жалғыз дана дүниемді алып, «Жалын» альманағына жеттім. Проза бөлімінің бастығы Б.Нұржекеев еді. Жазушы сол жерде, «кассадан ұзамай» дегендей, сол шағын повесті бірден оқып шықты. Бұл ынталылықты мен түсінбедім… Сонымен, Аллаһу акбар, сол дүние солай кете барды, ия мен оны сұрамадым, ия ол жарық көрмеді, не бір хабары да келмеді. Ол кезде шамалы атақтың желімен желпініңкіреп жүрген аңғалдық бар еді. Шәмші ағамыздың «ертеңгісін үйден шыққанда, қолтығымда қыстырған бірнеше әндерім болады, бірақ сонан кейде түске шейін «Лениншіл жасқа» жете алмай, әндерімнің де қайда қалғанын білмей жүремін» дейтін гәбі біздің де баста болып тұратын жайттар еді. (Сондай хабарсыз кеткен дүниелер есебін жүргізген емеспін). Сонымен, сол повесть – бүгінге шейін мен үшін жұмбаққа жұтылған дүние. Бірақ бір жайтқа кейінірек мән бердім: сонан көп ұзамай, сол 70-жылдардың орта шенінде Б.Нұржекеевтің «Бір ғана махаббат» атты кітабы шықты. Әлгі повесімнің аты сол емес пе еді деген ой жүрді біраз көңілімде. Біраздан соң ол ой да ұмытылды. Ол кісімен біз өмірде мүлдем қатысқан адамдар емеспіз… Ол автор сонан бастап қазақ әдебиетіндегі махаббат-жетік автор­ға  аталды…

Енді, мына әдеби тірліктерде «Абыржы» сияқты етек-жеңі кеңдеу дүниеден де жырымшылау бар деседі. Соның бәрін аңдап-бағамдауға осы  күні  уақыт  та  жоқ…

Эпигон деген плагиаттың бір ұрқыны деп ойлаймын, былайша айтқанда, ол да бір өзінше «шеберлік мектебі» сияқты. Ол бүгін соншама қарабайыр емес, заманына сай жетіліп, «қуланып» алған. Мысалы, сен бір заманда өз қанаңнан шыққан баланың таныс белгілерін өзгеден көріп тұрасың, бірақ ол солай деп дәлелдеу қиын. Мейлінше иленген (өңделген), «киіндірілген» бауыр етіңді өзімдікі  деп  айта да алмай­сың. Даукес,  рухани  кембағал  біреу­ге  айналуың мүмкін. Мен ең жек көретін  адами   кінәраттың  бірі  бұл…

– Сөз соңында бүгінгі қазақ прозасы туралы ойларыңызды білгіміз келеді. Қандай жас, жасамыс жазушылардың шығармаларын оқып, нендей пікір түйдіңіз? Әдебиеттің бүгінгі бағытында қандай жетістіктер, соны бағыт, ерекше ізденістер көзіңізге түсті ме?

– Ізденістер бар. Жастардың көбісінің аттары есте қала бермейді… Бірақ көңіліңді елең еткізер соны дүние­лер бірінші сөйлемінен-ақ көз тартып сала береді. Олар үшін қазір замана көктемі ғой. Көп мүмкіндік бар… Осы жерде, жас талапқа қатысты бір ойды орайлай кетейін: (көркем әдебиетке тікелей қатысы болмаса да, бейнелі мысал) атақты П.Пикассоның сурет салу үдерісімен танысу реті келді. Испандықтар зәңгі тұқымына әуес ел ғой, суретші, әуелі, он екі мүшесі түгел бұқаны бейнелейді. Портреттік шыншылдығы Ренессанс жауһарынан бір де кем емес. Бірақ, бірер апта өткенде, әлгінің бас-аяғы күзеліп, сол зәңгі түлігі  кәдімгі  инелікке ұқсай бастайды, ақыр соңында, әжептәуір бұқадан бір-жар сызықтар ғана қалады. Пикас­со  абстракциясына  «жол осылай түседі». Бұның мән-моралі былай: болмысты портреттік қабылдау – примитив көзқарас, ал ойлы адам оның ең мәнді детальдерін ұғынып, «ұстайды». Сөйткенде, адам абстракциялы ойлау, биік рухани, интеллектуалды таным деңгейінде болмақ. Интеллектуалды кемелдікке шақырудың бір жолы осы іспетті. Адам жанын толғандыру, адамды ойландыру – қай туындының да биік миссиясы… Жаңа шығармаларда кешегі қаз-қалпындағы баяндаулардан гөрі, астар айтары терең, көкей ойдың көркем мәнділігін ұғыну бар. Жас авторлар жиірек баратын символизм – осының бір көрінісі. Ойлылыққа шақыру, интеллект, эстетика дегдарлығы бүгінгі біз үшін ауадай қажет. Қарау бар да – көру бар,  тыңдау бар да – есту бар, оқу бар да – тоқу  бар… Соңғылары  мәнді…

Қапелімде аттары еске түспей тұрғаны, болмаса әдебиет жолында маңдайдан тер бұршақтатып жүрген бірталай іні-қарындас бар. Солардың арасында өзінің ізденісімен дараланып көзге түсіп жүрген Бегабат Ұзақов інімізді айта кету ләзім. Оның соңғы прозалық кітабындағы он бес әңгімесі қазақ өмірінің соңғы жарты ғасырын қамтып, біздің рухани әлемімізде болып жатқан жақсылық пен жамандықтың, аярлық пен адалдықтың, шынайы бәсеке мен көрсоқыр қызғаныштың егесіне сан тараптан назар аудартып, соның астарына үңілтеді. Ең бастысы, оның жазу тәсілі мен суреттеген өмір сыры өзгеше, соны. Тіпті, архетип кейіпкерлер жасаудың биігінен көрінген.

Ал «жасамыс» дегенің – қатарын мына біз де көбейтіп жүрген қарам болар? Аруақты аталар рухтарынан кешірім сұраймын, жаңа тарихымыздың көшін тарихи романдармен біраз қыр асырдық. Бірақ «жасамыс­тар» жаңа өмір шындығына көп тіс­тері бата алмай жүр. Мәселе жаңа өмірдің артық-кемісінде емес, сол толқындар арасындағы адам жаны, адамдар тағдырында. Ал өз заманының сырын тамыршыдай тап басып, бүгінді өткенмен  астастырып тамаша туындылардың иесі атанған шебер­лердің уақтысында лайық бағасын ала алмай қалуы да әділетсіздік. Әйтпе­се, қазақ прозасында үлкен орны бар прозашы М.Қаназ­дың шығармашылығы туралы бірен-саран  пікірлер  болғанымен әділ талдау жасалмай, сол күйінде арғы ғасырдан  бергі ғасырға өтіп, кешеге  дейін  бағаланбай келуі өрес­кел  кемшілік.

Біздің қатардан кеше өтіп кеткен М.Қабанбай, М.Асылғазин, Төлеухан (тегін ұмыттым), Қадырқұл (тегін  ұмыттым), Ж.Кәттебеков сияқты феномендер – жанбай жатып сөнген жұлдыздар еді. Мен өзіндік өзгеше үні бар талант тобын айтып отырмын. Еңбегі еш бағаланбай кеткен Жанат Ахмадидің орны бір бөлек… Дей келгенде, әдебиет үшін төккен адал тер ешқашан далаға кеткен емес.

– Салиқалы  сұхбатыңызға рақмет, аға!

Сұхбаттасқан  Ахмет ӨМІРЗАҚ.

«Түркістан»  газеті.

13 қаңтар, 2023 жыл

Пікірлер:
  • «Túrkistan» газетіне басылып, turkistan.kz cайтына шыққан сұқбатымды өздеріне жариялап, жақсы әңгіменің өрісін кеңейтіп отырған halyqline.kz cайтына ризашылығымды білдіремін. Қазақтың көрнекті жазушысы Сайлаубай Жұбатырұлы секілді білгір қаламгердің айтары көп. Тек соны жалпыға ретімен жеткізіп отыру бәріміздің ортақ мүддемізге айнала бергей!
    Шынайы әріптестік көңілден алғыс білдіремін.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: