Бүгінде толеранттық өркениетті қоғамның басты ұстанымы саналады. Алайда соңғы жылдары бұл ұғым шынайы төзімділіктен асырасілтеушілікке ұласып, өз табиғатынан алыстап бара жатқандай. Өзгеге түсіністікпен қарау енді тек адамгершіліктің емес, міндеттің өлшеміне айналып кеткен секілді. Одан бас тартқандар әлеуметтік шеттетуге, сын мен айыптауға ұшырайды.
Толеранттық түсінігі адамзаттың соғыс пен қақтығыстан қажыған шағында, төзімділік арқылы бейбіт өмір сүру қажеттілігінен туындағаны рас. Бірақ, бүгінгі таңда ол ұғымды қоғам кейде мәжбүрлі қошемет көрсету немесе келіспесе де келіскен кейіп таныту деп түсініп жүр.
Мәселен, ЛГБТ қозғалысының кейбір елде ресми қолдау табуы бастапқыда дискриминациямен күрес мақсатында жүргізілді. Алайда, қазір кейбір компания қызметкерлерінен ЛГБТ нышандарын тағуды талап ететін, олай етпегендерді «төзімсіз» деп айыптайтын жағдайлар жиілеп келеді. Бұл – таңдау еркіндігін шектейтін асыра толеранттықтың бір көрінісі.
Елімізде де бұл тақырып енді-енді ашық талқылана бастағанымен, жастар арасында ЛГБТ-ны еркіндік пен өзіндік ерекшелік деп қабылдайтындар қатары артып келеді. Кей қоғамдық пікірталаста бұл тақырыпқа қатысты кез келген сыни көзқарас бірден «гомофобия» ретінде бағаланып, адам өз ойын ашық айту мүмкіндігінен айырылады. Әлеуметтік желілерде өзін түрлі гендер өкілі ретінде көрсететін аккаунттардың көбеюі де – осы үдерістің бір бөлігі. Көптеген жасөспірім өзінің ішкі күйін түсінбей тұрып, қоғам ұсынған дайын «этикеткаларға» жабысып, шынайы тұлғалық даму жолынан жаңылып жатыр.
Гендерлердің көбеюі – тұлғалық дағдарыс па? Сонымен қатар, қазір кей ортада тек әйел мен еркек емес, ондаған түрлі «гендерлік сәйкестік» бар деп үйретіледі. Бұл ақпарат жасөспірімдерге де еркін таралып жатыр. YouTube, TikTok сынды платформаларда «мен өзімді осылай сезінемін» деген сипаттағы видеолар арқылы жеткіншек өзінің жеке «менін» нақты емес, уақытша эмоцияларға сүйене отырып қалыптастырады. Толерант боламыз деп, балаға нақты бағыт пен психологиялық қолдаудың орнына, шешім қабылдау еркіндігін тым ерте ұсынып, оған жауапкершіліктің ауыр жүгін артып қойдық.
Бүгінде біржынысты қарым-қатынастар туралы айтқанда, оны тек еркіндік пен «махаббат формаларының әртүрлілігі» деп қарастыру белең алды. Көптеген батыс фильмі, сериалдар мен анимациялық өнімдер біржынысты жұптарды «мінсіз қарым-қатынас моделі» ретінде көрсетеді. Алайда статистика мен өмірлік шындық бұл көзқарастың біржақты екенін байқатады. АҚШ, Канада сынды елдердегі зерттеулерге сүйенсек, гомосексуал жұптар арасында тұрақты қатынастар аз, ажырасу немесе серік ауыстыру деңгейі жоғары. Сондай-ақ, психологиялық күйзеліс пен суицидке бейімдік көрсеткіші де мұндай топтар арасында орташа деңгейден әлдеқайда жоғары.
Асыра толеранттықтың тағы бір қауіпті салдары – моральдық жауапкершілікті сұрау мүмкіндігінің жойылуы. Жуырда Алматыда болған жағдай осыны дәлелдейді. «Амировка» деп аталатын ЛГБТ қауымдастығына арналған клубтың иесі Амир есімді азамат өзінің қызметкерін ұйықтап жатқан кезде жыныстық қатынасқа мәжбүрледі деген айыпқа ілікті. Жәбірленуші Елисей Instagram желісінде бұл оқиғаны бүкпесіз баяндап, бейнебақылау жазбасын да жариялады. Оның айтуынша, өзі ес-түссіз күйде болған және ешқандай келісім бермеген.
Бұл оқиға қоғамда ЛГБТ өкілдері арасындағы қатынастар тек «қорғансыз азшылықтың» бейнесінен тұра бермейтінін, онда да билік, манипуляция, зорлық-зомбылық болуы мүмкін екенін еске салады. Алайда мұндай мәселелер көп жағдайда үнсіз қалады, себебі ЛГБТ қауымдастығына қатысты кез келген сын — «гомофобия» ретінде қабылдануы мүмкін.
Бодипозитив қозғалысы да ұқсас бағытта өзгеріске ұшырады. Алғашында дене кемістігі немесе ерекше келбет үшін қысым көрген адамдарға қолдау көрсетуге шақырған бастама қазір семіздік пен денсаулыққа зиян өмір салтын қалыпты нәрсе ретінде көрсетуге дейін барды. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар да дабыл қағуда. «Денені сүю» идеясымен бірге жүрек-қан тамыр аурулары, диабет пен семіздік белең алуда.
Аборт тақырыбы да қоғамдағы үлкен алауыздықтың біріне айналды. Әйел құқығын қорғау ниетімен басталған қозғалыстар енді кейбір елде абортты кез келген кезеңде жасауға рұқсат етуге дейін жетті. Бұл жерде өмір құндылығы мен шектен тыс еркіндік арасындағы шекара көмескіленіп барады. Осы тұрғыда өзге пікір білдіргендер бірден «феминизмге қарсы» немесе «артта қалған» деп сипатталады.
Бұндай жағдайларды жалған позитивизм деп сипаттауға болады. Дәлірек, кез келген нәрсеге тек жақсы жағынан қарау керек деген жалған сенім. Оның салдары – шынайы проблемаға көз жұму. Ал моральдық релятивизм – барлық құндылық пен ұстаным салыстырмалы, ештеңе абсолют емес деген түсінік. Мұндай жағдайда дұрыс пен бұрыстың арасындағы шекара бұлдырап, бәрі «нормаль» болып кетеді. Бұл, әсіресе, жас ұрпақтың адасуына жол ашуы мүмкін.
Жасыратыны жоқ, қоғамда осындай ұстанымдар тамыр жайғанда, ашық диалог әлсірейді. Адамдар өз ойын ашық айтуға именеді. Ал пікір алуандығының жоғалуы радикалды көзқарастардың көбеюіне жол ашады. Сондықтан толерант боламыз деп жүріп, шындықты бүркемелеу мен жағымпаздыққа бой алдырмас үшін тепе-теңдік қажет. Төзімділік – өзгені түсінуге тырысу, бірақ өз пікіріңнен бас тарту емес.
Міне, осындай мысалдар бүгінгі толеранттықтың бейтарап ұғымнан гөрі идеологиялық құралға айналып бара жатқанын көрсетеді. Әр пікірге «жақсы» демесең – жаусың. Әр адамды қошеметтемесең – қарсысың. Ал нағыз плюрализм – пікір алуандығы, пікір қайшылығын сыйлау еді. Бірақ асыра төзімділік бұл құндылықты жұтып барады.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!