Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шара мен жаза

03.02.2020, 12:18 626

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті өткен жылдың соңына таяу жылдық қорытынды есебін берген болатын. Жыл басталысымен сол есепті көрсеткіштермен шамалас баяндама тағы бір мәрте өңір журналистеріне оқылды. Брифинг беру басшылықтар арасында бәсеке емес секілді еді. Анығында тілшілер тындырылған тың істердің ғана қорытынды есебін тыңдауға асық тұратын халық. Қош, департамент тарапынан айтылған сан қилы цифрларды сөйлетіп көрейік.

Мәліметтерге сүйенсек, облыста бас-аяғы 3000-нан аса мемлекеттік қызметші бар. Оның 111-і өткен жылы қызметтен кеткен. Олардың арасында өз өтінішімен, дәлелсіз себептермен жұмыста болмағандықтан, жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа барғандықтан, мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар және өзге де себептермен жұмыстан босатылыпты. Жоғарыда аталған 3000-нан аса мемлекеттік қызметкердің 15,2 пайызы – жастар.

Былтыр әдеп жөніндегі кеңестің 10-нан аса отырысы өткізіліп, мемлекеттік қызметшілердің 65 мәселесі қаралған. Кеңес шешімімен 20-ға жуық қызметкер әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, Қазалы ауданы Әйтеке би кенті әкімінің де тәртіптік ісі талқыланған. Былтырғы жылдан бері нысанаға ілігіп келе жатқан кент әкімнің ісі департаменттің әрбір брифингі сайын баяндалатынына ішжиып қалғанымызды несін жасырайық. Сонымен кеңестің шешімі негізінде Әйтеке би кентінің әкімі
Ж.Мұратбаев тарапынан «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы 1-тармағының 4-тармақшасында көзделген мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін Қазалы ауданы әкімінің өкімімен Әйтеке би кентінің әкімі атқаратын мемлекеттік лауазымынан босатылды.

Баяндама барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Нұрман Талқанбаев автокөліктерді жеке бас мүддесіне пайдаланатындардың да бар екенін айтты.

– 2019 жылы қызметтік автокөлікті қызметтік мақсаттан тыс пайдаланғаны үшін Әдеп жөніндегі кеңеспен 3 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік шара көрілді. Атап айтқанда, Қармақшы ауданы, Иіркөл ауылдық округі әкімдігінің қызметтік автокөлігін құжатсыз басқарғаны үшін аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабына сай хаттама рәсімделіп, аудандық полиция бөлімінің артқы ауласына қамауға қойылғаны белгілі болды,- деді ол.

Сондай-ақ, қызметтік автокөліктерді демалыс күндері пайдалану фактілері де орын алады екен. Облыс әкімдігінің іс басқармасының ресми мәліметтеріне сәйкес желтоқсан-қаңтар айларында облыстық басқармалар тарапынан қызметтік автокөліктерді сенбі-жексенбі, мереке күндері, яғни демалыс күндері қызметтік қажеттілікке байланысты жұмысқа шығару туралы 142 өтінім түскен.

Айта кетейік, қазір мемлекеттік қызметтердің басым көпшілігі электронды түрде көрсетіледі. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіміне сәйкес барлық 371 қызметтің 291-і электронды түрде, 80-і қағаз түрінде көрсетіледі. Жалпы облыстағы қызмет беруші мекемелер тарапынан алдыңғы жылы 3 701 580қызмет көрсетілген. Енді осы сала бойынша департаменттің жүргізген тексерулері нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталыпты. Ол осыған дейінгі жылдырға қарағанда 5 есеге дейін артқан. Нақтырақ айтқанда 21187 заңбұзушылық ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді (жеке басын куәландырылатын құжат көшірмесі және т.б.) сұратуға қатысты орын алған. Сондай-ақ 7036 рет стандартта көзделмеген құжаттар (мемлекеттік тіркеу туралы хабарлама, неке қию туралы куәлік және т.б.) талап етілсе, 3692 рет қызмет көрсету тәртібі бұзылған. Жұмыс барысында осындай заңбұзушылықтарға жол берген 40-қа таяу қызметкерге ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс секілді жұмыс «жазалары» бекітілген.

Мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі жыл сайын жоғарылап келеді. Қит еткен артық қимыл заматында нысанаға алынып, заң құрығына іліге кету де қиын емес. Қолда бар цифрларға сүйенсек, аймақтағы заңбұзушылықтардың ұзын-ырғасы осындай.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: