Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА: қазақтар ғана ойнауы керек пе?!

12.11.2020, 11:00 759

«Қазақ болмаған соң, көк тудың қадірін қайтсін», «Қазақтар ғана ойнасын», міне, осы сынды пікірлер қазақ футболының айналасында кезіп жүр. Бұл ұлтшылдық па, әлде басқа ма білмедім, бірақ ұлттық құраманың соңғы ойындарын бақылай келе, «сол өзегі өртенген жұрт өзге ұлт өкілдеріне неге сонша шүйлігіп алды?» деген сауал пайда болды. Шынында, ұлттық құрама сапында тек қазақтар ғана ойнауы керек пе? Сонда ғана ойын сапасын жақсарып, әлемдік аренада «алып» құрамаға айнала аламыз ба?

Бұл сұрақ соңғы жылдары қазақ футболының айналасында жүрген кез келген адамды айналып өтпеді. Бірі өзге ұлт өкілдерінің ойнағанын қолдаса, енді бірі алаңда тек қазақтың қара домалақтарын көргісі келеді. Бірақ, ұлттық құраманың соңғы ойындарына назар аударсақ, ойын барысындағы көшбасшыларымыздың көбісі – өзге ұлт өкілдері. Атап айтқанда,­ Бахтиер Зайнутдинов, Стас Покатилов, Ян Вороговский, Марат Быстров және т.б. Әрине, ұлттық құраманы алға сүйрейтін өзіміздің қазақ футболшы­ларымыз да бар. Оларды жоғарыда атап өткен ойыншылардан кем ойнайды деп айтуға ауыз бармайды. Дегенмен, әңгіме өзге ұлт өкілдерінде. Бұл тақырыпқа қол сұқпас бұрын қазақ футболының айналасында жүрген сарапшылардың пікірін сұрап  көрдік.

– Ұлттық құрамада елімізде туған кез келген  ұлттың өкілдері өнер көрсете алады­ және көрсетуі тиіс. Себебі олар да өзіміздің жігіттер. Мысалға, мен Илья Ильинді қазақ деп есептеймін. Сол секілді қазақ спорты үшін жан алып, жан беріп жүрген өзге ұлттың көптеген спортшыларына бауырым ретінде қараймын. Сол себеп­ті ұлттық құрамаға спортшыларды ұлтына қарап шақыруды әбестік көремін. Ал енді өзге елдің азаматтарына көк құжатты ұстатып, қазақ туының астынд­а өнер көрсетуді өзім онша қаламаймын. Қазақтың жерінде туып, топырағына аунамаған адам қазақтың көсегесін көгертпейді деп ойлаймын. Өз жастарымыз қай ұлт болса да ойнасын, – деді спорт журналисі Амангелді Сейітхан.

Жалпы, өзге ұлт өкілдерінің ұлттық құрамада ойнауы әлемнің көптеген елін­де кездеседі. Мысалға, футболдан соңғы әлем чемпионатында Франция құрамасының 17 ойыншысы өзге ұлт өкілдері болған. Туғаны болмаса да, тұрғындар тілегін орындап, Францияға әлем чем­пионы атағын алып берді. Осы секілді көр­шілес Ресей де өзінің чемпионатындағы мықты футболшылардың барына қарамастан, бразилиялық бірнеше ойын­шыға құжаттарын беріп, ұлттық құрама сапында доп тепкізді. Өзінің жемісін берген, жеңісті тәжірибені неге қолданбасқа? Өз кезегінде бұның тигізе­тін пайдасы бар ма? Осы сұрақтарға жауап­ іздесек. Мәселен, футзал ойын­дарында біздің құрамаға Еуропаның қоласын алып берген құрамның негізгі ойыншылары бразилиялықтар тұғын. Солардың жетістігінің арқасында ел аумағында футзалға көңіл бөлініп, солар­ға еліктеген жас бүлдіршіндер футзал үйірмелеріне қатысып жүр. Бұл спорттың әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері арасында Қазақстан мемлекет ретін­де жақсы танылды. Анау-мынау мемлекет ретінде емес, фаворит мемлекет ретін­де танылды. Футзал бізді әлемге жақсы жағынан танытып, спорттың дамуы­на да жаңа леп берді.

Енді футболға оралсақ. Бізде «қазақ қазаққа ғана керек» деген түсінік бар. Содан­ болар, өзге ұлт өкілдерін ұлттық құрама жейдесінде көргіміз келмейді. Соңғы матчтарды көріп, көзімнің жеткені, «сары жейде» үшін жан берісіп-жан алысқан, алаңның барлық жерінде ой­қастап, допты жерге түсірмейтін ойыншылардың дені – жоғарыда атап өткен өзге ұлт өкілдері. Жалпы, қазақ даласында туып, кейіннен өзге елге кеткен ойыншылар да жетерлік. Олардың көбісі ұлттық құрамаға келуге дайын екенін айтып жүр. Сол секілді ел чемпионатында да өнер көрсетіп келе жатқан көптеген­ ойыншылар бар. Сыртта туса да, елімізде­ бірнеше жыл жүрген оларға қажетті құжаттарын дайындап берсе, барын салар­ еді. Бәлкім, солардың барлығын ұлттық құрама қатарына жинап, мықты құрам құрғанымыз жөн болар? Солармен бірге дайындалған қазақ балаларының да шеберлігі артып, шетелден ұсыныс түсіп қалар? Жақсы нәтиже көрсетіп жүрген ойыншыларға қызығып жас жеткіншектер де жарысып, футбол үйірмелеріне қатысып жүрсе, несі жаман? Соның арқасы­нда, ірі додаларды өз елімізде өткізіп, инфрақұрылымымызды да жақсартып алуға мүмкіндік зор. Қазақ балаларының бұл спорт түрінен шыңдардан көрінуі үшін осындай батыл шешімдерге бару қажет.

Өзге ұлт өкілдерінен бас тартып, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген – қате пікір. Бізге дәл қазір нақты шешім қажет. Не жоғарыда айтылған барлық футболшыларды жинап, жақсы нәтиже талап етеміз немесе алаңда тек қазақ балаларын ойнатып, қазіргі (немесе одан да төмен) нәтижеге көнеміз. Осы екі жолдың бірін таңдау қажет. Үшінші жолы жоқ десек те болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын мықты құрамалар қатарында болмаған Бельгияның қазіргі кезде жұлдызды құрама болғаны баршаңызға белгілі. ФИФА-ның рейтингі­сінде бірінші орында тұр. Сондай  үлкен  қадамға  баруға 10-20 жылдай ғана уақыт өтті. Сол уақытта жаңа буын өсіп, жетіліп, қазіргі таңда әлемнің үздік клубтарында ойнап жүр. Дұрыс жолды таңдай білсек, бізге де әлем чемпиона­ты­ның ауылы алыс емес…

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: