Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жол апаты: жауаптылар жазалана ма?

09.09.2021, 11:00 381

Жоғары жылдамдықпен жүруді жаман әдетке айналдырған жауапсыз жүргізушілердің кесірінен қаншама тағдыр қыршыннан қиылды десеңші. Қара жолда жүйткіген жылдам көліктер жол жүру ережесін белшесінен басып, басқа адамдар өміріне қауіп төндіріп жүргенін көріп жүрміз. Олардың басым бөлігі жауапкершіліктен оңай құтылатыны да жасырын емес. Тек шекпен жамылып, шен таққан танысың болса болғаны. Осыдан бірер апта бұрын редакциямызға хат келді. Хатта қала орталығында болған жол-көлік апаты туралы жазылып, «жауаптылар жазадан оңай құтылып кете ме?» деп  алаңдаушылық  білдіріпті.  Осы тұрғыда оқырман сұрағын жергілікті полиция департаментіне жолдап, ресми  жауабын  алдық.

Ағымдағы жылдың 10 тамызында сағат 19:30 шамасында Көшербаев көшесі мен Астана даңғылы қиылысында екі көлік соқтығысып, бір көліктегі екі адам қаза тапқан болатын. Екі адамның өмірін қиған бұл оқиға көптің жүрегін қынжылтты. Шынында, жылдамдықпен соқтығысқан көліктердің сау тамтығы қалмаған. Осы орайда, редакциямызға оқырманнан хат келіп түсті. «Мақсат Үсенов» синдромы» деген тақырыппен жазылған жазбада алаңдаушылық байқалады.

«Қаламыздың көшелері өткен ғасырдағы  қаланың даму үдерісіне сай салынған. Қазіргі таңда замануи технологиялармен жөнделіп, жаңартылғанымен қаланың  үлкейіп, көркейіп, жетілгеніне сай көшелерді өзгерту мүмкіндігі жоқ, өйткені орналасқан үйлерді орнынан көшіру, оларды дәл соған пара-пар үймен қамтамасыз ету –  іске асуы қиын шаруа. Дегенмен, қолдан келгендерін орында­ған. Жол-көлік апаты күнде болмаса да жиі болып тұрады. Құдайға шүкір, адам шығыны жоқ, азды-көпті мәшинелердің темірлері майысқаны, пластмасса мен шыны  заттары  сынғаны  болмаса.

Жоғарыдағы жол апатына келетін болсақ, елімізге дендеп кірген індет секілді болды. Әкесінің алып берген қымбат көлігі, жас­тық шақ, жауапкершіліктен ада сана-сезім, бәрі – қолжетімді дүние. Көлікті тізгіндегенде жалғыз өзінің өміріне ғана емес, айналасындағы қоғам мүшелерінің өміріне де жауапты. Бейнекаме­ралар айыппұл салатын кезде жұмыс жақсы істеп тұрып, дәл осындай ақ-қарасын ажырататын кезде басқа жаққа қарап қалады екен. Орыстардың «моя хата с краю»  дейтін мақалындай. Бейне­бақылау басқа – басқа, осындай қиылысы күрделі күре жолдарды жіті қадағалауы керек. Тақырыбымыз айтып тұрғандай, басты кейіпкеріміз қайда екен? Қоғамнан оқшауланды ма? Қолымен істегенді мойнымен көте­ре ме? Әлде, өзіміздің қалада да кезекті Мақсат Үсеновымызды таптық па? Сұрақ көп. Жауапты құзырлы органдардан  күтеміз». Міне, хатта қысқаша  осылай  делінген.

Хат қолымызға тигеннен-ақ, полиция департаментіне хат жолдадық. Жауап та көп күттірмеді. Алайда күдігімізді сейілтіп, жауа­бымызды қанағаттандырды деп айта алмаймыз. Департамент жол-көлік апатының болғанын растады. Тағайындалған сот сараптама қорытындылары мен тергеп-тексеру нәтижесімен авто­көлік жүргізушілерінің әрекеттеріне құқықтық баға берілгені көрсетілген. Алайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жария етілмейтінін жазып, бұл сұрақты уақыт еншісіне қалдырды. Оқырманның  сұрағын  құзырлы  органдарға жеткіздік, енді әліптің артын  бағайық…

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: