Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сын сағат. Батыл қадам. Шұғыл шешім

15.07.2021, 13:00 344

Бірінші. …Жаңа штамм тіпті вакцинацияланған адамға да жұғуы мүмкін. Енді біз бұған көз жеткіздік…

Екінші. …Ең өткір мәселе – азық-түлік тауарларының қымбаттауы. Пандемия елдің азық-түлік қауіпсіздігінің осалдығын көрсетті…

Үшінші. …Сондықтан осы салаға бірден-бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін…

Төртінші. …Кедейшілік деңгейі 4,5 пайыз болды. 800 мыңға жуық азаматымыздың кірісі күнкөріс деңгейінен төмен…

Бесінші. …Облыстық әкімдіктер артық бағаланған деректерді беруді жалғастыруда. Жергілікті қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі менің тапсырмам орындалмай жатыр…

Алтыншы. …Еліміздің сыртқы және ішкі қарыздарын басқару сапасын жақсарту керек…

Жетінші. …Ақылы автомобиль жолдарын енгізу – бұл әлемдік тәжірибеге сәйкес дұрыс шешім…

Сегізінші. …Жыл басынан бері жанармай бағасы 13%-ға өсті…

Бұл – ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жартыжылдықты қорытындылаған үкіметтің кеңейтілген  отырысында  сөйлеген  сөзінен  үзінді.

ЕКПЕ  САЛУДА  ЕКІ  МӘСЕЛЕ  БАР

Пандемиялық ахуалға байланысты қашықтан өткізілген жиынға Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, Үкімет мүшелері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты. Жыл басынан бергі алты айда атқарылған шаруаларды қорытындылап, алдағы уақытқа арналған міндеттер тізбесімен таныстыру – кеңейтілген Үкімет отырысының негізгі арқауы.

«Экономиканы өркендету мен халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында жұмыстар атқарылуда» деп баяндайтын министрлер кабинеті мен әкімқаралардың есебі тыңдалды. Өткен жылы басталған пандемия салдарынан әлеуметтің әл-ауқаты тасып, экономика көкжиекке көз тастады деуге келмейді. Десе де, ортақ сала көрсеткіші 2,2 пайызға артты-мыс.

Ел игілігі, халық мүддесі үшін қызмет етіп жүргендердің басын қосқан жиында президент баяндамасының басын әлемдік ахуалға арнады.

 – Түптеп келгенде, азаматтарымыз өздерінің және жақын туыстарының денсаулығын ойлап, саналы түрде шешім қабылдауы керек. Антиваксерлердің қауесет, даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ. Сондықтан біз екпе салу науқанын жалғастырамыз. Сондай-ақ, мынадай екі мәселеге тоқталғым келеді.

Біріншіден, міндетті екпе салу кезінде асыра сілтеу болмауға тиіс. Медициналық себептерге және белгілі бір жағдайларға байланысты екпе салдырмайтын адамдар бар. Мемлекеттік органдар, әсіресе, мониторинг жүргізу топтары осы мәселені ескеруі керек. Екіншіден, осыған дейін де айттым, вакцинация туралы жалған сертификаттар жасау нарығы пайда болды. Мұндай деректерді тұтас қоғамның денсаулығы мен қауіпсіздігіне төнген тікелей қауіп деп түсіну қажет. Демек, жазаға тарту шарасы да қатаң болуға тиіс. Бұл Әкімшілік кодекске сәйкес заңбұзушылық екені айдан анық, – деді ел президенті Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ, пандемия кезінде онлайн оқуға бейімделуге мәжбүр болған білім алушыларды дәстүрлі оқу жүйесімен қамтамасыз етуді тапсырды. Күзде өткізілетін халық санағы да – күрделі кезең. Сондықтан санақ жүргізетін маманның барлығы екпе алуы маңызды екенін сала басшыларына егжей-тегжейлі түсіндірді.

ІШКІ  НАРЫҚҚА  ӘЛ  ЖЕТПЕЙДІ

БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруа­шылық ұйымының мәліметтері бо­йынша  әлемдік азық-түлік бағасы 40%-ға өскен. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Мұндай жағдайда елдегі инфляция алғашқы алты айда 7,9%-ды құрады. Бұл белгіленген мақсатты дәлізден 4-6% жоғары. Шамның жарығы түбіне түспесе де, инфляция­лық ахуал халықтың әл-ауқатына әсер етпей  қоймады.

– Ең өткір мәселе азық-түлік тауар­ларының қымбаттауы болды. Пандемия елдің азық-түлік қауіпсіздігінің осалдығын көрсетті. Әрине, біз Қазақстан экономикасы ашық екенін түсінеміз және сәйкесінше біз импорт пен экспорт үшін өз нарығымызды жаба алмаймыз. Бұл салаға да, тұтынушыларға да кері әсер етеді. Сонымен қатар, отандық аграрлық индустрияның ішкі нарық­ты негізгі өнімдермен қамтамасыз ете алмай­тындығы туралы сын мүлдем әділетті, – деп президент бүгінгінің өзекті мәселесін  тілге  тиек  етті.

Шыны керек, кей аймақтарда азық-түлік қорын сақтайтын орын да тапшы. Үкіметтің бірнеше отырысында көкөніс дүкендерін салу және жаңарту бойынша нұсқаулар бірнеше рет берілген. Бірақ, «баяғы жартас – сол жартас». Көкөніс өнімдерін сақтау үшін тек 6 облыстың жеткілікті сыйымдылығы бар – Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыс­тары. Ал Ақтөбе облысында – 79%, Батыс Қазақстан облысында – 56%, Шығыс Қазақстан облысында 50%-дан астам қоймалар ұзақмерзімді сақтау үшін зама­науи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген. Міне, халықты азық-түлікпен қамтудың бір тармағы осындай күйде.

ОМАРОВ  ОТСТАВКАҒА  КЕТТІ

Жаз – жайлауға, қыс қыстауға кө­шіп, «малым – жанымның, жаным – арымның садақасы» дейтін көшпелі халықтың ұрпағы қазір жайылымдық жерге зәру десе… Біреу Қазақстанның ұлан-ғайыр атырабы барын айтар, біреу шарасыздықтан күрсінер, біреу мүмкін емес деп басын шайқар, бірақ, шындық – осы. Биыл, әсіресе ауыл шаруашылығымен күн көріп отырған ағайын тарықты, қамық­ты. Жан бағып отырған қора­сындағы  малынан айырылды. Оған себеп – жем-шөптің болмауы, жайы­лымдық жерлерге оттың шықпауы мен аяқсудың тапшылығы жұттан хабар әкелді. Түйенің табаны түсіп, жылқы төлінен, құлын енесінен айырылып, аруа­на  бота­сынан, ботасы енесінен ажырап, боздаған жыл әр қазақтың жүрегіне тыныш­тық бермеді. Әсіресе, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында ахуал өте күрделі, әлі де сондай. Су тапшылығы салдарынан басталған ахуал қос өкпеден қысып, шаруалардың жағдайын күрт төмендетіп жіберді. Не керек, бұрын тарихтың сарғайған парақтарынан оқитын қуаңшылық пен жұт көз алдымызға көлденеңдеп тұра қалды. Бір тонна шөптің орташа бағасы 23 мың теңге, ал кейбір аймақта екі еселеніп, 42 мың теңге болды. Мұның соңы неге әкеп соқтыратыны белгілі. Жағдай бұлай жалғаса берсе, тапшылық тағы туындайды, бағаның өспесіне  кепіл  жоқ.

– Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтуда. Әрине, қуаңшы­лық – табиғи  жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен, бұл – мәселенің  бір  жағы  ғана.

Ең алдымен, осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді. Бірақ, министрлік бұл жұмысты тиімді ұйым­дастыра алған жоқ. Сондықтан осы сала­ға  бірден-бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін. Бұл жұмыс, әсіресе, дағдарыс кезінде қолы­ңыздан  келмейді екен, – деді мемлекет басшысы кеңейтілген Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, жиын барысында президент жайылымдық жерлерді пайдалану мәселесіне тоқталды. Мәселенің ушығуына әкімдіктер тарапынан тиісті бақылаудың болмауын қадап айтты. «Қазір мал жаю үшін 29 миллион гектар жер қажет. Соған қарамастан шаруа қожалықтары 33 миллион гектар жерді пайдаланбай отыр. Ауылдық округтердің 80 пайызында жайылымдық жер тапшы. Бұл, әсіресе, Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарында айқын сезіліп отыр» деген президент Үкімет пен облыс әкімдері прокуратура органдарымен бірле­сіп, игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беру  ісін  қолға  алуды  тапсырды.

ПРЕЗИДЕНТ  НЕГЕ  АЛАҢДАУЛЫ?

Рас, әлемдік пандемия тұрақты өмір сүру салтымызды сәл де болса басқа арна­ға бұрды. Салдарынан қаржылай табыс­тың азаюы өзекті мәселеге айналды. Кедейшілік деңгейі 4,5 пайыз болса, 800 мыңға жуық азаматтың табысы күнкөріс деңгейінен төмен екеніне президент те алаңдаулы.

– Зейнетақы, жәрдемақы және шәкірт­ақы сияқты әлеуметтік трансферттер артқанымен, еңбек табысы азайып бара жатыр. Қазіргі таңда еңбек ұжымдарындағы жалақы мөлшері мен еңбек жағ­дайына байланысты наразылықтар көбейіп келеді. Әлеуметтік серіктестік жөніндегі үш жақты комиссияның еңбек дауларын болдырмауға қатысты жұмысы мардымсыз. Тек қағаз жүзінде ғана жүргізіледі деуге болады. Өңірлерде бұл комиссияны әкімдердің өздері басқаруға тиіс. Туындайтын мәселелерді алдын ала болжап, еңбек ұжымдарымен және жұмыс берушілермен ашық әңгімелескен жөн.

Үкімет жұмыс берушілер және жұмысшылар ұйымдарымен бірлесіп, үшжақты комиссиялар қызметінің тиім­ділігін арттыру үшін пәрменді шаралар қабылдауы  керек.

ҚАРЫЗ  БАР,  ҚҰЖАТ  ЖОҚ

Өткен жылы іскерлік белсенділіктің төмендеуінен кейін шағын және орта бизнес ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында сәл де болса даму қарқынын көрсеткен. Президент баяндамасында айтылғандай, жұмыс істеп тұрған ШОБ 3%-ға өссе де, кейбір аймақтарда әлі де төмендеу бар. Осы ретте мемлекет басшысы әкімдер өз аймақтарындағы шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытуды жеке бақылауға алуды тапсыр­ды.

– Облыстық әкімдіктер артық бағаланған деректерді беруде. Жергілікті қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі менің тапсырмам орындалмай жатыр, – деп аймақ­тық әкімдіктегі жауапты тұлғаларды қатаң сынға алды.

Министрлер кабинетін түгел жинаған кеңейтілген отырыстың жазылмаған заңдылығы десе де болғандай, бұл жерде кемшін тұстар міндетті түрде көрініп қалады. Мәселен, еліміздің сыртқы және ішкі қарыздарын басқару сапасын жақсар­ту туралы сөз де осында қозғалды.

– Сыртқы қарыздардың көп бөлігі шетел валютасында көрсетілген. Квазимемлекеттік секторда да айтарлықтай қарыз ауыртпалығы бар. Сонымен бірге бізде мемлекеттік қарызды басқару тәсілдері туралы бірде-бір құжат жоқ. Бір сөзбен айтқанда, ойланатын нәрсе бар. Үкіметке мемлекеттік және квазимемлекеттік қарыздарды басқару тұжырымдамасын әзірлеуге тура келеді, – деп мәлімдеді президент.

Айта кетейік, 2025 жылға қарай үкіметтік қарыз құрылымындағы сыртқы қарыз үлесінің 21-ден 49%-ға дейін өсуі болжануда.

ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ  ҚЫМБАТТАДЫ

Қазақстанның транзиттік әлеуетінің зор  екені белгілі. Жүк  айналымының 90 пайызы жүк пойыздары арқылы тасы­мал­данады. Осы ретте президент ең ыңғайлы транзиттік орта құру керектігін айтты.

– Қатаң кедендік бақылау қажет, бірақ тиімді  әрі заманауи түрлерін қолдану керек. Үкіметке транзиттік жүктер үшін «жасыл дәліз» деп аталатын мәселені қарас­тыруды тапсырамын. Трансазия­лық теміржолдың Оңтүстік дәлізін дамы­ту үшін Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа «Дарбаза-Мақтаарал» желісі салынбақ. Бұл – ең маңызды интеграция­лық жоба, – деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар, президенттің назарынан энергетикалық кешенді дамыту мәселесі де тыс қалмады. Айтуынша, қазіргі уақытта электр қуатын өндіру оның тұтыну көлемінен асып түседі. Сала дамып, халық саны өскен сайын энергияны тұтыну артады. Осыған байланысты оңтүстік аймақта маневрлік қуаттылықты іске қосу – жедел қажеттілік. 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта Шымкент, Қызылорда, Талды­қорған, сондай-ақ Түркістан облысында жалпы қуаттылығы кемінде 1500 мегаватт құрайтын аралас циклды қондырғылар салу бойынша төрт жоба жүзеге асырылады деп күтілуде.

Айта кетейік, 2018 жылы жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ету мақсатында үш мұнай өңдеу зауытын жаңарту  аяқталды.

– Бұл жерде бізде үлкен мәселе бар, оған 2 триллионнан астам теңге жұмсалды. Нәтижелердің бірі ретінде жыл сайынғы жөндеу жұмыстарының уақыты 45-тен 20 күнге дейін қысқарады және зауыттың толық тоқтауы үш жылда бір рет өткізіледі деп күтілген. Бірақ жөндеу саны, уақыты және апаттық аялдамалар саны азайған жоқ. Нәтижесінде жанар-жағармай тапшылығы мен бағаның күрт өсуі байқалады. Жыл басынан бері жанармай бағасы қазірдің өзінде 13%-ға өсті. Оңтүстік аймақтарда олар жанар-жағармай материалдарын талон­ға шығаруға мәжбүр. Оның үстіне, үш мұнай өңдеу зауыты да ішінара немесе толығымен мемлекетке тиесілі, – деді президент  Қ.Тоқаев.

Жалпы алғанда, елімізде әлі де күрмеуі шешілмеген мәселелер баршылық. Байқағанымыз, Үкіметтің кеңейтілген отырысында ең ірі, ауқымды, жедел шешу­ді қажет ететін мәселелер қамтылды. Кемшілігі көзге ұрып тұрған салаларды тез арада реттеу ұсынылды. Сын сағатта батыл шешім қабылдау үшін пәрмен берілді, жауаптылар ескерту алды, бір салалық министр отставкаға кетті, қалғандары да ұстараның жүзінде отыр­ған  шығар,  бәлкім?!  Кім  білсін?

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: