Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айтыстарымның 95 пайызын жатқа білемін

22.07.2021, 11:00 860

Еркін  САДЫҚҰЛЫ,

журналист,  айтыскер  ақын:

– Алғашқы сұрақ қазіргі қызметіңіз туралы болсын…

– «Хабар»  агенттігінде  бағдарлама­мен қамтамасыз ету бөлімінде редактор  болып  қызмет  атқарамын.

– Бұл сізге жиі қойылатын сұрақ екенін білемін. Десе де, айтыстан кетуіңіз­ге не себеп болды?

– Айтыстан кетуіме ешқандай себеп болған жоқ, бола қоймайды деп те ойлаймын. Өйткені, айтыс ұйымдас­тырушыларымен, Жүрсін Ерман ағамызбен арада ешқандай келіспеушілік болған емес. Жұмыс істеу керек не айтыс­қа бару керек. Қызметте жүрген­нен кейін алдыңда осындай таңдау тұрады. Құдай аузымызға дәмді сөз салса, шабыт берсе, айтысқа шығуға дайынбыз. Төреғали айтпақшы, кез келген уақытта кез келген ақынмен айтыса аламын. Айтыста жүрген уақытымда аздаған қателіктер болды деп ойлаймын. Оны әлі де толықтырып,  жетілдіріп  жатырмыз.

– «Аламан» айтыс арқылы қалың көпшілікке танылдыңыз. Жалпы, қа­зіргі  айтысқа  қандай  өзгеріс  керек?

– Жалпы, бұл осыдан 10 жыл бұрын қойылуы керек сұрақ шығар. Менің ойымша қазіргі айтысқа өзгеріс керек емес. Мүмкін ұйымдас­тыру жағын өзгертіп отыру айтысты жаңа белес­ке көтеретін болар. Бастысы, айтыс­тағы белгілі бір кедергілерді жойып, шектеу­лерді  алып  тастаса дейміз. Бұл – барлық ақынның ойын­да жүрген тілек. Қазіргі айтыс 10 жыл бұрынғы айтыстың деңгейінен әлде­қайда  өсіп  кеткен.

Негізі барлық нәрсе өзгеріп тұрғаны дұрыс. Айтыс та сондай өзгеріс­терге, тоқырауларға ұшырады. Оның соңы телевизиялық айтысқа, жекпе-жек айтыс, шоу айтысқа, т.б. алып келді. Айтыстың көркемдік жағынан да әлдеқайда дамып кеткенін айтқаным  жөн  шығар.

– «Ақындар ауданы» аталып кеткен Шиелі ауданының көзге көрінбей кеткен  ақындарына  ерекше  тоқталсақ…

– Менің ойымша барлығы да көрініп жүрген сияқты. Бізден кейін­гі толқын Мейірбек Сұлтанхан, Ержан Әміровтер ғой. Олар – осы күні облыстың бетке ұстар ақындары. Көрінбей кеткен  мен және менің ағам Мұхтар Қуандықов шығар. Мен қызмет бабына байланысты айтыстан алыстап кетсем, Мұхтар жеке кәсібіне байла­нысты қол үзіп қалды. Бүгінгі күні Шиелінің жас айтыс ақындары өсіп келеді. Ержан  Әміровтың шәкірттерінен  үлкен  үміт  күтеміз.

– «Ер жігіт туған жеріне» деген ғой. Елге арнайы ат басын бұрып, басшы­лық қызметке келіп, мәдениет, журналистика саласында еңбек етуге қалай қарайсыз?

– Ондай ұсыныс болған емес. Бас­шылық деңгейге жету үшін әлі де толыса түсу керек деп ойлаймын. Шақырып жатса, бас тартпаймын, бұл екі бастан белгілі нәрсе. Туған жеріме барып қызмет етуге дайынмын.

– Ұзақ жылғы үзілістен кейін Шие­лі ауданының 90 жылдығында айтыс ақыны, рухани ұстазыңыз Кенжебай Жүсіппен сөз сайыстырдыңыз. Туған жер қалай қарсы алды? Айтыс қиындық  тудырған  жоқ  па?

– Мен соңғы рет 2011 жылы рес­пуб­ликалық айтысқа қатыстым. Одан кейін 2018 жылы Шиелі ауданы­ның 90 жылдығына орай арнайы шақыр­ған соң, туған жердің мерейін көтерейік деп аламанға қосылдым. Туған жер қашанда жақсы қарсы алады ғой. Айтыс қиындық тудырған жоқ. Олай дейтін себебім, кез келген ақын үнемі дайындық үстінде жүреді. Өзің де ақынсың, оны білесің. Көлік жүргізіп келе жатқанда да, жұмыс істеп жатқанда да ойыңа тіркестер, ұйқастар келіп жатады. Өзіңді біреу­мен айтысып отырғандай сезіне­сің. Кітап оқып отырғанда іліп алатындай сөз кездессе, санаңның түкпіріне сақтап қоюға тырысасың. Айтыс үшін, кез келген уақытта пайдалану үшін сөздік қор жинақ­тайсың. Бұл – барлық ақындарға тән құбылыс. Сондықтан, үнемі ізденімпаздық  ақынға  ауадай  керек.

– Сізбен сұхбаттасқанда «Аламан» айтысқа қайта соқпау мүмкін емес. Сол уақытта айтқан шумақтарыңызды жатқа соғатындар да табылып қалар. Менің де есімде қалған жыр жолдары бар екен. Өзіңіз есіңізде сақтап, 10 жыл бойы ыңылдап айтып жүрген иірімдер бар  шығар…

– Жалпы, соңғы жылдары «айтыс­керлер келісіп айтысады екен, жүлде­сі аз болса бармайды екен» деген секілді сөздер көп айтылып кетті. Боксшы да әр жекпе-жек үшін, әр қарсылас үшін дайындалады ғой. Айтыс деп құлағы қылтиғаннан бастап іштей дайындықта жүресің. Жыр жолдары бүкіл сана-сезіміңнен өтіп шыққаннан кейін бәрі есіңде қалады. Мен өз айтыстарымның 95 пайызын жатқа білемін. Қарсыластарымның айтысын сөзбе-сөз білмесем де, жөн-жобасы  есімде  сақталып  тұр.

– Еркін осы күні ақындық энергиясын журналистикаға жұмсап жүр ме? Әлде шығармашылыққа арнайы  уақыт бөлесіз  бе?

– Менің қазіргі жұмысым да – өнердің бір саласы. Телевизия – сиқырлы әлем. Жұмысқа енді қадам басқанда  ағаларымыз  ескертіп «Теле­визияның сиқырына кіріп кетіп, шыға алмай жүрме» деген еді. Осы күні сол әлемнен шыға алмай жүрмін-ау деп ойлаймын. Әрине, журналистикаға көп энергия жұмсап жүрмін. Менің көп уақытым сценарийге, деректі фильмдерді тексеруге, оның құрылымын, телевизиялық саласын, т.б. қарауға кетеді. Бұл – менің мойнымдағы жұмыстар. Сондықтан, арасында ұйқас қуып кететін кездер болады. «Шығармашылыққа арнайы уақыт бөліп жүрмін, күнде кітап­ханаға барып жүрмін» деп өтірік айта алмаймын. Бірақ, жұмыстан қолы­мыз қалт етсе, электронды кітаптардан аға буын  ақындардың шығарма­шылығына  зер  салып  қоямыз.

– Қоныстой  құтты  болсын! Жалпы, журналистердің мемлекеттік бағдар­ла­мамен үй алуы мүмкін емес ғой. «Хабар Агенттігі» АҚ басшылығы бұл мәселені  оңтайлы  шешкен  секілді…

– Көп-көп рақмет! Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерле­рі күні қарсаңында Агенттік басшы­лығы осындай тосынсый жасап, үлкен қуаныш сыйлады. Әйтпесе, журналистердің жағдайы белгілі ғой. Мемлекеттік қызметкерге де жатпайды. Кезекке тұрып үй ала алмайды. Бұл – кез  келген  қалада  бар  жайт.

Тұрғын үй кешені салынған жер учаскесі агенттікке тиесілі. Ал, үй салудың барлық шығынын құрылыс компаниясы көтерді. Нарықта әр шаршы метрі 380 мыңның пәтерлері агенттік қызметкерлеріне 270 мың теңгеден сатылды. Нұр-Сұлтанда мұнан төмен бағада үй жоқ. Біз де үйлі болған 200 хабарлықтың тізімінен табы­лып, қоныстой  жасап  жатқан  жайымыз  бар.

– Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан 

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: