Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Мәдениетсіз» мәдениет министрі

13.07.2022, 15:10 548

HALYQLINE.KZ

Шәкен Айманов «Мен мәдениет министрінен қорықпаймын. Мәдениет министрінің мәдениетсіздігінен қорқамын» деген екен. Соңғы кездері Дәурен Абаевтың халыққа бағытталған дөрекі сөздері біздің де қорқынышымызды еселей түсіп отыр. Халыққа өктемсіп сөйлеп, миығынан күліп жауап беретіндей халық Абаевқа не жазып қойып еді?! Тіпті басында «абайламай айтып» қалды ма десек те, дөрекілігі үшін халықтан кешірім сұрап кішірейген министрді байқай алмай отырмыз.

Шыны керек, көп жағдайда ұлттық құндылықтарымыздың жаһанданудың жетегіне еріп жойылып кетпеуіне ең алдымен алаңдайтын – халық. Ал Абаев ұлтымызға қарсы ма, әлде ұлттық құндылықтарымыздың қадірін білмей ме, ұлттың тілі, ұлттың мәдениеті сөз болған жерде дөрекілігі де тез іске қосылатынын байқап жүрміз. Соның айғағы өткен жылы Д.Абаев Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, мемлекеттік идеологияға бірден-бір жауапты тұлға кезінде «үңгірден шыққан ұлтшылдар» деп тіл жанашырларының намысына тиген болатын. Атап өтер жайт, қазақ тілді қоғам отыз жылдан асса да тіл мәселесінің шешілмей, мемлекеттік құжаттардың әлі күнге орыс тілінде жүргізіліп, орыстілді жастардың артып бара жатқанына алаңдаулы. Ал бұл мәселеге ықпал етіп, тіл мәселесін шешу орнына еліміздің идеологиясына жауапты шендінің тұтас ұлтты үңгірге апарып тыға салуы талай адамның наразылығын туғызған болатын. Мемлекеттің де тілге қатысты саясатын аңғартқан Абаевтың сөзі өңменімізден өтіп кеткенін несін жасырайық. Бірақ билікте «Абаевтар» тұрғанда қазақ тілінің көсегесі көгермейтінін анық аңғардық…

Одан соң өзіне сұрақ қойған журналист әйелге «вам сверху или снизу нравится?» деп «шешенсуі» тіпті орынсыз болды. Алайда ол сөзді қозғауға, қоғам талқысына салуға өзге түгілі өзіміз ұялып мәселені жылы жауып қоя салған едік. Бірақ миығынан күліп, менменси сөйлеген қылығынан тіпті түңілдік.

Енді жақында Түркістан қаласындағы халықпен кездесуде жергілікті телеарналардағы бассыздықтарды тоқтату туралы өтініш айтқан аналардың біріне «ұнамаса көрмей-ақ қой, пультті алып ауыстыр!» деп «ақылдымсуы» тіпті шошытты. Ұлттың болашағына алаңдаған, егде жасқа келген ақ жаулықты ананың республикалық телеарналарда менталитетімізге әсер ететін, ұлттық құндылық, тәлім-тәрбиеге жат, интрига, меланхолия және трагедияға толы үнді сериалдарына тоқтау салу туралы пікірі мен оған «пультті алып ауыстыра салмайсыз ба» деп миығынан күліп, мазақтай жауап берген білдей бір министрінің сөзінен кімнің өресінің қаншалықты екені анық байқалды. Бір анығы, мәселенің барлығы пультте деп ойлайтын Абаев тұрғанда үйдегі теледидардың тәртібінің де дұрысталмайтынын түсіндік.

Ең сорақысы, тілімізге қорған, мәдениетімізге араша болатын Мәдениет министріміздің сыйқы осындай болғанда, мәдениетіміз қалай дамымақ?! Жалпы салаға жаны ашымайтын, халықтың сөзін жүре тыңдап, менсінбей жауап беретін, ұлттың мәселелеріне басы ауырмайтын шенділерден қашан арыламыз?! Мәдениет және спорт министрінің «мәдениетсіздігі» қорқытып та, шошытып та тұр…

Қуаныш  ӘБІЛДӘҚЫЗЫ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: