Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жазасын жеңілдеткісі келеді

26.05.2022, 12:00 503

HALYQLINE.KZ

Жемқорлық фактілері бойынша елімізде істі болғандар көбейіп кетті. Әріден тартпай-ақ өзіміздің облыстағы былықты айтсақ та жеткілікті. Естеріңізде болса, ақпан айында Қызылорда облысы Әділет департаментінің бас маманы Н.А-ның үйіне азық-түлік тасыған мемлекеттік қызметкерлердің іс-әрекеті Әдеп жөніндегі кеңесте қаралған болатын. Сол кезде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің әлі күнге дейін бары әшкереленіп, лауазымды тұлғалар тәртіптік жазаларын алды. Алайда берілген жазаны жеңіл деп қабылдайтындар болса керек. Өйткені азық-түлік тасымалдауға ықпал еткен Шиелі аудандық мәслихатының құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Ә.Көбегеноваға қолданылған тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу туралы аудандық мәслихаттың ұсынысы Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды.

Бұған дейін Ә.Көбегенова мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза алған еді. Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 82-тармағында егер мемлекеттік әкімшілік қызметшi жаңа терiс қылық жасамаса және бұл ретте өзiн адал жұмыскер ретiнде көрсетсе, тәртіптік жаза алты ай өткенге дейiн алынуы мүмкiн деп көрсетілген. Заң талаптарына сәйкес, тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алуға болады. Осыны негізге алып, уақытынан бұрын жазасын «жеңілдеткісі» келген еді. Бірақ ұсыныста өзгеден артық қандай жұмыс атқарғаны жайында ештеңе айтылмаған. Әдеп кеңесінде Шиелі аудандық мәслихат аппараты мемлекеттік мекемесінің аппарат басшысы Айнаш Аблашқызы Ә.Көбегенованы ақтау үшін айтпақшы болып жұптап қойған сөздерінің бәрі бір сәттің ішінде қожырап, мәні кетіп, ешбір дәлел келтіре алмады.

Әділет департаментінің жүргізген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде Шиелі ауданында өзге аудандармен салыстырмалы түрде қарағанда құқықбұзушылық фактілері аз анықталған. Бұл статистикаға Ә.Көбегенованың үлесі зор. 17 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Сол себепті өз функциясын жақсы атқаруда. «Алдағы уақытта мемлекеттік қызметке кір келтіретін іс-әрекетке бармаймын» деп өзінің жауапкершілігіне толық алып отыр. Сондықтан аппарат басшысы ретінде бір рет мүмкіндік берген дұрыс деп санаймын, – деді Айнаш Аблашқызы.

Иә, бұған дейін «күлшелі бала сүймекке жақсы» дегендей, жұмысы тұралап қалмас үшін басқалардан «артық жұмыс» істеген-ді. Абай атамыз айтқандай, «өзгермейді деген адамның тілін кесер едім» демекші адам өзгеруі мүмкін, ал жемқор ше? Өйткені кеңейген асқазанның тәбетін басу да қиынға соғады. Хош. Бізді елеңдеткен тағы бір нәрсе аталмыш тұлғаның телефон жазбасында «пәлен деген ауылдар менікі, түген ауылдар Абитбаеваныкі» деген секілді өзі сияқты адаммен ауылдарды бөліп алу әрекеттері бар екендігі белгілі болған. Бұл ұзақ уақыт бойы жүргізілген жоспарлы түрдегі процесс болуы кәдік. Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының айтуынша, үш ай көлемінде негізсіз тәртіптік жазаны алып тастау дұрыс емес. Тіпті бұны қарауға жібергенді де құптамайтынын жасырмады. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері тәртіптік теріс қылықтың ауырлығын, қызмет барысында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілмегенін ескере отырып, жазаны мерзімінен бұрын алуға бірауыздан келісім бермеді.

Әдеп жөніндегі кеңесте қаралған келесі мәселе облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Марат Егембердиев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет пен әдеп кодексі нормаларының сақталуы бағытында атқарылған жұмыстар туралы есебі болды. Кеңес шешімімен М.Егембердиевке департамент қызметкерлері арасында мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамалары, конкурс өткізу қағидасы, әдеп кодексі, тәртіптік жаза қолдану қағидасы нормаларын түсіндіру, заңсыз сыйлық алу, қоғамдық орындарда моральдық-этикалық нормаларды бұзу фактілеріне тұрақты түрде профилактикалық бақылау іс-шараларын жүргізу ұсынылды.

«Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жалаулатып, өзгеріс енгізу – құптарлық жұмыс. Десе де кей адамның әлдекімге жағынып, жағымпаздану іс-әрекеті көңіліңді түсіреді. Себебі бұған дейін жемқорлық қаптап, бір ұйымның қол астында өмір сүргеніне жаның ашиды. Мойындаған да ерлік шығар. Бірақ референдумдағы өзгеріске аса бір қуанып, бөрігімізді аспанға лақтыру –асығыстық іс-әрекет. Мәселен, заңда жемқорлық фактілері бойынша заң бар деген құр сөз. Өйткені баптар босатуды қарастырып тұр. Бүгінгі кейіпкер де жазасын ауырсынбағасын мерзімінен бұрын сытылып шыққысы келді. Егер бұл қайталанбағанын қаласақ яки сыбайлас жемқорлық азайсын десек, олардың тәртіптік жазасын мерзімінен бұрын жеңілдетуге тыйым салған жөн.

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: