Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құлқынның қақпаны

04.11.2021, 13:00 387

Алданып қалмаудың айласын қарастырып жүрмесе, қазіргі кезеңде аяқтан шалып, қақпанға түсіретіндер көбейіп тұр. Қазір айласы ауыспайтындар адамнан ақша жасаудың әдісін ойластырып, кәдімгі «кемпір беріп, қыз аласыңның» керін келтіреді. Солардың ішінде қаржылық пирамидалардың «пәлекеті» көп адамға кес болды. ҚР Қылмыстық кодекстің 217-бабына сәйкес, қаржылық пирамидаларға тыйым салынған. Соған қарамастан былтыр 37 қылмыстық іс қозғалып, 20-ға жуық қаржы пирамидасы жабылған. Ал биыл қаржылық мониторинг агенттігі 15 қаржы пирамидасының қызметін тоқтатып, зардап шеккендерге 2,3 миллиард теңгені кері қайтарған. «Көп асқанға – бір тосқын» деп, қаржыға құныққандарға жаза айналып өтпейтіндігі ескертілді.

Жуырда ғана мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдап, онда еліміздегі көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жұмыстары туралы сөз болды.

– Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөнінде 490 іс қозғалды, оның 28-і жалған шот-фактура жазып берумен және қылмыстық жол арқылы қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан тұлғаларға қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру деректері бойынша жүргізіліп жатыр, – деді Жанат Элиманов.

Президент Қ.Тоқаев халықты бекер алданып қалмас үшін қаржы пирамидаларына қарсы кешенді жұмыс жоспарын жасауды тапсырды.

Қазір еліміздегі ең ірі қаржы пирамидасы Questra World-қа қатысты іс сотқа жіберіліп жатыр. 2016 жылдың наурызынан 2017 жылдың маусымына дейін Испания, Кабо-Верде және Ресей азаматтары Қазақстан аумағында Questra World қаржы пирамидасын құрып, оны қазақстандықтар да тартылған трансұлттық ұйымдасқан топ құрамында басқарғаны анықталған. Пирамида басшылары салынған соманың 336 пайызға дейін табыс табуға кепіл­дік беріп, салымшыларға виртуалды валюта­ны пайдалану арқылы 90-нан 500 мың еуроға дейін­гі ойдан шығарылған инвестициялық портфельдер сатып алуды ұсынған. Қылмыс­тық іс бойынша төрт адам, оның ішінде 2020 жылдың тамызында Белоруссиядан экстрадицияланған Ресей азаматы Ольга Клейнард жауап­қа тартылды. Тергеу мәліметтері бо­йынша, Ольга Клейнард Қазақс­тан аумағында алаяқ­тардың әрекеттеріне  жетекшілік  еткен.

Ал Батыс Қазақстан облысында 400-ден астам адам «Лидер», «Алтын Тұмар», «Ұлы болашақ»  қаржы  пирамидаларына  алданған. Алаяқтар WhatsApp желісінде чат құрып, 7 күн ішінде салынған қаражаттан 100%-дан асатын сыйақы алуды ұсынған. Аталған қаржы пира­ми­даларына 435 салымшының 63 мил­лион теңгеден  астам  қаражаты тартылған. Оны ұйым­дастырушыларға 5 жылға бас бос­тандығынан  айыру  жазасы  берілді.

Сондай-ақ Түркістан облысында «Индиго 24»-«Evolution Corpоration» қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары ұсталған. Қылмыс­тық топ 2018 жылдың ақпаны мен 2020 жылдың тамыз айы аралығында салым­шыларға кепілді жүз пайыз пайда әкелуге уәде етіп, сенгіш азаматтардан 3 млрд теңге­ден астам қаражатты иемденген. Күдіктілер алаяқтық жолмен түскен ақшаны өзара бөлісіп отырған. Азаматтардың басым бөлігі қаржы пирамидасына кіру үшін өздерінің үйле­рін  кепілге  қойып,  несие  алған.

Бұдан бөлек, елімізде толып жатқан атышулы қаржы пирамидалары бар. Солар­дың бірі – QuestNet. Кіру құны 1 млн теңгеге жақын. Оның да адамның миын айнал­дырып алатын ерекше қайтарым, ұсыныстары бар. Шетелге саяхаттайсың, қымбат  көлік,  үй  алуға  мүмкіндіктерді үйіп-төгеді. Бейресми ақпараттар бойынша, Қызыл­ордада да осы қаржы пирамидасының  өкілдері  бар.

Айналып келгенде мардымсыз жал­ақы, күнкөріс пен әлеуметтік жағдайдың төмендігі адамдардың өзге де қаржы көздерін еселеудің жолын іздестіруіне алып келеді. Осындай ойдың шырмауына түскен адамдардың алдынан қаржы пирамидаларының алаяқтары кездесіп, қақпандарына түсіріп отырады. «Аз ақша салып, көп ақша аласың», «Байлыққа жетесің» деген ұранды сөздер халықтың алдануы­на  әкеліп  соғады. Өз қолыңмен  істемеген жұмысқа бас сұғып, қаржы салу өте қауіпті. Қарға  екеш қарға да екі қарап, бір шұқып  барып  жейді  асын. Сақтық  керек.

К.БОТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: