Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қақырық (Деректі детектив)

15.04.2021, 10:30 719

«Халықтың» коллажы

ЖАМАННЫҢ  ЖАНЫ  ТӘТТІ

Екі күннен соң, Серікбаевты ұстау туралы шешім қабылданып, таңертеңгі сағат жетілерде жедел топ үйіне сау етіп кіріп келді.

Орнынан тұра алмайтын кейіпте жатқан Серікбаев әлденені сезгендей орнынан атып тұрды да, сылқ етіп отыра кетті. Аяқ-қолы да өзіне ырық бермей, қалтырай жөнелді. Мойны салбыраған күйі, басын көтере алар емес.

Әйтеке Жарымбетовтың сұрағына алғашында жауап бермей, бұлтарғысы келді.

– Туберкулезбен ауырады екенсің. Қақырығыңды қарт кісінің үйінің ауласы­нан таптық, – деді Жарымбетов.

Серікбаевтың маңдайынан тері бұрқ ете қалды.

– Басқасын былай қойғанда, екі қыршын қыздың шырқырағанына қалай шыдап тұрдыңдар?! – деді қарқынын күшейте түскен Әйтеке Жарымбетов.

«Екі қыршын қыз» дегенде, Серікбаев басын көтеріп алды да, қайтадан сылқ етіп, мұрнының астынан міңгірлей бастады.

– Білмеймін… Көзім түк көрмей кетті.

– Көзіңе қан толды деген осы!

– Ана жүргінші екі орысты неге өлтір­діңдер?!

– …

Енді Әйтеке Жарымбетов айлаға көшті.

– Егер ана «достарыңды» ұстап беру­ге  көмектессең…

Милиция полковнигі сөзін аяқтап үлгермеді.

Серікбаев жыламсырай бастады. Шыбын жанын аман қалдырса, тергеу­ге көмектесетініп айтып жалбарын­ды. Сол жерде оқиғаның қалай болғанын, кімдер қатысқанын айтып берді. Бірақ, сыбайлас­тарының қазір қайда жасы­ры­нып  жүргенін  білмейтінін айтты.

ҚУЫСҚА  ТЫҒЫЛҒАН  «СҰР  ЖЫЛАНДАР»

Анықталған жағдайлар бойынша Әйтеке Жарымбетов қайтадан жаңа жоспар әзірледі. Яғни, Серікбаевты үйінде қалдырып, телефон байланыстарын тыңдау арқылы сыбайластарының жасырынып жатқан жерін анықтау туралы шешім  қабылдады.

Сөйтіп, Серікбаевқа сырттай бақылау жасалып, ертеңіне Есмахановтың жатқан жері туралы мәлімет алынды.

Есмахановтың жасырынған жері зиратқа жақын жердегі шатыры биік үй екен. Күдікті сол шатырдың ішіне тығылыпты. Шатыр деген аты болмаса, қонуға жайлы, ыңғайлы. Азық-түлікті үшінші күдікті әкеліп отырса керек. Әйтеуір, жағдайлары жаман емес көрінеді.

Әйтеке Жарымбетовтың ұйымдас­тыруымен жедел-іздестіру тобы қолайлы сәтті аңдып отырып, Есмаханов пен Сатпаевты шатыр ішінде ұстады. Көп ұзамай қылмысты ашуға себепші болған Серікбаев та қамауға алынды. 

Тергеу барысында күдіктілер жаса­ған қылмыстарын толықтай мойындады. Қарт кісі мен жасөспірім қыздарға қатысты қылмысты ұйымдастырушы Есмаханов екенін, Сатпаев пен Серікбаев орындаушы болғанын, қарт кісінің үйінде қарулы жігіттердің жоқтығын біліп алып, ақша, дүние-мүлкін тонауды көп уақыттан бері көздеп келіп, түнде есіктерді бұзу арқылы ұрланып кіріп, ұйықтап жатқан қарт кісіні Есмаханов­тың, ал қыздарды Серікбаев пен Сатпаевтың ұрып өлтіргенін айтып берді. Сөйтіп, олар үйдегі ақша мен бағалы заттарды алып кеткен.

Серікбаев үйден шыға бере жөтел қысып, асығып тұрып қақырық қалдырып кеткенін, сыртқы көзге күдік тудырмау үшін мүгедектер арбасына таңылған, жүре алмайтын адамның кейпін танытқанын мойындады.

Сонымен бірге, үш қылмыскер  1988 жылдың 11 шілдесінде трасса бо­йында ағайынды Святухаларды да дәл осылай балтамен ұрып өлтіргендерін мойындады. Мақсаттары ақша, бағалы заттарды тонау болғандарын жеткізді.  

Бұл жайлы дереу Саратов облысына хабарланып, уақытша қамауда отырған Святухалардың  жездесі  босатылды.

ЖОЛДАҒЫ  ҚАНДЫ  ОҚИҒАНЫҢ  ШЕШУІ

Сол 1988 жылдың 11 шілдесінің түнінде ай жарық болды. Түн демесең, айнала тегіс көрінетін еді. Есмаханов, Серікбаев және Сатпаевтың жоспар­лары екеу болды. Мал ұрлау немесе адам  тонау.

Қаланың шетінен  тасалап өтіп, біраз жер ілгері жүргеннен соң, жол шетінде тоқтап  тұрған «Жигули»  жеңіл көлігін  көздері  шалады.

Әуелгіде кісі өлтіру ойларында болмаған. Жайлап көлікке жақындайды. Ішке үңілсе, екі адам ұйықтап жатыр екен. Шамасы, тынығып алайық деп алаңсыз  ұйықтаса  керек.

Бұлар жедел ойласып алып, Сат­паев  көліктің оң жақ қапталынан келіп, шалт  қимылмен терезені сындыра оты­рып, шырт ұйқыда жатқан жігіттің оң жақ шекесінен бар күшімен балтамен қойып қалады. Марқұм сол жерде тіл  тартпай  кеткен. Оқыс дауыстан шошып оянған екінші жігіт есікті ашып қаша жөнеледі. Есмаханов ізінен қуып жетіп, оны да қарағұстан ұрып өлтіреді. Серікбаев көліктің ішіне кіріп, ағайынды жігіттердің ақшасын алып шығады. Қолдарына арнайы қолғап киген олар ешбір  айғақ  қалдырмай  кетеді.

Қылмыстық жоспарларын іске асыр­ған үшеуі жолсызбен Аралға қарай бет алады. Жел соғып, құм суыр­ған түнде бұлардың іздерін құм басып, жасы­рып  тастайды.

СӨЗ  СОҢЫ

Тергеу жұмыстары жан-жақты жүргізіліп, қылмыстық іс сотқа дейін жетіп, Есмаханов бұрынғы қылмыстары үшін де қоса айыпталып, қоғамға аса қауіпті қылмыскер деп танылды. Сөйтіп, сот оны бас бостандығынан өмір бойына айыра отырып, қатаң режимдегі колониядағы  жазасын  өтеуге  үкім  етті.

Серікбаев пен Сатпаев та адам өлтіру, тонау қылмыстары бойынша айып­ты деп танылып, олар да өмір бойы­на бас бостандықтарынан айыру­ға жазаланды.

Бұл оқиғалардан кейін «Жамандықта – тек жоқ, жауыздықта – шек жоқ», деген даналықтың ақиқаттылығына халықтың  көзі  жетті.

Ал, аса ауыр қылмыстардың ашылуына тікелей себепші болған Арал аудандық ішкі істер бөлімі бас­тығының оперативтік істер жөніндегі орынбасары Әйтеке Жарымбетовтың атағы нағыз із кесуші ретінде жер-көкті шарлап кетті. Оның есімі ел есінде қақырық арқылы бес адамның өмірін қиған аса қауіпті қылмыскерлерді ұстаған, тұйыққа тірелген қылмысты ашқан, ішкі түйсігі мен тәжірибесі қатар ұштасқан мықты тергеуші ретінде қалды.

Нұргүл  Нұрбайқызы,

Байқоңыр  қалалық  сотының 

жетекші  маманы

(Соңы.  Басы  өткен  сандарда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: