Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Волейбол турнирінде университет командасы жеңімпаз атанды

14.02.2022, 10:10 268

HALYQLINE.KZ Қызылордада Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, профессор Н.И.Шиндинді еске алуға арналған республикалық волейбол турнирінің жеңімпаздары анықталды.

Шара Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешенінде өтті. Сайыстың негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттап, студенттер арасындағы байланысты нығайту. Сонымен қатар, профессор Н.И.Шиндиннің спорт саласындағы еңбегі мен бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарған қажырлы еңбегін дәріптеу.

Турнир жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова қатысты.

– Жастардың білімді, тәрбиелі, жігерлі болумен қатар салауатты өмір салтын ұстануы, спортпен тұрақты түрде шұғылдануы аса маңызды. Қазіргі уақытта университет білім алушылары халықаралық, республикалық спорт додаларында бақ сынап, ел абыройын асқақтатып жүр. Университетте әлем чемпионатының – 9, Азия чемпионатының – 27, Қазақстан чемпионатының 120 жеңімпазы мен жүлдегері бар. Бүгінде оқу ордасында спорттың 11 түрінен 21 спорт секциясы жұмыс істейді, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Республикалық жарысқа әр облыстан келген 6 команда қатысты. Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласынан «Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті» командасы, Түркістан қаласынан «Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті» командасы, Шымкент қаласынан «Мирас университеті» командасы, Байқоңыр қаласынан «Байқоңыр» командасы, біздің облыстан «Қызылорда жастар» командасы және «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті» командасы бақ сынады.

Турнир қорытындысы бойынша «Байқоңыр» командасы жүлделі ІІІ орын, түркістандық «Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті» командасы ІІ орын иеленсе, «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті» командасы жеңіс тұғырынан көрінді.

Ал үздік ойын көрсеткені үшін Нұр-Сұлтан қаласынан келген «Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті», Шымкент қаласының намысын қорғаған «Мирас университеті» және сырбойылық «Қызылорда жастар» командалары арнайы номинациялармен марапатталды.

Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Турнирдің жалпы жүлде қоры 500 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, төрешілер мен үздік ойыншылар 6 номинация бойынша марапатталды.

Айта кетейік, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Н.И.Шиндинді еске алуға арналған волейболдан ерлер командалары арасындағы турнир 2004-2005 жылдары облыстық, ал 2006 жылдан бастап республикалық деңгейде дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Николай Шиндин Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында дене тәрбиесі кафедрасының оқытушысы, спорттық-педагогикалық пәндер кафедрасының меңгерушісі, декан орынбасары, дене тәрбиесі факультетінің деканы қызметтерін атқарды. Ол салауатты өмір салтын насихаттауда белсенді жұмыс атқарып, университеттің оқытушылары мен студенттері арасында «Сергектік және денсаулық» спартакиадасын жандандырды. Өмірінің соңына дейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық кафедрасын басқарды. 1996 жылы Жоғарғы Аттестациялық Комиссияның шешімімен Николай Шиндинге доцент атағы, 2000 жылы педагогика мамандығы бойынша профессор атағы берілді. Қазақтың спорт және туризм академиясының жанындағы Дене шынықтыру және спорт саласы бойынша республикалық оқу-әдістемелік бірлестік Кеңесінің тұрақты мүшесі болады.

Ұстаздық еткен жылдары ішінде Николай Шиндин университет, қала, облыс, республика көлеміндегі спорттық іс-шараларға, әр түрлі қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып отырды. Оның жетекшілік етуімен КСРО және Қазақстан Республикасының 30-дан астам спорт шебері дайындалып, олар әлем чемпионаты мен Азия ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлері атанды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің медиа орталығы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: