Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ашылмаған құпия көп

30.05.2024, 11:40 1011

Бақытжан  АХМЕТБЕК:

Сұм замандағы сұрқия саясаттың салдары қазақ халқына оңай тиген жоқ. Сол уақытта қабылданған қарар-бұйрық бастағы бақты ұшырып, қолдағы байлықты тартып алды. Әйтпесе, төрт түлігін сайлаған шаруаның тыныштығы бұзыла ма? Халықтың тең жартысы аштан қырылғанын тарих өзі безбендеп берді. Ал ұлт үшін ұйысып, халық халіне, ел келешегіне алаңдаған Алаш азаматтарының тағдыры азапты трагедияға айналды.  31 мамыр –  Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Нақақтан-нақақ жала жабылып, өмірі ойран болғандарды ақтай алдық па? Бұл туралы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссия мүшесі Бақытжан Ахметбекпен әңгіме өрбіткен  едік.

– Өткен іске баға беріп, терең талдау жүргізу жеңіл іс емес. Шаң басқан архивті ақтарып, том-том тарих бетін парақтау сізге қалай әсер етті? Зерттеу ісінде ойды онға, сананы сан-саққа  бөлген  жайттар  кездесті  ме?

– Саяси қуғын-сүргіннің өткеніне де  90 жылдан аса уақыт болды. Сондықтан тарих таспасындағы әр оқиғаның себеп-салдарын анықтау, өткенге көз жүгірту маңызды. Осы мақсатта қаншама құжатты қарап, тың дерекпен де таныс болдық. 1928 жылғы ірі байлардың шаруашылықтарын кәмпескелеу Сыр бойында да жүзеге асқаны туралы құжат­тар кездесті. Сондай-ақ, 1930 жылы Қызыл­орда  облысында  Кеңес  Одағына  қарсы  ірі  5  көтеріліс  болды. Қазақстанда  барлығы  372 көтеріліс болды десек, соның ішінде ең ірісі – Сыр бойындағы Қарақұм көтерілісі. Яғни, Қармақшы және Терең­өзек аудандарының жерінде молда Жұма­ғазы Бәйімбетұлы мен Қожбан хан Жұбанұлы басқарған көтеріліс еді. Шөмекей руынан шыққан Пірмағамбет Лаубаев та – көтеріліс басшысының бірі, азаттыққа ұмтылған азамат. Сондай-ақ, Қожбан хан Жұбанұлы ірі жасақпен елге қызмет еткен.  Көтеріліс желтоқсан айына дейін жалғасты. Деректерге сүйенсек, бұл кісінің 26 мергені болған деседі. Өз жасағында болған өзге мергендер қайтыс болды, енді бірі сотталды. Тарихта есімдері қалды. Сондай-ақ, Жалағаш, Қармақшы аудандарында сол кездегі батырлардың ұрпағы бар. Бірақ Қожбан ханның ұлдарынан  емес, қыздарынан  ұрпақ  қалған.

Осындай құжаттарды көріп, қаншама тағдыр барын байқаймыз. Сан сауал сананы түрткенде салмақты сараптама жасап, ойланамыз.

Әлі күнге дейін ақталмаған адамдар бар. Мәселен, ақталмаған 27 байдың тізімін көрдім. Олар баяғыда өмірден өтті. Кейбірі сотталды, ал одан аман қайтты ма, ешкім білмейді. 10-15 жылға кетіп, кейін тағдыры белгісіз  болған  қаншама  жан  бар.

– Репрессия кұрбандарының арасында қазақ интеллигенциясымен қатар, шаруа адам­дары болған екен. Облыстық комиссия мүшесі ретінде айтыңызшы, жұмыс барысында мұндай мәліметтер кездесті ме? Әлде қандай да бір қайшылық  бар  ма?

– Негізі, интеллигенция – тек оқыған кісі емес. Қарапайым адамдардың арасында да кесек тұлғалы, бас көтеретін азамат бо­лады. Сол кезеңде де халық ішінде сөзі нық, ісі мығым ер көп болған. Олардың да құжатын көрдік, неше түрлі жағдай болады. Өзім 73 адамды ақтауға ұсындым. Оның 27-сі бай десек, арасында кедей отбасынан шыққан намысшыл жігіттер де бар.

– Алаш азаматтары атылғанда тіпті жерленбей, көмусіз қалғаны туралы айтылады. Сіздіңше, марқұмдардың мүрдесі тапталып жүрген жоқ па? Оларды анықтап, белгі қою жұмысы қолға алынған  ба?

– Сыр бойындағы Қарақұм, Қызылқұм, Асан көтерілісі ел есінде. Ең алғашқы Қармақшы ауданында басталған  Алтын көтері­лісін де атап айтуға болады. Кіші жүзде осындай ру бар. Көтерілісті бастаған – сол заман­ның зиялы өкілі, әйгілі Жұмағазы молда. 1931 жылы Алматы қаласында атылған. Бірақ, әлі ақталмады. Осы орайда әйгілі Сыр сүлейі Сейітжан Бекшентайұлын да атап өткен жөн. Көтерілісшілерге дем беруші деген айыппен репрессияға ұшырап, атылады. Кейін бұл кісі ақталды. Халық Алтын Сейіт­жан ақын деп руымен атап, құрметпен қараған. Ұрпақтары қалмады, бірақ бауырларының  ұрпағы  бар.

 Тағы бір көтеріліс Темірбек Жүргенов­тің әкесі Қараның және үш ұлының ұйым­дасуымен өткен. Бұдан бөлек, күшпен басылған Ақмырза Ахун көтерілісі бар. Соны­мен қатар, 1930 жылы тамыз-қыр­күйек айында Қазалыда белең алған Асан көтерілісі. Басшысы – Иман Иімбетов.  Осы ретте ауданда үш рет конференция өткізіп, Асан көтерілісіне байланысты ескерткіш көтерді. Ал Қармақшыда «Қарақұм құрбандарына» деген атаумен Алтын баба ескірткіші орнатылды. 2012 жылы Жалағашта да құрбандарға  арналған  ескерткіш  қойылған.

Қызылорда қаласының маңайындағы Қарауылтөбе ауылында Үш ағаш деген жер бар. Бес сайдың ортасында адамдар атылған. Сондай-ақ, көпшілігі Бірқазан станциясының Қоңыртөбе маңында атылды. Яғни, бұл аймақтардан аңыраған дауыс көпке дейін естілген. Тіпті жерленсе де, кейінгі ұрпақтары бұдан бейхабар болатыны рас. Сондықтан, қайғылы оқиға, шайқас болған жердің  бәріне  белгі  қою  керек.

– Деректе 1938 жылы көз жұмды деп көрсетілгенімен, кей азаматтың тірі екенін көргендер бар. Бұл туралы жиі оқыдық. Бірақ, ақиқаты қайсы? Репрессия кезінде жұмбақ өлім немесе жасырын әрекет кімге, неге керек болды?

– Иә, 1938 жылы көптеген кісі атыл­ғанымен, деректер басқаша сөйлейді. Мәселен, Мағжан Жұмабаевты ату жазасына кескеннен кейін де, өмірде көргендер бар. Қазақтың мықтыларының тағдыры белгісіз болып келді. Қазір олардың сүйегін табу да екіталай.

Бұлай өлімді бұрмалау – НКВД әрекеттері. Құпияларын ашпайтын орган. Ұлт қайраткерлерінің өлімі, ол жай қарапайым адам өлімі емес екенін біледі. Сондықтан ондай қылмыстарын аша бермейді. Қазақ ССР-нің атылған 25 мың адамның көпшілігі қазақтың бас  көтерер  азаматтары  болған  ғой.

Атамның әкесі атақты Байзақ би болған. Ол кісі – Қармақшы ауданында «Байзақ тоғай» жерінің иесі. Халыққа ғылым-білімді насихаттап, медресе ашқан. Кейін қуғынға ұшырап, Ырғыз ауданына жер аударылады. Балаларының мықтылығының арқасында аман-сау оралып, Сыр бойында қайтыс болады. Әлі ақталмаған. Мұндай адамдар жетер­лік. Енді ақтау жөнінде ұсыныс жазу керек десем, «баяғыда қайтыс болған кісілер ғой, не керегі бар?» деген пікірді де естідім. Таңғалам. Мұның  бәрі – кейінгі  ұрпаққа  қажет  дүние.

– Ашаршылық азабын тартып, тауқыметтен тауы шағылған қазақ көп. Содан біразы тарыдай шашырап кеткені рас. Ал сол кезеңде Сыр  бойындағы халық қайда барып паналады? Толығырақ  тоқталсаңыз…

– Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Ауғанстан жерлеріне мал, мүлкі, ағайынымен кеткен. Қазір біз айтып жүрміз, ол жақта ағайын елдер жақсы қарсы алды деп. Ол – қате пікір. Кейбір деректе, айтылған тарихты айтып тұрмын, барғандарды өлтіру фактілері де болғаны кездеседі.

Ашаршылықтың ауыртпалығын сезген құрбандарды білу қажет. Нанның қадірін ұғынуымыз шарт. Өйткені, ол ең қасіретті жылдар болды. Тіпті талғажау етуге түк қалмай, көршісімен бір-бірінің қызының етін жеуге келіскен. Ұлды ұрпақты жалғастырады деп тиіспеген. Қазақтың басына осындай қара бұлт төнді. Голощекиннің кесірінен сондай жағдайға дейін жетті. Ал миллиондаған орыс көшіп келгенде уақытылы әрі тегін таңғы, түскі, кешкі асы беріліп тұрған. Бұған  құжаттағы  деректер  де  дәлел.

– Ұлт зиялыларының әдеби мұрасы жоғалып, қолжазбасына дейін көзін құртты. Осы бойынша тың деректер бар ма? Оларды тауып жариялауға қаншалықты қауқарлымыз? Ал репрессия құрбандарын ақтау процесі қалай жүзеге  асуда?

– Қазір іс уақытша тоқтап тұр. Қызыл­орда облысы бойынша жиналған құжаттар негізінде кітап жарық көрмек. Ұрпақтарының еске алуымен аштық және көтеріліс құрбандарына арналған «Халық жадында» кітабы шықпақ. Архивтік құжат жоқ, халық аузымен айтылған соң жинақ атауы осындай.

Негізі жоба уақытын әлде де созса дейміз. Өйткені облыс архивіндегі бүкіл құжатты Астанаға жинап, бір орталыққа шоғырландырды. Тек біздің өңірге емес, барлық облысқа да қатысты. Әрине, бұл бір жағынан дұрыс шығар. Жан-жаққа шашырамай, бір орталықтан іздейміз. Бірақ ол жаққа барудың  өзі  қаражатты  қажет  етеді.

Негізі құпия деректер де бар, оның бәрін ашып көрсетпейді. Өкініштісі сол, бізде КНБ-нің архиві. Егер басқа облыс­тар мәліметті көшіріп, жазып әкетсе, бізде деректі толық алуға мүмкіндік болмады. Кеңес Одағына қатысты көтерілістерге 94 жыл  өтті. Сонда да Сыр бойындағы Қара­құм көтерілісінің алғашқы басшысы Жұмағазы Бәйімбетұлының есімі әлі де ақталмай жатыр.

– «Қызыл империяның» қынадай қырғанына да, қаншама халықтың жұтта жұтылғанына да тарих куә. Қазір Алаш зиялылары туралы фильмдер де жарық көруде. Жалпы, Алаш азаматтарын ардақтау үшін тағы не істемек керек?

– Алаш  зиялыларына   арнап  фильм түсіргенге қуанамын. Құптайтын іс. Елімізде 20 млн халық бар десек, 13 миллионы – қазақ. Ал оның барлығы ұлтшыл қазақ емес. Демек ұлттық рухты көтеретін деректі, көркем, тарихи кино да түсірілу керек. Тіпті шайқас болған, аштықта қайтыс болған тари­хи орынға, көмілген жерлерге іс-шара ұйым­дастырған жөн деп ойлаймын. Ел еңсесін тіктеуде езгіге шыдаған Алаш арыстары мен қасіретті жылды бастан өткерген құрбандарды халық ұмытпауы тиіс. Өткен мен бүгінді әр  адам  ой  елегінен  өткізгені  дұрыс.

– Уақыт  бөлгеніңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Замира ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: