Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазына қаржысын қымқырудың қызылордаша «қулығы»

27.12.2021, 16:35 386

«Әйел тілінен табады, ұры ізінен табады» деген. Жаза басқанды жүзіне қарамай, түрмеге тоғытып жатса да, сондайлардан сабақ алмайтындардың азаймай тұрғаны өкінішті-ақ. Бұрын «ұры» деген атаққа екі қолға бір күрек таппай, сенделіп, көше кезгендер ғана ие болатын. Қазір бұл ныспыны сыптай киініп, етігінің ұшына шаң тұрмайтын кәдімгі мемлекеттік қызметкерлердің арасындағылар да «арқалайды». Сырт көзге жылтырағанмен, қызметінде оларды қой терісін жамылған қасқыр ма дейсің. Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасында осындай былықты бәлекетке іліккен мемлекеттік қызметкерлер бар екен. Мемлекеттен қомақты қаржы жымқыру ісіне араласқан. Тіпті аймақ басшысының осы салаға қатысты орынбасары да ұрлық іске байланысты тәртіптік жазаға тартылыпты.

Мұны Қызылорда облысы прокуратурасының басқарма бастығы О.Қалматаев аймақ тілшілеріне берген баспасөз брифингінде мәлімдеді. Аяқтың әр адымын аңдап басатын заманда аяқтарын алшаң баса жүріп, қылмыстық әрекетке барған кімдер деп ойлап отырған боларсыз?

Жалпы, Қызылорда облыстық прокуратурасы ауыл шаруашылығы саласында 160 млн теңге субсидия қаржысын жымқыру фактілерін анықтап, соған байланысты 4 қылмыстық іс тіркеген. Соның ішінде Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері инвестициялық салымдарды субсидиялау кезінде шопанға арналған вагондардың жалған техникалық паспорттарын қолдану арқылы 110 млн теңге мемлекет қаржысын жымқырған. Аталған қызметкерлер шын мәнінде қазылмаған құдықтар үшін оң нәтижелі жалған актілер рәсімдеп, жалпы сомасы 24 млн теңге бюджет қаржысын жымқырғаны дәлелденді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкердің өзімен байланысты ұйымдар құру жолымен күн панелдерінің құнын қасақана көтеріп, 8,4 млн теңге бюджет қаржысын жымқырғаны анықталды. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша тіркелген 4 қылмыстық 1-еуі бойынша сот үкімі қабылданып, 1-еуі сотта қаралуда, ал 2-еуі тергелуде. Субсидия беру барысында орын алған заңбұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, салаға жауапты облыс әкімінің орынбасары және Қызылорда облысының ауылшаруашылығы басқармасының қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Ақша жүрген жерде қатаң тексерістің де болатынын ескермейтіндер әлі де бар. Заңы бар мемлекетте өмір сүретіндерін кейбір құныққандар естерінен шығарып ала беретін секілді. Бюджет қаражатын игеруде заңдылықтың сақталуына қадағалау мемлекеттік бағдарламалардың («Жұмыспен қамту жол картасы», Агроөнеркәсіптік кешінін дамыту, «Нұрлы жер» және т.б.) орындалуына тексеру жүргізілген. Нәтижесінде барлығы 442 млн теңге бюджет қаражаты жымқырылған. Мәселен, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары бойынша мердігер ұйым тарапынан 26 млн теңгенің жұмысы атқарылмағаны анықталып, кінәлі тұлғалар қылмыстық жауаптылыққа тартылған.

Бюджеттің бүйірі толықты. Әрине, талапты шеңберден шығып кеткен мекемелер заңды түрде еселерін өтеуі тиіс. Мысалы, «СНПС Ай-Дан Мұнай» АҚ рұқсат құжатынсыз газ жаққаны үшін 563 млн теңге қоршаған ортаға келген залал төленді. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарттар бойынша «Саутс Ойл» ЖШС-мен 323 млн теңге, «Құмкөл Транс Сервис» ЖШС-мен 45 млн теңге көлемінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына төленуі тиіс қаражат өндірілді.  Сонымен қатар ірі күріш өнімін экспорттаушы 6 ұйымнан («Абай-Дәулет», «Жан-Арай», «Най-Мир», «Эль-панда», «Абзал и К», «Ристорг капитал»ЖШС) бюджетке 112 млн қосымша салық төленуі қамтамасыз етілген.

Бауыржан Момышұлының «тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар. Мемлекеттік қызметкер де, жеке кәсіпкер де, тіпті ешкіммен, ештеңемен шаруасы болмаған адам да айналып келгенде мемлекеттің ортақ заңына бағына өмір сүреді. Заңның шеңберінен шеткері қалу – айыппұл төлеу, шиеленіскен жағдайда сотқа дейін бару деген сөз. Абайлағандар – абыройлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: