Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сотталғандар мейрам күні балаларымен қалай кездесті?

01.06.2021, 16:15 410

ЗК-169/1 тергеу изоляторының шаруашылық бөліміне қалдырылғандар арасында көп балалы әкелер де кездеседі. Соның бірі А есімді жаза мерзімін өтеуші азаматтың бес баласы бар. Тереңөзектің тумасы тепсе темір үзетін шағында аңдамай адым басып, істі болып, 5 жылға сотталып кеткен. Енді міне, жазасын темір торда өтеп жүр. Мұнда отырып, сол бес перзентінің қамын ойлап алаңдаулы. Бүгінде шаруашылық бөлімінде ағаш ұстасы болып жұмыс істейді. Тапқан табысының бір бөлігін әйеліне жіберіп отыр.

– Қылмыс жасағаныма өкінемін. Бес балама қамқор болып, қолдау көрсетер шақта, мұнда отырмын. Үлкенім мектепті үздік бітірді. Заңгер боламын дейді. Ең кіші ұлым төрт жаста. Қалған үшеуі мектеп жасындағылар. Жасөспірімдердің киімі қымбат, күнделікті тамағы тағы бар. Жұмыс істемей, үй шаруасында отырған әйелім үшін оларды бағып-қағу оңай шаруа емес. Сондықтан ай сайынғы сот шешімімен бекітілген төлемімнен қалған еңбек жалақымның бір бөлігін, әйеліме жіберіп отырамын. 1 маусым балаларды қорғау күніне орай , үйдегі балаларыммен сөйлесіп, мерекелерімен құттықтадым. Жіберген ақшаға әйелім аз да болса, олардың жазғы маусымдық ең керекті киімдерін алар. Жазамды өтеп шыққан соң, балаларыма дұрыс тәрбие беремін. Олардың тәртіпті, төңірегіне сыйлы, жұрт қызығар азамат болып өсуі үшін, адал жолмен еңбек етемін, -деді сотталған азамат.

Балаларды қорғау күніне орай көпбалалы әкеге балаларымен онлайн кездесу өткізуге мүмкіндік туды. Изолятор басшылығының бұл қадамына әке де, балалар да дән риза.

– Ия, бала үшін әке – асқар тау, тірек болып саналады. Жаза мерзімін өтеп жатқан бұл сотталғандар балаларымен сөйлесіп болған соң біраз күнге дейін көтеріңкі көңіл күйде жүреді. Балаларының жетістігі – олардың бостандыққа деген зор үмітін оятады. Бұл азаматтың әкелік қамқорлығы, оның түзелу жолына бет бұрғандығын байқатады. Сондықтан біз сотталғандардың туыстарымен онлайн форматтағы байланысын уақытылы ұйымдастырып отырамыз – деді жасақ бастығы, әділет лейтенанты Нұрсұлтан Абибуллаұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: