Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шахмат – зияткерлік спорт түрі, құмар ойын емес

12.06.2025, 8:00 82

Риза  ТӨЛТАЙҚЫЗЫ:

Қазіргі қоғам интеллекті жоғары, терең ойлы азаматтарды қажет етеді. Ал шахмат – адамның ақыл-ойын дамытатын бірден-бір ойын. Соған сай шахмат ойынының қыр-сыры, аймақтағы ахуалы, қоғамдағы маңыздылығы жайлы шахматтан Қызылорда облысының аға жаттықтырушысы, ҚР-ның еңбек сіңірген  жаттықтырушысы  Риза Қошқаровамен  әңгіме  барысында білдік. Әрине, шахматтан әлемге елімізді танытуда ең алдымен жаттықтырушылардың  еңбегі  ерен.

– Қайырлы күн, Риза Төлтайқызы! Шахмат – ақыл-ой ойыны. Сонымен бірге, тағы қандай  маңыздылығы  бар?

– Қайырлы күн! Сұрағыңызға рақмет! Иә,  шахмат ойынының адам баласына тигі­зер  әсері өте көп деп айта аламын. Шахмат адамды тез әрі терең ойлануға, жылдам шешім  қабылдауға  машықтандырады.  Ойнау  логикасы зейінділікті, шыдамдылықты дамытуға көмектесіп ғана қоймай, мате­матикалық есепке де жүйрік болады. Сондай-ақ, адам өз бойындағы күшті қай жағынан, қалай пайдалана білуді үйренеді. Сонымен бірге, шахмат адам бо­йындағы басқа да ерік-жігерлердің қалыптасуына, моральдық  қасиеттерді  тәрбиелеу­ге көмектеседі.

– Шахматтан облыста қанша бала тәрбие­ленуде?  Чемпиондар  саны  қаншаға  жетті?

– Қазіргі уақытта 1200-ге жуық бала жаттығып жатыр. Олардың арасында ел мақ­танышына айналған чемпиондарымыз да бар. Әуелі өздеріңіз білетін Қазақ­стан бо­йынша 18 дүркін чемпионы, 3 дүркін әлем чемпионы және 5 дүркін Азия чемпионы Әсел Серікбай, одан кейін Қазақ­стан бо­йынша 16 дүркін чемпион, 3 дүркін әлем және 3 дүркін Азия чемпионы Назерке Нұрғали және әлем чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстан бойынша 6 дүркін чемпион болған Самал Абдуали секілді дүбірлі додаларда көк туымызды биікке көте­ріп жүрген спортшыларымызды ерекше мақтанышпен айта кеткеніміз жөн. Соны­мен қатар, Қазақстан бойынша алтын,  күміс, қола жүлдегерлері қазіргі уақытта әлемдік бәсекеге талпынып, дайын­дықта машықтанып келе жатыр. Алдағы уақытта шахмат спорты бойынша жүлделі  чемпиондарымыз  көп  болады  деген  сенімдеміз.

– Әрине, бұйырса дейік! Ал шахматты бірегей білім беру құралы ретінде қарастырып, оны мектептерде жаппай оқыту қаншалықты  маңызды  деп  ойлайсыз?

– Жаңа айтып өткенімдей, шахмат – оқушылардың логикалық ойлауын, зейінін, есте сақтау қабілетін және шешім қабылдау дағдыларын дамытатын тиімді құрал. Сондықтан, мектепте таңдау пәні ретінде қарастырылса, өзім өте қуанышты болып, қолдар едім. Қазіргі уақытта Әзірбайжан, Армения, Испания, Мексика, Польша, Түркия  секілді бірқатар елде шахмат спорты мектептерде бір пән ретінде бекітілген. Ал Қазақстанда бұл бағытта нақты қадам­дар әлі жасалуда. 2022 жылы 654 мектепте 28 мыңға жуық бала шахматты таңдау пәні ретінде оқи бастағандықтан, 2027 жылға дейін шахматты мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізу жоспарлануда. Бұл бастама оқушылардың зияткерлік қабілет­терін арттыруға және білім сапасын жақсартуға  ықпал  ететіні  сөзсіз.

– Иә,  өзіңіз  айтып  өткендей   шахмат ойы­ны  спорттың жоғары дәрежелі зият­кер­лік түрі екені белгілі. Осы тұрғыда, облыс­тық шахмат федерациясының жағ­дайы  қандай  деңгейде?

– Облыстық шахмат федерациясының жоғары  деңгейде  болуы шахматты дамытуда  маңызды рөл  атқарады деп ойлаймын. Ал   федерация   жұмысының   маңыз­дылығы – спортшыларды даярлау, турнир ұйымдастыру және оқу-әдістемелік құралдармен және керек жабдықтармен қамтамасыз ету. Сондықтан, шахмат федерациясының жағдайы, деңгейі, дәрежесі жоғары болғаны облыс үшін, еліміз үшін маңызды. Бұл  өңіріміздегі шахмат спортының дамуы­на  әсерін  тигізеді.

– Өңір  бойынша  шахматтан қанша ау­қымды  турнирлер  өткізілді?

– Қазақстанда шахмат турнирлері жиі өткізіледі. Мысалы, 2024 жылы оқушылар арасында республикалық шахмат олим­пиадасы ұйымдастырылды, оған 100 мың­нан астам оқушы қатысты. Сонымен қатар, Халықаралық   шахмат күніне орай еліміздің барлық қаласында «KazChessFest» турнирі өтті. 2025 жылы республикалық, халық­аралық, облыстық  жарысты қос­қанда 12 турнир жоспарланып, өткізілді. Соны­мен қатар, жақында өңірімізде классикалық шахматтан Аралбай Махамбетов­тың жүлдесіне арналған республикалық жарыс өткізіліп, сайысқа Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінен және еліміздің барлық өңірінен келген 350-ден астам спортшы сынға түсті. Мұндай іс-­шаралар шахматты насихат­тауға және жастардың қызығушылығын арт­тыруға  бағытталған.

– Сіздің ойыңызша, шахмат құмар ойын ба? Шахматтағы адам, жануар бейнесіндегі тастардың  дінге қайшы  болуы  мүмкін  бе?

– Шахмат – зияткерлік спорт түрі, құмар ойын емес. Ол логикалық ойлау мен стратегияны талап етеді. Шахмат фигураларының адам немесе жануар бейнесінде болуы мәдениет пен дәстүрге байланысты. Көп­теген мұсылман елдерінде шахмат кең тарал­ған және дінге қайшы деп саналмайды. Дегенмен, кейбір діни көзқарастарда бейнелерге  қатысты  шектеулер болуы мүмкін, сондықтан бұл мәселе әрбір қоғамның діни ұстанымдарына байланысты қарас­тырылады.

– Шахмат ойыны адамның түрлі жетіс­тікке жетуіне септігін тигізуі мүмкін. Соған сай, қоғамға интеллекті жоғары, терең ойлы азаматтар қажет. Ал жастарды шахматқа шақыру бойынша қандай іс-шаралар қарас­тыру  керек  деп  ойлайсыз?

– Жастарды шахматқа тарту үшін келе­сі іс-шараларды қарастыру қажет. Олар – мектептерде шахмат пәнін енгізу және үйірмелер ашу, жергілікті және республика­лық деңгейде турнирлер ұйымдастыру, жаттықтырушылар мен мұғалімдердің біліктілігін арттыру, шахматты насихаттайтын медиа жобалар мен әлеуметтік желілердегі белсенділік және балалар мен жастарға арнал­ған шахмат лагерьлері мен семинарлар өткізу. Бұл іс-шаралар жастардың шахматқа деген қызығушылығын арттырып, олардың ойлау қабілетінің дамуына ықпал етеді. Қазіргі уақытта бұл іс-шаралар іске асырылып, шахматтағы балалар қатары көбейіп келеді деп те айта аламын. Болашақта осы қолданылған іс-шаралардың арқасында көптеген ел мақтаныштары жаттығып шығатынына  сенімдімін.

– Шахмат ойынының тағы бір артық­шылығы адамды шыдамдылыққа үйретеді. Ал елімізде шахматтан ең ұзақ уақыт болған ойын түрі болды ма? Қанша уақытқа созылды?  Соңғы  рекорд  қай  кезде  қойылды?

– Қазақстанда шахматтан ең ұзақ ойын туралы нақты айта алмаймын. Дегенмен, 2024 жылы Халықаралық шахмат күніне орай елімізде бір уақытта 2 мыңнан астам адам қатысқан «KazChessFest» турнирі өтті. Соңғы ұзақ уақытқа созылған ойын осы кезде болды деп ойлаймын. Негізінде, шахматтан жарыс кезінде көптеген қызық­қа кезігесің. Бірде ұзақ, бірде жылдам аяқталатын ойын болғандықтан, кез келген жағдайға дайын болу керек. Қарсыласың мықты болса, ойын қызықты әрі ұзақ, тартыс­ты  өтеді.

– Ал балаларды шахматқа қалай және неше  жастан  баулуға  болады?

– Балаларды шахматқа 5-6 жастан бастап баулуға болады. Бұл жастағы бала­лардың зейіні мен есте сақтау қабілеті дамып, логикалық ойлау дағдылары қалыптаса бастайды. Бүгінде Қостанай облы­сында шахмат пәні бірінші сыныптан бастап оқытылады. Ерте жастан шахматқа баулу балалардың оқу үлгеріміне оң әсерін тигізеді. Сондықтан, балаңыздың зейіні ертерек ашылып, ақылды болып өскенін қаласаңыз, шахмат спортының пайдасы көп дер едім.

– Әңгімеңізге  көп  рақмет!

Сұхбаттасқан

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: