Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ризабек елін риза етті

19.09.2023, 10:20 315

HALYQLINE.KZ

Күрес түрлерінен Белградтағы әлем біріншілігінде 92 келіде сынға түскен еркін күрес шебері Ризабек Айтмұхан алтын жүлде алды. Ризабек Айтмұхан – еркін күрестен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ. Бұған дейін Қазақстан ерлері тек грек-рим күресінен алтын алып келген.

Ризабек бұл салмақта көшбасшылар тізіміне кірмеген. Жарыс жолында екі дүркін Еуропа чемпионы түрік Фейзулла Ақтүрікті, одан соң осы салмақта әлем рейтингінде №1 болып тұрған грузин Мириан Майсурадзені оңай жеңіп финалға шықты. Финалда әзербайжан Осман Нурмагомеван уақыт таяп қалғанда айласын асырды. Бір айта кетерлігі, Ризабек жеңіске жеткенде көк туымызды желбіретіп кілемді айналып шықпақ ниетте болды. Алайда, құрама бапкерлерінде туымыз жоқ болып шықты. Бұл жайға Спортты дамыту қоры сылтау айтып жауап берді.

– Туды ұмытпаған. Команда басшысы туды бапкерлерге берген. Бірақ, финал соңғы секундқа дейін тартысты өтті ғой. Сол себепті, бапкерлер тек алтын медаль туралы ойлаған. Әзербайжандық өте мықты қарсылас екені белгілі. Финал басталғанда бәрі күресті, тарихи алтын медаль алуды бірінші орынға қойған. Ту бар. Туды аренаға алып барды, – деді Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің жетекшісі Аян Төлеген.

Жеңімпаз Ризабек Айтмұхан жеңісіне қатысты пікір білдірді.

– Бұл жүлде үлкен еңбектің арқасында келді. Әкем таңғы 6-6:30-да оятып алып, жаттықтыратын, кейін спорт мектебіне берді. Тоғыз жыл жаттықтым. Алланың қалауымен Қазастаннан шыққан алғашқы чемпион болдым!Әлем чемпионы атанғанымды әзірге толық сезіне алмай тұрмын. Допинг-бақылаудан өткеннен кейін сезім келетін шығар. Үйге жеткенде толықтай сезінетін болармын, – деді жарыс жеңімпазы.

Еске сала кетейік, бұған дейін 86 келіде күрескен Азамат Дәулетбеков әлем біріншілігінің қола жүлдесімен қоса Олимпиада жолдамасына иелік етіп, Қазақстанның Еңбек сіңірген спортшысы атағын алған еді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: