Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Полиция департаменті қыз-келіншектерді құттықтады

05.03.2021, 10:00 796

HALYQLINE.KZ Халқымыз қашан да нәзікжанды әйелдерді қастерлеп, шаңырақтың ұйытқысына, ырыс пен бірліктің символына балаған. Үйдің киесі, жақсылық біткеннің діңгегі саналатын қыз-келіншектеріміз қазіргі таңда уақыт көшінен қалмай, жоғары кәсібиліктің үлгісін көрсетіп келеді.

Бүгінгі таңда Қызылорда облысы Полиция департаментінде ерлермен иық тірестіре жүріп, жауапты да күрделі салада 400-ден астам нәзікжанды абыройлы қызмет етуде. Полиция қызметінің ауырлығына қарамастан олар азаматтық борышын өтеу жолында қажымай еңбек етіп, тыныштық пен бостандықтың сақталуын басты міндеті етіп келеді.

Бүгін Қызылорда облысының полицейлері ардагер апалар мен нәзікжанды әріптестерін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

Департамент бастығы полиция полковнигі Сұлтан Бектөре Жеңісбайұлы және Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұңғышбай Серікбол Қуатбайұлы полиция қатарында ерлермен иық тірестіре еңбек етіп жүрген нәзік жандарды шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жолдады.

«Жыл мезгілінің ең ғажайып кезеңі, көктемнің шұғылалы шуақты күнінде Сіздерді 8 наурыз – халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүршік атқан көктемнің сұлу арайын ала келген мереке сіздерге бақыттың гүлін, сұлулық пен бейбітшіліктің жасампаздығын, әр күннің жылылығы мен ырысын ала келсін!

Берекенің бастауы өздеріңізден басталады. Отбасының ұйытқысы, әр шаңырақты шаттыққа бөлеп, ортамызда көктемгі бәйшешешек гүліндей құлпырып жүре беріңіздер!

Көгілдір көктем мерекесі өнегелі өмірлеріңіз бен биік көңілдеріңізге шұғыласы мен шуақты шапағатын шаша бергей! Дендеріңізге саулық, босағаларыңызға бақ-береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!» деген ізгі тілектерін жеткізді Департамент бастығы Бектөре Жеңісбайұлы.

Полиция қызметінің ауырлығына қарамастан, қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген нәзік жандыларды құттықтау үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің құттықтау жеделхаты ресми түрде оқылып, Министр полиция генерал – лейтенанты Тұрғымбаев Ерлан Заманбекұлының бұйрығымен өз қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, қызметтерінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген департаменттің қыз-келіншектері марапатталды.

Қазақстан Республикасы ІІМ-нің «Құрмет грамотасымен» Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Мақұлбекова Ирада Қыдырбекқызы, ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төс белгісімен Кадр саясаты басқармасының аға инспектор-психологы полиция майоры Мырзахметова Сандуғаш, Штаб басқармасының инспекторы полиция аға лейтенанты Шакидуллақызы Шамшат марапатталды.

Жалпы, айтулы күнге орай, Департамент бастығының бұйрығымен департаменттің 154 қыз-келіншегіне құрмет көрсетілді.

Ерекше марапатқа, құрметке ие болған қыз-келіншектерді, жалпы әйелдер қауымын «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесімен құттықтаймыз. Дендеріне саулық, босағаларына бақ пен береке, шаңырақтарына ырыс-ынтымақ, қызметтеріне абырой тілейміз. Еліміз тыныш, халқымыз аман, бауырымыз бүтін, бірлігіміз бекем болсын.

Қызылорда облысы Полиция

департаментінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: