Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҰҚШҰ немесе «ТМД синдромы»…

24.11.2023, 11:15 628

HALYQLINE.KZ

ТМД деген ұйым бар. Ол КСРО-ның орнын алмастыруы тиіс еді. Миссиясы посткеңестік елдерді саяси, мәдени, тарихи іс-шаралармен Ресейге қарай қаратып қою болатын. Бірақ уақыт өте келе сол ТМД әлсіреп кетті. Әлсірегенде қалай, оның аясындағы түрлі ұйым әлі бар, әр елдің өкілетті елшілері бар, талқы жасайтын алаңы, пікір айтатын мінбері бар. Бірақ, пәрмені аз. Жыл соңында бір бас қосып, гүбір-гүбір әңгіме, өткір мәлімдеме жасап, оны екі-үш күн БАҚ-тар талқылап, кейін қайта ақпарат кеңістігінен алыстап кететін деңгейге жетті. Кейде оны «ТМД синдромы» деп те жатады. Қандай да бір ұйым әлсірей бастаса солай дейді. Бұл – соңғы он жылдықта ресейлік саяси алаңда айтылып жүрген бейресми термин.

Енді тура осы «ТМД синдромына» ҰҚШҰ (ОДКБ) да шалдыққан сияқты. Белгілері бар. Симптомдары айқын. Бүгін ол нақты көрінді. Армения демарш жасап Минскте өткен ҰҚШҰ жиынына келмеді. Бұған дейінгі жиындарға да белсене қатысқаны шамалы. Пашинян ҰҚШҰ-ға Әзербайжан соғысынан кейін бұртиып жүрсе де, әйтеуір басқосуларына өзі келмесе де, өкіл жіберетін. Бұл жолы өкіл де жоқ. Тек армян туы ғана тұр…

Қырғызстан-Тәжікстан қақтығысын ҰҚШҰ реттей алмады, ондай механизмі де жоқ. Армян-әзербайжан қақтығысында алаңдаушылық білдіріп, сонымен әңгімені жылы жапты. Ресейдің Украинаға басқыншылығында Беларусьтан басқасы «біз бейтараппыз» деді. Енді міне, Армения жиынға келмей қойды, баруға келісім бермей қойды. ҰҚШҰ сөзсіз «ТМД синдромына» шалдыққандай. Орыстар не дейтін еді, «трещит по швам» дейтін бе еді?…

Енді ҰҚШҰ-ны Ресей өзінің әскери авантюраларына тартуға тырысады. Анығы тырысып та жүр. Биыл Беларусь басшылық етті. Біраз мәлімдеме жасады. «Іріген Батыс», «қауіпті НАТО», «әне-міне соғыс ашуы мүмкін Польша» жайлы айтты. Бұл – Ресей мен Беларусьтің қауіпті ойындарына өзге ҰҚШҰ мүшелерін тарту амалы.

Келер жылы біз ҰҚШҰ-ға төрағалық етеміз. Қазақстан президенті бүгін: «ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, егер ондай қауіп болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған. Халықаралық қоғамдастықтың болмысы осындай» деді. Бұл дұрыс сөз және келер жылғы біздің төрағалығымызда биыл Лукашенко жасағандай өзгелерді Батыспен қақтығысқа шақыру сынды мәлімдемелер болмайды дегенді білдіреді.

Шындығына келгенде Ресей өзіне төнген қауіпті өзгеге төнген қауіп іспеттес көрсетуге тырысуда. Ресейге қандай да бір қауіп төнсе, ол Ресейдің агрессиясына қарсы әділетті реакция ғана. Ресей аумағына зымыран түссе, Ресей қалаларына дрон шабуылдаса, ол – Ресей шабуылына жауап. Беларусь шекарасында алда-жалда қақтығыстар болса, ол – Лукашенко билігінің Украина соғысына жанама (тіпті ашық) қатысуына қатысы жауап. Мұның барлығы да ҰҚШҰ елдерінің өзге мүшелеріне қатысы жоқ және оларды өз авантюрасына қатыстыруға тырысу әрекеттерін дер кезінде тыйып тастау маңызды.

ҰҚШҰ-ны кей ресейлік саясаткерлер Варшава шартты ұйымы іспеттес болады деген еді. Варшава шартты ұйымы НАТО-мен тікелей қақтығысқа түспей тарап кеткені бар. Егер ҰҚШҰ-ны сол тағдыр күтіп тұрса, айтқандары келсін әрине…

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: