Сыр өңірінде бұқаралық спортты дамытуға, жастарды салауатты өмір салтына баулуға айрықша мән беріліп келеді. Осы бағыттағы ауқымды жобалардың бірі – “Қызылорда Арена” спорт кешені.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жұмыс қарқыны жоғары. Кең аумақта орналасқан төрт қабатты кешен заманауи талаптарға сай жобаланып, әр бөлшегі егжей-тегжейлі ойластырылған. Спорт кешенінде әмбебап және шағын спорт залдары, бассейн, тренажер залы, конференц-зал мен қосалқы бөлмелер қарастырылған. Сонымен қатар, еркін және классикалық күрес, бокс, теннис, таэквандо және дзюдо сияқты спорт түрлеріне арналған арнайы залдар салынуда.
“Қызылорда Арена” – болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге және республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастыруға бейімделген заманауи кешен. Бұл жер кәсіби спортшылардың ғана емес, салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындардың да бас қосатын ордасына айналмақ.
Аймақтың спорт инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеретін бұл кешен ұлт саулығы мен ұрпақ тәрбиесіне, ел абыройына қызмет ететін игі бастама. Арена есігін айқара ашқан сәттен бастап, Сыр спортының жаңа тынысы ашылып, өңір жастарына үлкен мүмкіндіктер жол тартады.
Ерсұлтан БАҒДАТҰЛЫ,
№189 орта мектептің оқушысы,
Қызылорда қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!