Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Иі қанып, иін тірескен интригалар…

26.08.2026, 14:35 55

HALYQLINE.KZ

ТАЯУ  АРАДА  БІЗДІ  КҮТІП  ТҰР

Сонымен, Құрылтай сайлауы өтті. 1 қыркүйектен бастап, Жаңа Қазақстанның шын мәніндегі жаңа саяси өмірі басталады.

Одан біз, қарапайым халық, не күтеміз?

Меніңше, алдағы кезеңде бізді жеті мықты интрига күтіп тұр.

Президент Тоқаев кешегі сайлауда дауыс беру кезінде журналистердің сұрақтарына жауап беріп, Конституциялық соттың өзінің тағы да сайлауға түсуге мүмкіндігі бар екені туралы шешіміне комментарий берді. Яғни, келесі сайлауға қатысатыны не қатыспайтыны жайында 2027 жылы шешім қабылдайтынын хабарлады. Міне, ең басты интрига деп осыны айт! 2029 жылды тағатсыздана күтіп отырған, оның қарсаңында дайындықты бастап та кеткен билік ішіндегі және биліктен тыс талай амбиция абдырап қалған сияқты…

Мемлекеттік басқару жүйесіне елдің жаңаша тарихында екінші рет вице-президент лауазымы енгізілді (Тәуелсіз Қазақстан тарихында ондай қызмет болған-ды). Иә, оның басқа елдегі аттас қызмет иелерінен айырмашылығы бар: ол өзгелер секілді сайланбайды, тағайындалады, сол себепті оның саяси тағдыры бір сәттік болуы да мүмкін. Дегенмен, «мемлекеттегі екінші адам» деген бейресмиден гөрі ресми мәртебеге ие бұл қызметке кім келеді, бүгінде көпшілік соны талқылап әуре. Әуреленбей-ақ қойыңыздар, оны бір адам – президент қана шешеді.

Президент өз сөзінде ол елге белгілі тұлға екенін атап өтті. Мемлекет басшысының маңайында ондай адамдар баршылық. Бірақ та танымалдық деген мен ел алдында беделді деген екі түрлі ұғымды шатастырмау керек екені де рас.

Міне, екінші дәрежелі интрига осы: түсінде өзін вице-президент көріп жүрген талай пенде (және олардың артында тұрған кландар мен ықпалды топтар!) ашық күреске шықпаса, құпия түрде өзін жарнамалап, бәсекелестерін жермен-жексен етуге дайын тұрғаны да рас. Құты ішіндегі сарышаяндардың қырылысы тағы да үдей түсетін сықылды. Ондай ақпараттық һәм гибридтік соғысты да көре жатармыз. Тек ол пәтшағарлар бір-бірін қырып, жоямын деп, ел бірлігіне іріткі салмаса болды.

1 қыркүйекте еліміздің ең басты органдарының басшылары анықталады: жоғарыды аталған вице-президентке қоса, Құрылтай спикері, Премьер-Министр, Халық кеңесінің төрағасы. Қазірдің өзінде қоғам бұл мәселені қызу талқылап, әртүрлі жорамал айтып жатыр. Бір қызығы, ескі әдет бойынша фавориттер тізімінде дені Тоқаевтың сонау ескі Қазақстан тұсында-ақ көзге түскен маңайластары аталуда. Сонда Жаңа Қазақстан қайда? Және де ол тізім неге президент жанындағы тұлғалармен шектелуі тиіс? Қоғам мен мемлекетті құрайтын басқа да салалар бар емес пе? Қазақстанды жаңарту кадрларды жаңартудан басталуы керек емес пе? Міне, үшінші интрига осы!

Құрылтай өз жұмысын бастайды. 5 проценттік межеден өткен партиялар, соның ішінде, билік партиясы бөрігін аспанға лақтырып, алақайлап-ақ жатыр. Ендігі жерде осы партиялар өз проценттеріне сәйкес өз депутаттарын ұсынуы тиіс. Ол үшін күні ертең тиісті съездерін өткізеді. Төртінші интрига сол: егер де сайлау алдында партиялық тізімдер алфавит бойынша түзелсе, енді жүзден жүйрік нақты, яғни партияның алған орындарына сәйкес анықталып, аталуы тиіс. Ал ол дегеніңіз сол ұйымдардың ішіндегі бәсекені қоздырар хақ: «сен неге өтесің, мен неге өтпедім?» деген сыңайдағы айғай-шуды да еститін болармыз осы аптада. Ішкіпартиялық құпиялардың талайы ашылып, сырдың талайы ақтарылып қалады-ау деймін…

Иә, кешегі «Отан», «Нұр Отан», «Аманат», бүгінгі «Әділет» заңнамалық билікке қол жеткізді (Парламент құрамының 70-тен астам процентіне ие болу оған кез келген заңды, тіпті Конституцияны қайтадан өзгертуге!) мүмкіндік береді. Айтпады демеңіздер, Жаңа Қазақстан құрылысы енді нақты түрде басталмақ, сол себепті билік біз біле бермейтін ағымдағы һәм алыстағы мақсаттарына сай көп ұзамай Конституцияны тағы да өзгертуі ықтимал деп ойлаймын. Бесінші интрига сол.

Классикалық тұрғыдан алғанда, Парламент, яғни Құрылтай биліктің өкілеттік һәм заң шығарушы тармағы ретінде биліктің атқарушы тармағының қызметіне объективті баға беріп, керек кезінде өткір сынап, кейбір ұсынысымен келіспей отыруы шарт. Әйтпесе, билік тармақтарының тепе-теңдігі деген қайда болмақ? Өйтпесе, халық алдындағы беделі артпайды.

Шынын айту керек, экономикада, әлеуметтік салада әттеген-айлар, ойсырап тұрған тұстар қордаланып барады. Баға мен тарифтер қарапайым адамның қолы жетпестей шарықтауда, жұмыссыздық асқынуда, жемқорлық пен әділетсіздік әлі де жойыла қойған жоқ. Бюджеттің жағдайы да оңып тұрған жоқ. Тіпті Үкімет президентке «Ұлттық қорды да күнделікті қам-қарекетке жұмсай берейік» деген ұсыныс айтып жатқан көрінеді.

Міне, осындай түйткілді әрі халық жағына шығуды талап ететін кезде «Әділет» партиясы Үкіметті сынып, өз қолын өзі қалай кесе алады? Өйткені, «Әділет» пен билік бір туған емес пе?! Міне, алтыншы интриганың мәні осында!

Жаңа Конституцияға сай бізде жаңа орган – Халық кеңесі құрылмақшы. Оның да құрамы таяуда жарияланатын сықылды. Оның құрамына кімдер кіреді? «Ләббай, тақсыр!» деп, биліктің айтқанынан шыға алмайтындар ма? Әлде бұл жолы Құрылтайға енбей қалған азаматтық қоғамның еркін ойлы, мемлекетшіл, ұлтшыл өкілдері ме? Бұл да өз алдына бөлек, жетінші интрига…

Жә, әртүрлі деңгейдегі интригалар бізде бұрын да болған, бүгін де бар, ертең де алдымыздан шыға келетіні анық.

Не көрмеген бас дейсіз? Әйтеуір, барлық интригадан аман алып шығатын – халықтың даналығы, көпті көрген көрегендігі мен сабырлығы.

Құдай содан айырмасын!

Әміржан  ҚОСАН.

abai.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: