Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пайда ойлама, ар ойла

10.10.2020, 11:00 985

HALYQLINE.KZ Оқуға түскен жылы бір жігітпен дос болдым. 1-2 курс жақсы араласып жүрдік. Сабақ үлгерімі өте жақсы болатын. Соңғы 2-курста мүлдем көрінбей кетті. Бітірер сәтімізде сабақта төбе көрсетпей, диплом алуға келді. Тіпті, қызыл диплом алды. Қызық, 2 жыл білім алмай, қызыл диплом иегері атанды. «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңданың» көрінісі ме бұл?! Қазір осындай жайттарды азайтамыз деп жүргенде, өзіміз көбейтіп жатырмыз ба? Қалай? Ел арасынан да «ақша сөйлейтін заман болды ғой», «аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» дегенді жиі естиміз.

Оқуда жүргенде іс-тәжірибе барысында жұмыс істеп, үйренудің орнына пара беріп, «жауып» тастауға дайын тұратындар баршылық. Үйренбей-ақ, оқу бітірген соң жұмысқа тұрарда «әке-көкелері» дайындары да көп. Оқу орны түлектерді жұмыспен қамтуға, барлығын қарастыруға қауқарсыз. Мекемелер мықты кадрларды өздері іздемейді. Ақшасы барлар жұмыс берушінің «ставкасын» беріп, білсін-білмесін жақсы жұмысқа орналасады. Ал, басында білімі бар, қызыл дипломдылар көшеде жұмыссыз сандалып жүреді. Орташа есеппен алғанда жұмысқа орналасу үшін ең төменгі төленетін құн 1000 доллар екен. Егер қолда қаражат болмаса, жұмысқа тұруға ақша ұсыну үшін несиеге жүгінетіндер де бар. Ел ішінде «ендігі ақтаған шығарсың» деген әңгімелер айтылады. Неге пара беруден де, алудан да қорықпаймыз? Әлде жемқорлықтан қорлық көрмейміз бе? Осының бәрі айналып келгенде, оқу орындары мен мекемелер арасында ешқандай байланыстың жоқтығынан туындайды.

«Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазар» демекші, пара алушы жеңіл ақшаның жолында қолынан келгенін істеп бағады. Алайда заңсыз ақша табамын деп заң құрсауына ілініп жатқан шенділерді де көз көріп, құлақ естіп жүр. Көбіміз пара алудың екі бірдей қылмыс екенін ескермей жатамыз. Бұл жерде айыпталатын – пара беруші мен алушы. Оңай олжаның жолында опық жеп қалмау үшін пайда ойлама, ар ойла…

Тұмар қыз

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: