Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынас түбегейлі өзгереді

08.09.2022, 11:00 825

Мұрат  НАСИМОВ,

саяси  ғылымдарының  кандидаты, 

қауымдастырылған  профессор

Мемлекет басшысы Қасым-Жома­рт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған бесінші жолдауында реформалардың 5 бағдарына тоқталды. Елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси жаңғырудың экономикалық өзгерістерге  ұласу қажеттілігі айқындалған жолдауда «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынас түбегейлі өзгеретіндігі белгілі болып отыр.

Осы тұста «азамат мемлекет үшін бе, әлде  мемлекет азамат үшін бе?»  деген сауал туындайтыны анық. Мем­лекет  өз идеясына  сәйкес бел­гілі  бір  мәдениетке, тілге, құнды­лық­тарға байланысты адамдардың қауымдас­тығы екені түсінікті. Мемлекет  ең алдымен өз азаматтарының құқық­тарын қорғауы керек. Міне, осыдан кейін азамат мемлекет үшін әрекет ете алады. Бұл тұста консер­ваторлық немесе либералдық құндылықтарды ұстанған азаматтар арасын­да өзара ортақ байланыс болуы керек. Сондықтан «Азамат – бизнес – мемлекет» тұжырымдамасы «бизнеске арналған билік», «азаматқа арналған билік», «бизнеске арналған бизнес», «азаматқа арналған бизнес», «азаматқа арналған азамат» ұғым­дары  шеңберінде  мемлекеттің  негізгі  қағидаттары  мен  рөлін бейнелеуге тиіс. Тек сонда ғана барлығына теңдей мүмкіндік  беріліп, әділдік  орнайды.

Реформалардың бірінші бағдары жаңа экономикалық саясатқа арналады. Экономиканың шикізат нары­ғына тәуелділігі, өндірістің басқа салаларының дамымауы мемлекеттің егемендігіне қауіп төндіреді. Кез келген дағдарыс ахуалы мемлекет экономикасының жағдайына және тиісінше оның азаматтарының өмір сүру деңгейіне әсер етуі мүмкін. Мемлекеттегі еңбек өнімділігінің төмендігі экономика мен еңбек нары­ғының артта қалуының нәтижесі болып табылады. Танымал экономистер еңбек өнімділігінің төмендігі мәселесі дамыған және дамушы елдерде өмір сүру деңгейін көтеру жолындағы негізгі кедергілердің бірі болып табылатынын жиі ескертеді. Халықтың қартаюы, зейнеткерлер үлесінің қарқынды өсуі есебінде еңбек өнімділігін арттыру көпшілікке өмір сүру деңгейін жақсартудың жолы болып көрінеді. Өйткені бұл әлемнің әлдеқайда төмен экономикалық өсуге үйренуін қамтамасыз етеді. Бұл мәселе бүкіл әлем елдерін алаңдата бастады. Инновацияның жеткіліксіз деңгейі болашақ мамандардың инновациялық дамуға қарсылық тәуекелдерін және Қазақстан экономикасының артта қалуының институционалдық қаупін тудырады. Инновациялық белсенділіктің жеткіліксіз деңгейі технологиялық инновацияларды енгізу тиімсіздігін күшейтеді. Дегенмен, еліміздегі технологиялық инновацияларға жұмсалатын шығындар әлдеқайда жоғары екені жасырын емес. Халық табыс­тарының біркелкі бөлінбеуі әлеуметтік үміттің шектеулілігінен, қалыптасқан әлеуметтік-экономика­лық жағдайдан шығу жолының жоқтығынан, өз әлеуетін іске асыруға ұмтылуынан қарым-қатынас­тардың ішкі шиеленісінің себебіне айналады. Әдетте, мұндай салдар өмірлік құндылықтарды жоғалтуға әкеліп, әлеуметтік мінез-құлыққа, адамның денсаулығы мен қабілеттілік мінез-құлқына теріс әсер етеді. Осы жіктелу салдары халықтың өмір сүру сапасының негізгі элементтерін бұзады. Мынадай да заңдылық бар: кедейлік неғұрлым көбейіп, ұзаққа созылса, өмір сүру сапасының төмен деңгейі сақталады, әлеуметтік маңыз­ды «аурулар» соғұрлым тереңдеп, бола­шақ ұрпаққа мұра болып қалады. Жолдауда айтылғандай, осы күрделі мәселелерді шешуде макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру, заң үстемдігін орнықтыру маңызды рөл атқарады.

Екінші бағдарда нақты секторды дамыту  көзделеді. Кез келген эконо­микалық реформаны жүргізудегі басты мәселе инфляция қаупі саналады. Қатаң түрде ақша-несие саясатын жүргізу және экономикадағы ақшаны қысқарту арқылы жоғары инфляцияны ұстауға болғанымен, бұл ахуалда экономиканың қарқынды өсуіне сену қиын. Экономикада қамтамасыз етілмеген ақшаның пайда болуы гиперинфляция қаупіне де әкеледі. Бұл ахуал еліміздегі нарық­тағы бәсекеге қабілетті, сапалы тауар­лар мен қызметтердің жеткілікті санын ұсына алатын өз өндірісі дамы­ған жағдайда ғана шешіледі. Тек осы жағдайда ғана гиперинфляцияға әкелмейтін, ақша қаржы нарығына емес, соңғы тұтыну тауарлары мен құрал-жабдықтар сияқты өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға кетеді. Елдегі инвестиция­лық ахуалдың нашарлығы және қаржы саласының даму деңгейінің өте төмен болуы капиталдың елден кетуіне, нақты секторға инвестиция­лардың тартылмауына әкеп соғады. Сонымен қатар, экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындар белсенділігін арттыру және олардың инновациялық қызметі арқылы жалпы ішкі өнім өсімінің көрсеткіштерін қамтамасыз етуге болады.

Ел болашағына арналған страте­гиялық инвестициялар үшінші бағ­дарда айқындалады. Мемлекет басшысы ең алдымен ұлт саулығына мән береді. Ел экономикасы мен халық­тың денсаулығы арасында тіке­лей байланыс бар екені белгілі. Экономикалық дамудың әлемдік тәжірибесі көрсетіп отырғандай, дені сау ұлт тиімді экономиканы қалыптастырады. Ұлт саулығы өндіріс ресурсы, кез келген қоғамдық жүйенің басты байлығы болып табылады. Денсаулық сапасы жұмыс күшінің бәсекеге қабілеттілігін және экономиканың дамуын қамтамасыз етеді. Денсаулықтың төмен деңгейінің негізгі кері әсері ел экономикасының еңбек әлеуеті­нің  сарқылуына  әкеледі.

Бұл бағдарда келесі маңызды мәселе ретінде білім беру жүйесі айтылады. Қоғамдағы білім беру жүйесі қызметінің негізгі мақсаттарына жатады: өскелең ұрпақты тез өзгеретін әлемде тәуелсіз өмірге және еңбекке дайындау; жалпыадамзаттық құндылықтарды, әлеумет­тік мінез-құлықтың мо­ральдық-құқық­тық нормаларын да­мыту арқылы жастардың әлеуметтенуін қамтамасыз ету; қоғамдағы әлеуметтік ілгерілеуді қамтамасыз ететін саналы азаматтарды тәрбиелеу. Қазіргі таңда білім беру жүйесі адамның білім беру қажеттіліктері мен ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарын жүзеге асыру, өмір бойы білім алу үшін жағдай жасау және бұқаралық жоғары білім беруге көшуді бас­ты назарда ұстап отыр. Жоғары оқу орындарында білім алушылардың қажеттіліктері мен мүдделерін ескеру арқылы мамандарды көпсатылы даярлауды, вариативтік және икемді оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, білім беру технологияларын дамытуды енгізу арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл мамандық таңдау, кәсіби білімнің жоғары білім деңгейіне жету және динамикалық өзгеретін жағдайларға бейімделу кезінде жеке тұлға үшін жаңа мүмкіндіктер береді.

Еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру, зейнетақы жүйесін қайта жаңғырту, әлеуметтік қамсыздан­дыру жүйесіне өзгеріс енгізу мәселе­лері де осы бағдарда қарастырылады. Жалпы еңбекақының нарықтық жағдайына қызметкерлер жалақысының ең төменгіден жоғарғыға дейін­гі ауытқу мөлшері жатады. Еңбек­ақының нарықтық деңгейі және оны дифференциациялау қағидасы маңыз­ды. Ең жоғары жалақы, құзыреттілік пен ынталандыру арасында тікелей байланыс бар болғандықтан, қызметкердің экономикалық мүдде­лері де ескерілгені жөн. Әлемнің барлық дерлік елдерінде зейнетақы жүйе­сі екі бөліктен тұрады: мемлекет­тік және жинақтаушы. Әлемдік тәжі­рибе көрсетіп отырғандай, болашақ зейнетақының көп бөлігі түптеп келгенде жеке зейнетақы төлемдерінен тұрады, ал мемлекеттік төлемдер көбінесе мемлекет кепілдік берген ең төменгі мөлшердегі жәрдемақыға ұқсайды. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі, оның ішінде ерікті жеке жарналар алдағы уақытта зейнетақыны қалыптастырудың негізіне айналары сөзсіз. Әлеуметтік қамсыздан­дыру әлеуметтік қорғаудың құрамдас бөлігі болып табылады. Әлеуметтік қорғау әлеуметтік қамсыздандырудан басқа еңбекті, денсаулықты және табиғи ортаны қорғау кепілдіктерін, ең төменгі жалақыны және адам өмірінің қалыпты жағдайын қамтамасыз ететін басқа да кепілдіктерді қамтиды. Алдағы уақытта осы бағыттар бойынша көптеген шаралар жүзе­ге  асатын  болады.

Экономиканы құрылымдық реформалау мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғыртатындығы төртінші бағдарда айқындалады. Жаңа Жол­дау­дың тұжырымдамасында министр­ліктердің өкілеттігі мен жауап­кер­шілігін кеңейту арқылы басқаруды орталықсыздандыру қа­растырылған. Үкіметтің басты мінде­тіне министрліктердің өз мәселелерін өз бетінше шешуге мүмкіндік беру және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау саналады деп ойлаймыз. Орталықсыздандыру үкімет пен жергілікті өзін-өзі басқару арасындағы қарым-қатынасқа ай­тарлықтай ықпал етеді. Дегенмен, бұл өзгерістер жұмыстардың қисынсыз сипатын білдірмейді. Орталықсыздандырудың шектері жергілікті билік органдарының саяси салмағы, кадрлық және қаржылық ресурстарына байланысты. Сонымен қатар, мемлекеттік басқаруды орталықсыз­дандыру мемлекеттен тыс жүрмейді, ол орталық биліктің бастамасымен  және бақылауымен жүзеге  асырылады.

Заң және тәртіп бесінші бағдарды белгіледі. Қоғамдағы заң үстем­дігі барлық жеке және заңды тұлғалар­дың, бірлестіктердің, қауымдастық­тардың, мемлекеттік органдар мен мемлекеттің құқықтық мінез-құлқы мен қызметінің заңмен байланыс­тылығын сипаттайды. Заң үстемдігі төрт әмбебап қағиданы сыйлайтын жүйені білдіреді: мемлекеттік аппарат, оның лауазымды тұлғалары мен ресми өкілдері заңға бағынады; нормативтік құқықтық актілер нақты және анық, ресми түрде жарияланып отырады, тұрақтылық пен әділеттілік талаптарына жауап береді және негізгі құқықтарды, адам мен меншікті қорғауды қамтамасыз етуге және қорғауға бағытталады; нормативтік құқықтық актілерді қабылдау және орындау процесі ашық, әділ және ұтымды түрде жүреді.

Мемлекет басшысының бұл жолдауы әділетті мемлекет, біртұтас ұлт және берекелі қоғам құруды көздейді. Әділетті мемлекет халық сенім білдіретін, жүзеге асырылып жатқан басқаруды қолдайтын, ел игілігі мүддесі үшін мемлекеттік биліктің қызметіне оң баға беретін мемлекет ретінде саналады. Халықтың мемлекетке сенімі оның мемлекеттік билік негіздеріне және мемлекеттік органдарды, мемлекеттік мәртебесі бар тұлғаларды және мемлекеттік қызметте жүргендерге қатынасының көрінісі болып табылады. Мемлекетті құрметтеу, мойындау және қолдау халықтың мемлекетке сенімін білдіреді. Біз бірімізді түсінсек, істеріміз өнімді болса ғана біртұтас ұлт бола аламыз. Тек біртұтас ұлт кез келген қауіп-қатерге төтеп бере алады. Әділетті мемлекетті құрып, біртұтас ұлтты қалыптастыруды ары қарай жалғастырған жағдайда берекелі қоғам  құра  аламыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: