Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жалғызбасты әкенің» мұңы ешкімді алаңдатпайды

06.07.2022, 11:00 343

Мемлекет басшысының пәрменімен жалғызбасты аналарға аз-кем болса да, көмек қарастырылып келеді. Бәріне толық үйлестірілмесе де, әйтеуір бірі болмаса бірі атаулы көмекке қол жеткізді. Жалпы, ешқайсысын бөліп-жармай көмектесуге болады-мыс. Бірақ бұған мемлекеттің мүмкіндігі шектеулі. Сол себепті «итке сүйек тастағанда» жармасып қалу керек. Әйтпесе, анау жоқ, мынау жоқ деген езбе шағымыңызды тыңдайтын құлақ жоқ екені жасырын емес.

Қоғамда жалғызбасты аналар деген ұғыммен «егіз» жалғызбасты әкелер деген бар. Құлаққа түрпідей тиеді екен. Амал нешік? Қазақ қызды төрге шығармаушы ма еді? Ендеше, ұлттың үкілеп өсірген кей қыздарының бұл іс-әрекеті елдің қабырғасын қайыстырып, елдің еңсесін түсіретін-ді. Мәселен, жалғызбасты әке деген ұғым – осы нәзікжандылардың «тәтті» сезімнің толқынымен ілесіп, бөгде ер-азаматтың құшағында жүргенінің кесірі. Бүгінде іштен шыққан баласынан безініп кететін аналар жетерлік. Дегенмен, жалғызбасты ана болып қалу да әкелердің де жауапкершілігінің жоқтығынан болып отыр. Тағы бір айта кететін жайт. Шаңырақтың жалғыз қамқоршысы болу – Тәңірдің берген сынағы. Десе де билік тарапынан тағдыр тәлкегіне ұшыраған халқының бір бөлігіне қолдау көрсетіле ме? Әлде байыған байып, жұтаған жұтай бермек пе?

Тағдыр тосын­сыйларға толы. Кейде қуа­ныш, кейде мұң. Қа­зіргі таңда ер мен әйелдің функциясын атқарып отыр­ған әкелердің бары шындық. Олардың өмірі ешкімді алаңдат­пайды. Бұлай деуіміздің себебі бар. Өйткені алдымен өзін, сосын ғана елін ойлайтын әкім, министр, жалпы мемлекеттік  қыз­меткерлер бұл  санаттағы адамдардың бары­нан бейхабар секілді. Себебі қазақ­тың бүгінгі ұрпағының көрінісін көрсетіп, әкелер­дің ерлік қасиетін қара сөзбен жазғымыз келген еді. Хат жіберген мекемелер жауап беруге құлықсыз болды. Олай болса, зерттеуіміздің қалай бол­ғанын бүге-шігесі­не  дейін  баяндап  берейік.

Бұл идея кенеттен туындап, ой қозғалды, сана сілкінді. Ең алдымен, Қызылорда облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғ.Жаңабаевқа заң шеңберінде хат жолдадық. Сұрағымызға «бұл мекемеде бұл санаттағы адамдардың құқы қаралмайтынын» телефонмен хабарласып, басқарма қызмет­шілері мәлімдеді. Қайта-қайта сұрауға мәжбүр болдық. Өйткені жалғызбасты әкелердің тағдырынан бұл мекеме хабарсыз болу мүмкін емес сияқты көрінді. Бірақ мүлде қаралмайтынын ашық айтып, басқа мекемеге хатымызды жолдады. Бір мекеме өзге мекеменің толық функциясынан құлағдар болмаса да, бізге қарағанда көп біледі ғой, құр босқа жібермеген шығар деп күттік. «Сенген қойым сен болсаңның» кері болды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары А.Қайруллаев: «Сіздің хатыңызда көрсетілген сауалдарға мәлімет беруге мүмкіндігіміз жоқ. Себебі ақпараттық жүйеде сұрап тұрған мәлімет жоқ және қарас­тырылмаған», – деп қысқа қайырды. Бұл мекеме қойған сауалымызға немқұрайды қара­ғаны көзге  оттай  басылды. Жазған екі сөйлемі толған қате. Сондықтан ақпаратық қазынасын ашып, зерттегендері күмәнді. Дей тұрғанымен, екі мекеме де жалғызбасты әкелердің тұрмыс-тіршілігін қарап, мемлекеттік бағдарламалар  аясында  қолдау көрсете алмаймыз дегенді  келтірді.

Хош. Бірқатар мекемеге сұрау жолдаған соң, қандайда бір статистиканы іздеуге көштік. Сұрадық. Іздедік. Бардық. Әупірімдеп жүріп, кішкене болса да жинап келген сарқытымызды тарқатайық. Ресми статистика бойынша, 2010 жылы жалғызбасты әкелердің саны 42 мың болған екен. Содан 2019 жылы бұл көрсеткіш 60 мыңнан асыпты. Дегенмен бұл статистиканы нақты деп дөп басуға болмас. Өйткені елімізде ауылды жерлерде әйелі кетіп қалып, баласын өзі бағып отырған әкелер жетерлік. Соңғы уақытта көкек аналардың көбейіп жатқанын әлеуметтік желіден байқауға болады. Айдың-күннің аманында «әйелім кетіп қалды» деп шағым айтатын ер-азаматтар көбейді. Бұған кім кінәлі? Неде болса екі тараптан да бар. Әйелді әлдилеген әлем болса да, әлі күнге дейін «кімнен кеммін, кіммен теңмін?» деген сауалды қояды. Еркектер де сөзге шүйлігуден қалыс қалып жатқан жоқ. Жалпы, жас буын отбасы деген үлкен философияны дұрыс ұқпайды. «Мен» деген желеу басым. Ал, содан кейін жалғыздың күнін кешуге тура келеді. Бұлар өз тағдырының тізгінін бағамдай алмағандар. Сондай-ақ тағдырдың тауқыметімен Тәңір қосқан жарынан айыры­лып қалатындар бар. Билік бүгінін ойлап, жалғызбасты әкелердің тағдырына толғанбай жүр. Бұл  сөзімізді  кейіпкер  де  дәлелдейді.

– Мені бүкіл Қызылорда қаласының беделді блогерлері біледі. Төрт баланың керек-жарақ­тарын өзім қамтамасыз етіп отырмын. Үкімет ешқашан назарын аударған емес. 10 жыл бойы үй де ала алмай келе жатырмын. Қақпаған, бармаған есігім жоқ. Кейде биліктің «көзі көре ме, өзі тірі ме?» деген сауалды қоямын. Әйелімнен айырылған кезде кішкентайым екі жаста болатын. Баламды қараусыз қалдыра алмай, жұмысыма апарып қарайтын едім. Небір қиын күндер өтті, әлі де бар. Тек қана қайырымдылық қорлары азық-түлік әкеліп тұрады. Басқа ешбір жерден көмек көрсетілген жоқ. Қалыптасқан жүйе, «Жаңа Қазақстан» деп қаншама рет жырлағанмен еліміз бәрібір жаңармайды. Қазақстанда байдың қалтасы кеңейіп, кедейдің қалтасы тесіліп қала беретіні анық. Сізге басқа ешқандай ақпарат бере алмаймын, билік керең болса, журналист қанша айқайлағанмен оны мемлекеттік қызметкерлер естімейтіні сөзсіз, – деді жалғызбасты  әке.

Бұл сөздер – қазақ қоғамының бүгінгі көрінісі. 19 миллион халқы бар ел қара бастың қайғысымен жүр. Бізді өзге түгілі, туған бауыр да алаңдатар емес. Әйел адамның сөзі жеңіл, ер-азаматтыкі ауыр болады. Ерлер басындағы қара бұлтты өзі ғана көтеріп жүре бергісі келеді. Біреуге қол жайып, сұрауға қысылып, қымтырынады. Демек, психологиялық күйзе­лісте жүрген ер-азамат психологтың көмегіне зәру. Жалғызбасты әкелер жиі психологтерге барып, кеңес алады екен. Бұл тура­лы  білікті  маман  бүй  деді.

– Маған отбасын жалғыз асырап отырған әкелер көп келеді. Олар қоғамнан тыс қалып қойған. Ешқандай көмек жоқ. Елімізде арнайы бағдарламалар, жобалар, іс-шаралар мүлде жоқ немесе өте аз. Тек баласы үшін өмір сүріп келе жатқан әкелер өмірдің үлкен соққысымен жүреді. Қандайда бір басқа да қиын жағдайға да­йын болады. Дегенмен еңсесі түсіп, көзіндегі жалын сөнеді. Сондықтан менің беретін кеңесім – екінші рет отау құруды қарастыру. Өйткені ер-азаматтарға жалғыз өмір сүру психология­лық тұрғыда ауыр. Әкелік статус деген түспеуі керек. Ең алдымен, жақын туған-туыстардың қолдауы маңызды. Біздің қоғам әйелдерге көп назар аударады. Ер-азаматтарға мүлде көңіл бөлінбейді. Оларды мықты деп айтқанымызбен, қолдау көрсеткен жөн. Шындығында, ер-азаматтар іштен тынады. Әлемдік статистикаға сүйенсек, ерлер әйелдерге  қарағанда өмір сүру ұзақтығы төмен. Сол себепті  әкелер шынайы көмекке мұқтаж, – деді психолог  Назира  Кенжебекқызы.

Үйдің де, түздің де шаруасын жалғыз өзі атқару бұйырған жандарға жақын арада көмек көрсетіледі деп айту да, сену де бос секілді. Біз қоғамның мәселесін жеткізуге тырысамыз. Бұл да – өткір мәселе. Жалғызбасты әкенің мұңын айтып отырып, түбінде баланың тағдыры жатқанын айтқан жөн. Бала – өмір­дегі ең таза жаратылыс. Егер бала әкесінің яки анасының қандай күндерді бастан өткеріп жатқанын көріп өссе, одан қазақ деп жүрегі соққан ұрпақты көремін деп үміттенудің қажеті жоқ. Болашақ ұрпақ – елдің келбеті, ал сол ұрпағымыздың  жай-күйін ойламасақ, елдің  айнасына тас атқанымыз  емес пе? Бала­ларын «тістелеп жүріп» өсіріп жатқан әкелерге заңдық тұрғыда қарап, «жалғызбасты әке» деген санатта мемлекеттен жәрдемақы берілу керек деп санай­мын. Билік пен халық екі бөлек қазанда  қайна­са, екісөзді сөйлеген ел боламыз. Бүгінгі  тақырып  бәріне, бәрімізге маңызды. Сөз төркінін  түсінетін ел болсақ, нәтижесі  болар. Байыпты әңгімеге құлақ түруді  ұмытпасақ  игі  еді.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: