Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұсталған «Қазтеміртранс» АҚ лауазымды тұлғаларының қатарында Қызылорда филиалының басшысы да бар

30.12.2022, 16:05 148

HALYQLINE.KZ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстан Темір Жолы еншілес кәсіпорындарының бірі, Қазақстан Республикасы жүк вагон паркінің ірі операторы «Қазтеміртранс» АҚ лауазымды тұлғаларын ұстады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Агенттік мәліметінше компанияның және оның өңірлік филиалдарының лауазымды тұлғалары жүк вагондарының тапшылығын пайдаланып, кейбір жағдайларда осындай тапшылықты жасанды түрде жасаған. Әрі проблемаларды шешудің орнына осы жағдайды өздерінің пайдасы үшін пайдаланып, жүк вагондарын кедергісіз және жеделдетіп бергені үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алған.

«Тұрақты пара алудың белгіленген схемасына филиалдардың қызметкерлері мен басшылары, сондай-ақ бас кеңсе бөлімшелерінің менеджерлері мен бастықтары қатысты. Ақша қаражаттары, әдетте, лауазымды тұлғалардың немесе олардың сенімді адамдарының, оның ішінде жақын туыстарының карт-шоттарына аударылып отырған. Акционерлік қоғамның Ақмола филиалының бір ғана басшысы 2020 жылдан бастап 70 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз алып, оның басым бөлігін Щучье-Бурабай курорттық аймағының ойын мекемелеріне жүйелі түрде бару арқылы жұмсаған», – делінген хабарламада. 

Компанияның Қарағанды филиалының бұрынғы және қазіргі басшылары да осындай қылмыстар жасады деп күдікке ілінді. Ұсталғандардың барлығы 2 айға қамауға алынды.

«Сондай-ақ ақшалай қаражатты заңсыз алуда Қызылорда филиалының басшысы мен Қоғамның орталық аппаратының бірқатар қызметкерлері әшкереленді. Басқа лауазымды тұлғалардың қатысуы тексерілуде», – деп қосты агенттік өкілдері.

Айта кетсек, жүк вагондарының уақытылы жеткізілмеуіне байланысты жүк жөнелтуші кәсіпорындар жеткізілімдердің бұзылуына жол береді, үлкен шығындарға ұшырайды және пара беру арқылы өз мәселелерін шешуге жүгінуге мәжбүр. Сонымен бірге, бұл шығындардың барлығы тауарлар бағасының өсуіне әсер етеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: