Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қайсар» маусымға тас түйін дайын

09.03.2021, 9:20 391

HALYQLINE.KZ Сыр өңірінің намысын қорғап жүрген «Қайсар» футбол клубы биылғы маусым алдындағы оқу-жаттығу жиынын сәтті аяқтап, елге оралды. Өткен маусымда жолы болмаған «дала қасқырлары» биыл кеткен есені қайтаратындарына сенімді. Чемпионаттағы жоғарғы орынға таласатын бірден-бір команда екендерін оқу-жаттығу жиындарында өткізген жолдастық кездесулерде анық байқатты. Әр елдің үздік командаларымен бақ сынасып, шеберліктерін көрсете алды.

Санаулы күннен кейін футболдан Қазақстан Премьер-лигасы басталады. Өткен жылғы маусымнан кейін негізгі құрамның бірнеше ойыншыларынан айырылып қалған қызылордалық клуб сапын су жаңа ойыншылармен толықтырды. Сонымен қатар, Сыр мектептерінің түлектерімен де келісімшартқа отырып, жергілікті жастарға қолдау көрсететіндерін жеткізді. «Қайсар» сапына жаңадан қосылған ойыншылардың біршамасын өткен санда жазып, көрсеткен болатынбыз. Олардан бөлек, команда қатарына бұрынғы капитан Мақсат Байжановты қайта шақырды. Барлығы 12 жергілікті футболшымен келісімшарт жасасты.

Сонымен қатар, жергілікті команданың намысын Гегам Кадемян, Арман Кеңесов, Стефан Денкович, Егор Потапов, Усман Н’Дойе, Сергей Карпович, Каролис Лаукжямис, Йован Чадженович, Артем Леонов секілді шетелдік ойыншылар қорғайтын болады.

– Біздің команда жаңа маусымға сақадай сай. Биыл команда ойынына қан жүргізетін жергілікті футболшылармен келісім жасастық. Сондай-ақ, жыл басынан бері команда жаңа маусымға дайындығын жүргізу барысында 3 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Оның екеуі қаламызда өтсе, соңғысы Түркияда болды. Жиын барысында Еуропа мен Азияның беделді командаларымен 9 жолдастық кездесу өткіздік. Соның төртеуінде жеңіске жетсек, төртеуімен тең түстік. Тек бір командадан ұтылдық, – деді «Қайсар» ФК бас бапкері Сұлтан Әбілдаев.

Жоғарыда айтып өткендей, жолдастық кездесулерге Еуропаның жоғары деңгейлі командалары таңдалған. Мәселен, Украина чемпионатының үштігінде жүрген «Десна» клубы, Македония чемпионатының чемпионы «Шкендия», Мавританияның жеңімпазы «Нуадибу», Қырғызстанның әйгілі ұжымы «Дордой», ресейлік «Шинник», Грузияның «Телави» секілді командалары «Қайсарға» қарсылас болды. Жиын барысында 30-дан аса ойыншы қаралымға келген. Алайда солардың арасынан мықтылары ғана таңдалып, «Қайсардың» сапына қосылды.

Айта кететін жайт, 12 наурызда «Қайсар» футбол командасының жаңа футболшыларын таныстыру рәсімі өтеді. Ал 14 наурызда «қасқырлар» ел біріншілігінің бірінші турында «Тараз» командасын қабылдайды. Команданы жергілікті стадионға келіп қолдауға мүмкіндік бар. Стадионның 30%-ын толтыруға рұқсат етілген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: