Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бағаны қолдан ұстап тұру үлкен жарылысқа әкелуі мүмкін

24.02.2022, 10:00 551

Мақсат  ХАЛЫҚ,

UIB  бизнес  мектебінің  директоры,  экономист:

ХАЛЫҚ   ТЕҢГЕГЕ   СЕНІП   ОТЫРҒАН   ЖОҚ

«ХАЛЫҚ»: Еліміздегі үй бағасы өз құнына лайық па?

Мақсат  ХАЛЫҚ: Еліміздегі үй бағасы өз құнына лайық деп есептемеймін. Қазір жаңадан салынып жатқан үйлердің мейлінше қымбат болатыны сөзсіз. Өйткені құрылыс материалдары қатты қымбаттады, одан бөлек жұмысшылардың да жалақысын көтеру керек. Құрылыс саласында жүрген 640 мыңнан астам адам бар екен, отбасын асырап жүрген олар да табысының артқанын қалайды. Осы тұрғыдан келгенде, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің бағасы қымбатырақ болады. Ал енді екінші мәселе бар, бұрын 70-жылдары салынған үйлердің бағасы жаңа үйлермен пара-пар. Олай болмауы керек ғой. Нақты айт­қанда, бұл жерде көпіршік бар, ертеңгі күні ол жарылуы мүмкін, ондай қауіп те бар. Олар қатты қымбат­тамауы керек, демек бұл жерде алып­сатарлар, бағаны көтеріп сатқысы келетіндер бар. Мемлекеттік бағдарламалар да осындай үйлердің бағасын өсірген. Мысалы, «Алматы жастары», «Елорда жастары», «Шымкент жастары» деген бағдарламалар керісінше тұрғын үйдің екінші нарық­тағы бағасының өсуіне ықпал еткен. Билік халыққа жағдай жасағысы келді, жастарды ойлады. Бірақ бұл жерде мәселе бар, ең алғаш жастар бағдарламасы қабылданған кезде нарыққа бір мезгілде мың адам шықты да, сол кезде бар-жоғы 300-ақ ұсыныс болған. Әрине, ол сұранысты қатты арттырды, төлем қабілетті адамдар пайда болды, 13 млн теңгеге дейін берілді. Сол кезде Алматыдағы бір бөлмелі пәтердің бағасы 10 млн теңгенің шамасында болатын. Нәтижесінде сондай мүмкіндікті көріп тұрған ұсынушылар бірден үйдің бағасын 14 млн теңгеге көтерді. Қазір ол шек 17 млн теңгеге көтерілді. Енді бүгінде бір бөлмелі пәтерлер 18 млн теңгеден сатылады. Көрдіңіз бе, демек, мұндай мемлекеттік бағдарламалар белгілі бір дәрежеде үйдің бағасын қымбаттатып жіберуге әсерін тигізеді. Сондықтан мемлекет бұл жерде барынша құрылыс компанияларына қолайлы жағдай жасап, жаңа компаниялардың келуі­не ықпал етсе, неғұрлым көп компания болған сайын соғұрлым нарықта көп үйлер салынатын болады. Ол өз кезегінде халық үшін де тиімді, баспана кезегінде тұрғандар жаңа үйлер алуға мүмкіндігі артады. Арнайы тұрғын үй бағдарламасы қабылданып жатса, құрылыс компанияларымен келісім жасап, жаңа тұрғын үйлерден пәтер беру жағын қарастыру керек. Сол кезде халыққа қолжетімділік болады, құрылыс процесі жүреді, жаңа жұмыс орындары, экономикада да өсім  пайда  болады.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бар ғой деп айту­шылар бар. Бірақ бұл шектеулі болып тұр, егер де кең көлемде болып жатса, азаматтар басқа бағдарлама сұрамайтын еді. Әрі ипотекалық пайызы да жоғары, сол үшін банктердің пайызын түсіруге жұмыс істеу керек. Ал ол жұмыстар жүреді, қай кезде? Елімізде инфляция төмендеген кезде. Инфля­ция  жоғары  болғандықтан, банктер пайы­зын төмен түсірмейді. Амал жоқ, мемлекет арнайы  бағдарлама  жасауға мәжбүр. Қазір ұлттық банктің бекіткен базалық пайыз мөлшері 10,25 пайыз деңгейінде, одан төмен ипотекалық несие болуы мүмкін емес. Өйткені екінші деңгейлі  банктер ұлттық банктен несие алса, 10,25 па­йызбен  алады. Олар халыққа өлсе де одан төмен пайызбен несие бермейді. Маған «неге, «7-20-25 ипотекалық бағдарламасы» 7 пайызбен, басқа да әлеуметтік бағытта 2 пайызбен беріп жатқан бағдарламалар бар ғой» деп айтуы мүмкін. Мұның бәрі мемлекеттің бюджеттік қаржысымен жүзеге асып жатыр, өткен жылы 390 млрд теңге бөлген болатын. Оны банктерге береді. Не үшін береді? Негізінде банктер несиені 12-14 пайызбен беру керек, мысалы мемлекеттік бағдарламамен төменгі 7 пайызбен берді дейік, қалған үстіндегі 7 пайыз шығынын мемлекеттің есебінен жауып отыр. Ол қашанға дейін созылады? Осылай жасай беруге үкімет бюджетінің мүмкіндігі кең бе? Оны жүйелеу керек, елдегі инфляцияны тежеп, инфляциялық таргеттеу саясаты арқылы 3-4 па­йыз дәрежеде инфляцияға қол жеткізілсе, онда базалық мөлшерін де 5 пайызға дейін түсіруге бола­ды. Сонда 6-7 пайыздық ипотекалық несиені кез келген банк беретін болады. Арнайы бағдарламаның да керегі болмай қалады. Мемлекет те артық шығындалмайды. Банктерді артық қаржыландырмайтын болады. Сонда нарықтың заңдары орындала  бастайды.

Тұрғын үй нарығына байланысты құрылыс компаниялары көбіне «біз жер телімін сатып алғанда бағалық құнын есептеуде, мақсатты бағытын өзгерткенде көп шығынға ұшыраймыз» дегенді айтады. Котлованды қазу процесінен бастап үйді эксплуатацияға бергенге дейін кейбір нормативтік құжаттар алумен жүреді. Ол жұмыс процесін тежейді, нәтижесінде жобаны өткізудің өзі ұзаққа созылады. Уақыт өткен сайын құрылыс компаниясының  шығындары да арта береді. Әрине, олар бұл шығынның бәрін тұрғын үйдің шаршы метрінің шығынына қосады. Сондықтан да бюрократиялық кедергілерді жойып, Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осы мәселелерді жеңілдетіп берсе, тұрғын үйдің бағасы біршама реттелер еді. Қазір «Е-құрылыс» деген платформа құрылып жатыр, компаниялар құрылыс материалдарын делдалсыз сатып алады дегенді  айтып  отыр.  Үміт бар, оны алдағы  уақытта  көреміз.

Құрылыс саласында тұрғын үй бағасының қымбаттауының тағы бір себебі, біздің импортқа тәуелділігіміз. Елде қарапайым арматураның жетіспеуінен шетелден, оның ішінде Ресейден тасымалдау көп. Былтыр ол екі есе қымбат бағамен келді. Импортқа тәуелділіктен құтылу керек. Мысалы, Теміртау қаласында металлургиялық зауытта өте көп көлемде арматура шығарылады, бірақ олар ішкі нарықтан гөрі экспортқа жібереді. Міне, осындай процестердің өзі қадағалануы керек, отандық дүниені ішкі нарықты қанағаттандырғаннан кейін барып шетелге шығару керек. Ал, шын мәнінде, біздегі құрылыс материалының сапасы нашар болып жатса, оның сапасын арттыруға көңіл бөлген жөн. Кезінде өзімізді құрылыс материалмен 70 пайыз өз өнімімізбен қамтамасыз етеміз деген сөз болған, қазір 40 пайыз ғана болып қалған. Шетелден қымбат келген тауарлардың кесірінен тұрғын үй бағасының шарықтауына да әсер етеді.

«ХАЛЫҚ»: Теңгеміз тегеурінді ме?

Мақсат  ХАЛЫҚ: Теңгемізге әсер ететін бірнеше фактор бар. Сыртқы және ішкі факторлар. Сыртқы факторлар бұл, әрине, мұнай бағасы, геосаяси, мысалы Ресей мен Украина арасында болып жатқан жағдай, олар да жанама әсер етеді. Ресей рублінің өзі, АҚШ-тың федералды реттеу жүйесі бар, солардың доллардың кілтті пайызын көтеруі немесе түсіруі – негізгі сыртқы факторлар. Бұл жағдайлар қалай әсерін тигізуі мүмкін? Қазір мұнай нарығында бағаның өсуі байқалады. Әлемде пандемиядан кейін экономика жандана бастады, осы тұрғыда ресурс тапшылығы сезіліп жатыр. Өндірісті кеңейтейін десе, минералды ресурс­тар жетіспейді. Сондықтан мұнайдың бағасы барреліне 100 доллардан асуы мүмкін. Бұл ұзаққа созылмауы да, созылуы да мүмкін. Кеше «омикрон» штамының таралуы қауіп төндірген. Сол кезде мұнай бағасы аса шарықтамай, тұрақты болып тұрды. Сол уақытта теңгеміз біраз құнсыз­дана  бастаған еді. Соңғы үш айлықта Ұлттық банк теңгемізді қолдан ұстап тұру үшін интервенция (өктемділік саясаты. – ред.) жасағаны бар. Артық тапшы болып тұрған доллардың бәрін алтын валюталық резервтен алып құйып жатыр. Егер де мұнай бағасы барреліне 100 доллардың үстіне шықса, онда мейлінше теңгеміздің тұрақтылығы сақталады деуге негіз бар. Ал сыртқы фактордың бірі Ресей мен НАТО арасындағы текетіресте теріскей көршіге санкциялар салынып, жағдай қиындап, Ресей рублі құнсызданатын болса, теңгемізге де өз әсерін тигізуі мүмкін. АҚШ-тың федералды реттеу жүйесінің төрағасы Джером Пауэлл наурыздан бастап доллардың құнын арттырамын дейді. Осы уақытқа дейін жеңілдетілген ақша саясатын жүргізіп келді, енді бірте-бірте қатаң­дататын болады. Егер бұл жағдай орын алатын болса, доллар күшейеді, бүкіл әлем елдері долларға қатысты әлсірейді, әсіресе дамушы елдердің валютасы. Неге? Өйткені, доллардың кілтті пайыздық мөлшерлемесі артатын болса, онда жалпы Америкадағы құнды қағаздардың пайызы өседі, әлемдік инвесторлар тәуекел етіп Қазақ­стан сияқты елдерге инвестиция құйғаннан, оп-оңай Американың құнды қағаздарын ұстап отыра­йын деген шешімге келеді. Сөйтіп бізде капитал ағыны,  доллар тапшылығы пайда болады, салдары­нан теңге  әлсіреуі  мүмкін  деген  болжам   бар.

Ал енді ішкі себептерге келсек, интервенция арқылы Ұлттық банк президенттің валюталық тұрақтылық болсын деген тапсырмасымен теңгені мейлінше күшпен ұстап отыр. Егер де мұнай бағасы қатты көтерілмей, геосаяси жағдай шие­ленісіп, рубль құласа, доллар күшін арттырып жатса, сөз жоқ, теңгеміз құнсызданатын болады. Интервенция арқылы көп уақыт ұстап тұру мүмкін емес, алтын-валюта қорында ақша көп емес. Ұлттық қордың ақшасын ол жаққа жұмсай алмаймыз. Екінші мәселе бар, ол – жалпы халықтың теңгеге деген сенімі. Соңғы айларда долларды сатып алу көрсеткіші артты, халықтың өзі теңгеге сеніп отырған жоқ. Бұл жағдайлар жақсы емес, теңгеге қысым түсіреді. Және де төлем балансы деген бар, импорт мен экспорттың айырмасы. Біздің әлемге сатып отырғанымыздан сатып алып жатқанымыз көп болып тұр. Бұл да теңгемізге салмақ түсіреді. Егер де импортқа тәуелділіктен арылмасақ, өндірісімізді дамытпасақ, теңгеміз күшінде  болмайды. Мәселе – осында.

«ХАЛЫҚ»: Ал импортқа тәуелділікті қалай  азайтамыз?

Мақсат  ХАЛЫҚ:  Әрине, алдымен өзіміздің ішкі өндірісімізді дамыту мәселесі тұр. Бірақ біз бір мәселені түсініп алуымыз керек. Әлемде қазіргі айфон сияқты дүниелерді, соңғы үлгідегі компьютерлік технологияларды шығара алмаймыз. «Tesla» сияқты болашақтың машиналарын да жасай алмаймыз. Өзіміз не шығара аламыз, соны айқындап алу керек. Сырттан импорттық болып келетін тауарлардың тізімін қарап, соның толық картасын жасап, өзімізде өндіре алатын тауарлар­дың тізімін жасау керек. Соған басымдық беріп, ішкі нарықты сол тауарлармен қамтамасыз етуге үлес қосу қажет. Сол кезде ішкі нарықтағы қамтамасыз ету процесін қолға аламыз, импортқа тәуелділіктен арыламыз. Әрине, толық кете алмаймыз, кейбір тауарларды өзімізде жасай алмаймыз, шетел­ден аламыз. Әсіресе, техника, технологиялық салаларда көбірек сырттан тасымалдаймыз. Сондықтан да оның орнын алмастыратын дүниелер болуы керек. Шетелге не сатып отырмыз? Мұнай мен газ, тау-кен саласында металл, осы екі өнім экспортымыздың 85 пайызға жуық үлесін қамтиды. Қалған сыртқа шығарып отырғанымыз химия саласында, ауыл шаруа­шылығы өнімдері аз ғана пайызды құрайды. Шетелге шығаратын өніміміз шикізат ғана емес, аралық өнімге дейін жеткізіп, сөйтіп өткізу мәселесін қолға алу керек. Құн қосып, өңдеуден өткізіп, дайын өнім сатпасақ та, аралық өнімге дейін жеткізіп сатсақ, сонда ғана көбірек табысқа қол жеткізе аламыз. Ауыл шаруа­шылығына да көңіл бөлу мәселесі өте өзекті, ол туралы жиі айтылып жүр. Алдымен ауылшаруа­шылық өнімдерімен өз халқымызды толғымен қамтамасыз етуіміз керек. Артылғанын шетелге шығарған жөн. Енді екінші мәселе бар, ол ауыл шаруашылығы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мұның  өзі  үлкен  жетістік.

Тағы бір айта кететін жайт, «Teslaның» өзін шығара алмасақ та, оның батарейкасын бізде жасаудың мүмкіндігі бар. Соны идеалды түрде өзімізде жасауға қол жеткізсек, болашақ машинасының батарейкасын Қазақстаннан қамтамасыз ететін болса, оның өзі үлкен жетістік болар еді. Сондай қосалқы бөлшектерін идеалды формада бізде жасап, тасымалдау жағын қарастыру керек. Илон Масктің өзімімен келісім жасау керек. Одан кейін Қазақстан экономикасына пайда әкелетін қарапайым бір мәселе бар. Ол – логистика мәселесі, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізі. Қытайдың бұл жерде үлкен мүддесі бар, Еуропа да бұған жақсы қарап отыр. Тауарды құрлықпен тасымалдау уақытты әлдеқайда үнемдеп, жылдам жеткізеді, экономикалық жағынан тиімділігі жоғары. Әрине, ол жерде кеден алымдарын көтеруге асықпауымыз керек. Екі жақты қамтамасыз ететін өткелді қалыптастырған дұрыс. Сосын оны біртіндеп өсірсек те, экономикамызға түк ештеңе істемей-ақ, транзиттік ел болғанымыздың өзі ғана біраз  табыс  алып  келер  еді.

«ХАЛЫҚ»:  Соңғы сауал болсын, ел табысын қалай арттыруға болады?

Мақсат  ХАЛЫҚ: Өте орынды сауал. Бұл тура­лы көп ұсыныс айтып жүрмін. Өткенде Ұлттық экономика министрлігі жұмыс тобын құрып, ойыңызды айтыңызшы деп шақырды. Мен осы мәселеге тоқталдым. Жиі айтып жүрген ұсыны­сым, бірінші кезекте халықтың ең төменгі күн­көріс шегін арттыру керек. Бүгінде ең төменгі күнкөріс шегі – 36 мың теңге, осы ақшаға бір адам бір айда өмір сүре алады деп есептелген. Тағам­тану академиясы мен Ұлттық экономика министр­лігі  бірігіп  жасаған жобасына қарасаңыз, ол жерде үш күндік тамағы мен керек-жара­ғы, витамин­дерімен  қосып  есептеп қойған ғой. Соның бәрі осы 36 мың теңгеге сияды екен. Бұл күлкілі жағдай. Оған әлгі заттардың ешқайсысы да келмейді, ол ақша ештеңеге де жетпейді. Сондықтан да бұл мәселені кешенді түрде қару керек. Есептеу жүйесінде тұтынушылық кәрзеңкесі бар, соған байламау керек деп ойлаймын. Бұл кеңес жүйе­сінен  қалған  әдістеме,  одан біз бас тартуымыз керек. Ол жерде 40 шақты тауар бар, соңғы рет 2006 жылы өзгертілген. Сосын 2018 жылы қайта қарас­тырылды да, сол 43 тауарды қалдыр­ған. Мына көрші Ресейдің өзінде 150 тауар, Еуро­пада ол 250 тауардан басталады, ал дамыған елдерде 600-700 тауарға дейін барады. Тіпті Ұлыбританияда тұтынушылық себетке аққайнардың өзін енгізіп қойған. Ал бізде тек ғана әлеуметтік маңызы бар тауарлар, негізінен азық-түлік тауарлары енгізілген. Сондықтан да менің ұсынысым, алдымен орташа жалақыны есептеп алу керек, Қазақстанда ол 256 мың теңге болған, шынын айт­қанда, президент мұны қатты сынады. Неге олай өтірік есептейсіңдер деп. Менің ойымша, арифметикалық орташа айлық есептеп шығару дұрыс емес, өйткені бір адам миллион теңге, енді бірі жүз мың теңге алады. Есептеудің жаңаша әдістері бар, медиандық орташа табысты анықтау әдісін қолданайық деймін. Орташа медиандық табысқа қарасақ, 2021 жылы орташа жалақы 157 мың теңге болыпты. Бұл жерде халықтың көп бөлігі қандай табыс  табады, содан орташа жалақыны шыға­рады. Ресейде осы тәжірибені енгізіп жатыр екен, 44,2  пайызын алады да, ең төменгі  күнкөріс шегін  бекітеді.  Біз де тура солай алатын болсақ, ол 70 мың теңгенің маңайы болады. Сонда елімізде ең төменгі күнкөріс шегі 70 мың теңге болуы керек ғой. Одан төмен табыс табатын адамдардың бәрін кедей адам деп тану керек. Онда бізде кедейлердің саны артып кетеді. Ол кезде оның бәріне мемлекет АӘК төлеуі керек, оған мүмкіндігі жете ме? Меніңше, оған қарамау керек, жетпей ме, төлеу керек. Болмаса,  халықтың  табысын  арттыру  қажет.

Ал енді бізде ең төменгі жалақы 60 мың теңге болып тұр, оның өзі аз. Дамыған елдерде орташа медиандық жалақының 50 пайызын алады екен, ал алдыңғы қатарлы елдерде  60 пайызын алатын мемлекеттер бар екен. Бірақ біз 50 пайызын алғанның өзінде әлгі 157 мың теңгенің жартысы 78500 теңге болады. Демек, осы 78500 теңгені ең төменгі жалақы ретінде бекіту керек. Одан төмен беріл­меуі керек, сонда аула сыпыратын, техника­лық қызметкерлер, күзетші болып істейтін кісі­лердің жалақысы жоқ дегенде 80 мың теңгеге жақындаса, көпшіліктің жалақысы 100 мың теңгенің үстіне көтеріледі. Мінеки, осы процестерді қолданатын болсақ, халықтың көп бөлігінің табы­сы артады деп ойлаймын. Ал мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақысын мақсатты үш жылға пайыздап өсіріп жатыр ғой, қалған азаматтардың жалақысын өсіру мәселесін қолға алу керек. Әрине, мұның бәрі бірден жүзеге аспайды. Соңғы бес жылда халықтың табысы өспеген, кейінгі екі жылда аздап көтерілгенімен, оны инфляция «жеп қойды». Сол үшін инфляцияны ауыздықтап, халықтың табысын арттыруымыз керек. Сонда ғана теңгерімділік болып, халықтың төлем қабілеті, өмір сүру сапасы жақсарады. Бұл процесс жүзеге асқанша, екінші жағынан көмектесуге болады. Ол фискалдық, салық  жағынан  босатқан  дұрыс. Қиналып жүрген көп отбасыны салықтан босатып, прогрессивті шкаланы енгізіп, 100 мың теңгеден төмен табысы бар азаматтардан табыс салығы ұсталмағаны жөн. Әзірге салықтық жеңілдіктер жасасақ, сонда халықтың қиын жағдайы, шиеленісі реттеледі деп есептеймін. Сосын шағын және орта бизнеске барынша көңіл бөлініп, жаңа жобалар жасап, бизнес ашуға мүмкіндіктер жасалса, іскерлік белсенділік жанданып, жұмыс орны ашылып, экономикада өсімге қол жеткіземіз деп есептеймін.

«ХАЛЫҚ»: Алтындай уақытыңызды бөліп, ашық  әңгімелескеніңізге  көп  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Нұржан  ӘБЖАНҰЛЫ

(Соңы. Басы  өткен  санда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: