Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Бұл туралы Президент бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясында айтты, деп хабарлайды Ақорда.
«Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық ақиқат. Мұны ешқашан естен шығармау қажет. Қазіргі таңда еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Қазақстан жаңа өрлеу кезеңіне қадам басты. Биыл еліміздің болашағы үшін мән-маңызы зор көптеген тарихи оқиғалар болды. Халқымыз аз уақыт ішінде бір ұлт болып көп жұмыс атқарды. Елімізде жалпыұлттық референдум арқылы ауқымды конституциялық реформа табысты жүзеге асырылды. Осылайша, біз нағыз Халық Конституциясын қабылдадық», деді Мемлекет басшысы.
Президент жаңа Конституцияның өз күшіне енуін төл тарихымыздағы аса маңызды бетбұрыс деп бағалауға болатынын айтты.
«Соның нәтижесінде өсіп-өркендеуімізге жол ашатын мықты заңды негіз қалыптасты. Қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын мүлде жаңа саяси-құқықтық жүйенің іргетасы қаланды. Бұл жүйе мемлекет құрылымын толық жаңғыртып, билік институттарының тиімділігін арттырады, сондай-ақ, азаматтарымыздың ел басқару ісіне атсалысуына нақты мүмкіндік береді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Ақорда
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!