Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қақырық (деректі детектив)

01.04.2021, 11:00 393

ЖОЛДА

1988 жылдың 11 шілдесінде таңертең жолаушылар автобусымен Қамбаш ауылында тұратын ата-анасына сәлем беріп қайту үшін демалыс күнді пайдаланып, аудан орталығынан жолға шыққан МАИ қызметкері Арал ауданына қарасты Сапақ ауылының тұсынан өте бере, «Самара-Ташкент» трассасы шетінде «Жигули» жеңіл көлігінің  тұрғанын  көрді.

Ол кезде бүгінгідей «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» секілді теп-тегіс, даңғыл асфальт жол да, жүйткіген қарасы қалың көліктер де жоқ. Әр жері ойық-ойық, шұрық-тесік, күйі тайған жол болғандықтан, көліктер де көп көріне  бермейді.

Күн көзі арқан бойы көтеріліп кетсе де, жолда қиыстау тұрған әлгі «Жигули­дің» орнынан қозғалар түрі жоқ. Жанында қыбыр еткен бірде-бір жан көрінбейді.  Сырттан қарағанда мұның  бәрі  күдік  тудырады.

Қызмет барысында әр жағдайға сезіктеніп, күмәнмен қарауға дағдыланған МАИ қызметкері дереу авто­бусты тоқтатып, аса сақтықпен көлікке жақындады. Терезеден ішке үңілсе… сұмдық! Кескін-келбеті еуропалыққа ұқсайтын бір жігіттің оң жақ шекесінен қан сорғалап, көліктің алдыңғы жағына басын ұрған күйі ес-түссіз жатыр. Қан іздері көлік ішін былғап тастапты. Оның үстіне, терезенің сынықтары жайрап жатыр. Тамырын ұстап көрген еді, жігіт о дүниелік болып кеткен екен. Қанның қою болып қатып қалғанына қарағанда, оқиға түнде болғанға ұқ­сайды.

МАИ қызметкері бұл жайтты дереу аудан орталығына хабарлады. Содан көп ұзамай оқиға орнына жеткен қылмыстық жедел-іздестіру тобы бірден тінту, зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Істің тергеп-тексерілуіне Арал аудандық ішкі істер бөлімі бастығының оперативтік істер жөніндегі орынбасары Әйтеке Жарымбетов жауапты болды.

Куәгер ретінде МАИ қызметкерінен жауап алынды. Оқиға болған жер қоршалып, көлікті қарау жүргізілді. Құжаттар, ақша мен бағалы заттар табыл­мады. Мәйіттегі қан іздері сарап­тамаға алынды. Жігіттің денесінде азаптау, көгеру белгілері жоқ. Бірақ, оң жақ шекесінен ауыр жарақат алғаны байқалады.

Алдын ала болжамдар да айтылды. Шамамен түнде болған оқиға. Жол апатына ұқсамайды. Өйткені, алдыңғы жағындағы оң жақ терезесінің сынғаны болмаса, көлікке айтарлықтай зақым келмеген. Соған қарағанда, терезені сындыра отырып, жігіттің оң жақ шеке­сінен  ауыр  затпен  ұрған.

Тінту жұмыстарын жалғастыра келе, Арал қаласынан едәуір жерден тағы бір еуропалыққа ұқсайтын жігіттің өлі денесі табылды. Жігіттің қарағұс тұсынан ауыр жарақат алғаны анықталып, қан іздері сараптамаға алынды.

Әйтеке Әбибуллаұлы екі оқиғаны бір-бірімен байланысты деп болжады. Өйткені, мәйіттердің кескін-келбеттері ұқсайды. Жарақат алған уақыттары да шамалас. Әрі екеуін де ауыр затпен ұрған.

Сірә, қылмыскер көліктің оң жақ қапталынан шығып, терезені сындыра отырып, біреуін ауыр затпен ұрған, ал рөлде отырған жігіт бірден қаша жөнелген-ау! Қылмыскер көліктен шыға қашқан екінші жігіттің соңынан қуып жетіп ұрды ма екен?! Әлде қылмыскерлер бірнешеу болғаны ма?! Мақсаттары қандай?! Өзара таныс болып, бір нәрсеге келісе алмады ма?! Мүмкін, жолда кетіп бара жатқан көлікті тоқтатып, жергілікті  қарақшылар шабуыл  жасады  ма?!

Милиция полковнигі Әйтеке Жарым­бетов осылайша сан мыңдаған сұрақтарды арқалап, материалдарды жинақтап, аудан орталығына қарай тартты.

Көп күттірмей сараптама қорытын­дылары да белгілі болды. Табылған мәйіттердің көрші Ресейдің Саратов облысының тұрғындары – ағайынды Святухалар екендігі анықталды. Олардың ауыр жарақаттан қаза тапқандары да нақтыланды. Жарақат іздеріне жасал­ған сараптамадан ағайындыларды балта немесе соған ұқсас ауыр затпен ұрған деп болжанды.

Әйтеке Жарымбетов жедел-іздес­тіру тобына басшылық ете отырып, енді қылмыскерлерді  анықтауға  көшті. Көліктен, мәйіттерден өзге адамдардың саусақ, қан және басқа да іздері табыл­мады. Ешқандай айғақ қалдыр­май кетіпті. Соған қарағанда, әбден әккі  болып  алған  қылмыскерлер-ау!

Бұрын болған осыған ұқсас қыл­мыстар, оларды жасаған қылмыскерлер назарға алынды. Дереу кісі қолы­нан қаза тапқандардың тұрғылықты жеріне хабарланды. Ол жердегі жедел іздестіру тобы да шұғыл іске кірісті. Алайда іздестіру жұмыстары нәтиже бермеді. Ешқандай  ілік  табылмады.

Дегенмен, ағайынды Святухалар­дың апасының айтуымен жезделері уақытша қамауға алынып, тергеу бас­талды. Себебі, ағайындылар Алматыға жеңіл көлік сатып алуға жол жүрерде жезделерімен әлденеге келісе алмай, қатты керіскен екен. Қалталарында қомақты ақша да болыпты. Ал, жезделері сол уақытта үйден шығып кетіп, бір апта бойы жоғалып кеткен. Тергеу барысында ол қайда және кіммен жүргенін дәлелдей алмады. Оның үстіне, алыс жолдан келгендей шаршаңқы күйде болыпты. Осы жағдайлар ескеріле отырып, Святухалардың жездесі  басты  күдікті деп танылды.

СУЫТ ХАБАР

Ағайынды Святухалардың оқыс өлімі біраз уақыт халықтың жанын түршіктіргенімен, бұл оқиғаны ұмыта бастайтындай алты айдың жүзі де өте шықты.

Жұрт  әлдеқашан  қалыпты жағдайға түсіп, күйбің тірлік кешіп жатқан 1989 жылдың қаңтар айының бас кезінде таңертеңгі уақытта Арал аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшісіне аса суыт  хабар  келіп  түсті.

– Қала шетіндегі Терешкова көшесіндегі үйде қарт кісі мен екі қызды әлдекімдер өлтіріп кетіпті, – деді телефонның арғы жағындағы үрейлі дауыс. 

Хабар келісімен милиция полковнигі Әйтеке Жарымбетов бастаған жедел-іздестіру тобы оқиға болған жерге дереу жетті. Тінту-қарау жұмыс­тары жүргізіліп, жатын бөлмеден қарт кісінің, көрші бөлмеден жасөспірім екі қыздың мәйіттері табылды. Үшеуі де қарағұстарынан ауыр жарақат алғандары байқалады. Уақыттары да шамалас секілді. Оған қоса, үй ішіндегі заттардың шашылғаны, ыдыс салатын, кітап жинайтын шкафтардың ақтарылғаны көрініп тұр. Қылмыскерлер әлдене іздегендей. Себебі, құжаттар орнында. Тек ақша мен бағалы заттар табыл­мады.

Қарт кісі мен жасөспірім қыздардың қазасы туралы көршілері хабар берген екен. Әйтеке Жарымбетов олардың барлығынан жауап алды. Сөйтіп, қария­ның кемпірі қайтыс болғанын, немере қыздарымен бірге тұрып жат­қанын, ал баласы мен келіні Алматыға жұмыс істеуге кеткенін анықтады. Қария­ның өзі кезінде теміржол сала­сында қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан екен. Зейнетақысы да қомақ­ты  көрінеді.

Әйтеке Жарымбетовтің ойына осыдан алты ай бұрын болған ағайынды Святухалардың оқиғасы сап ете қалды. Өйткені, олар да ауыр затпен ұру салдарынан қаза тапты. Әрі қылмыскерлер Святухаларды да, мына мәйіттерді де басынан, қарағұсынан ұрған. Демек, екі оқиғада да күш қолдану тәсілдері бірдей.

Тағы назар аударарлығы, ағайынды Святухалардың көлік аламыз деп алып шыққан қомақты қаражаты оқиға орнын­да қолды болды. Мына қарт кісінің үйінен де ақша табылмай отыр немесе оны қылмыскерлер жымқырып кеткен.

Әйтеке Жарымбетов ішінен: «Осы екі оқиғаның бір-бірімен байланысы бар секілді. Адамдарға күш қолданып, тонаумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топ болды ма?! Не болса да, кәнігі қылмыскерлер-ау! Себебі, ешқандай айғақ қалдырмапты» – деді терең ойға шомған күйі.

Нұргүл  НҰРБАЙҚЫЗЫ,

Байқоңыр  қалалық  сотының 

жетекші  маманы

(Жалғасы бар)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: