Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бөгенде берекелі бастама бар

23.01.2020, 11:41 845

Кеше Арал аудан әкімінің есепті кездесуі Бөген ауылдық огругінде жалғасты. Есеп барысында, әдеттегідей, ауылдық округтің әкімі мен учаскелік полиция инспекторы бірінші болып атқарылған жұмыстарды тарқатып өтті.

Бөген ауылдық округінің әкімі Ш.Андызбаевтың баяндауы бойынша өткен жыл бөгендіктер үшін жетістіктерге толы болған. Атап айтқанда, 2019 жылы бөгендіктер З.Шүкіров атындағы №20 орта мектептің 100 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өткен.

Бөген және Қарашалаң елді мекендерінің көше жарықтандыру шамдары үнемдегіш светодиотты шамға ауыстырылып, жарық бағаналарын безендіру, светодиотты ленталар орнату жұмыстары жүргізілсе, қосымша Бөген елді мекеніне 7 баған орнатылған.

Жалпы ауылдық округ көлемінде 36 жеке кәсіпкер, 3 ЖШС, 8 шаруа қожалығы бар. Кәсіпке ден қойған жергілікті тұрғындар «Бастау Бизнес» курсы бойынша білім алып, өз кәсіптерін дөңгелетіп келеді. Мәселен, қайтарымсыз грантқа қол жеткізген ауыл тұрғындары Бекнұр Нұрперзент уақ мал өсіру бағытында, Гүлдана Қаратүпова тігін жұмысымен айналысу, Асқар Жүсіпов мал шаруашылығын дамыту мақсатында кәсіптерін бастаған. Бұдан бөлек, Қарашалаң елді мекенінің тұрғыны Олжас Қасқырбек ауыл шаруашылығын қолдау қорынан алған қаржыға 60 орындық «Икарус» автокөлігін сатып алып, «Бөген – Қызылорда» бағыты бойынша халықты тасымалдауды қолға алса, Анар Сармурзаева 6 пайыз жеңілдікпен ауыл шаруашылығын қолдау қорынан қаржы алып, мал шарушылығын кәсіп етуде. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Ғарифолла Смағұлов өз қаражаты есебінен ауыл орталығынан 200 орындық мейрамхананың құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бір сөзбен айтқанда, Бөгенде берекелі бастама бар.

Осылайша аталған жұмыстар легі одан әрі аудан басшысының есебіне ұласты. Тұрғындар аудан бойынша 2019 жылы атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген жетістіктер жайында толықтай мәлімет алып, іргелі істерге ризашылықтарын жаудырып, оң бағаларын берісті. Әйтсе де, ауыл тұрғындары бірнеше мәселені атап өтті. Атап айтқанда, Бөген елді мекеніндегі №20 орта мектептің ескі ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу, аудандық маңызы бар «Бөген-Ақлақ» бағытындағы автомобиль жолына орташа жөндеу, Қарашалаң елді мекенінде ішкі ауызсу желілерін жүргізу сынды өтініш білдірді. Келелі мәселеге өз кезегінде аудан басшысы тиісінше жауап беріп, назарында ұстайтындығын жеткізді.

Арал  ауданы  әкімінің  баспасөз  қызметі

Пікірлер:
  • Тарихы терең Бөген ауылының толымды тірлігін көргенде қуанып қаламыз. Сыртта жүріп тілеуін тілеп жүреміз. Әкімнің ауыл жастарымен бірлесе жасаған жұмыстарына жоғары баға беремін! Ауылдың жолы жақсарды, ауыз су мәселесі шешілді, мектеп ғимараты жап-жаңа… енді ауылға жаңа дәрігерлік амбулатория, спорт кешені және ауылдық клуб мәселесі шешілсе…

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: