Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемқызметшілер неге жиі тәртіп бұзады?

29.10.2020, 12:00 688

Жуырда ғана жаңа басшысы тағайындалған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті өз жұмысын жүйеден ауытқымай жалғастырып келеді. Аталмыш департаменттің қатысуымен жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілердің 445-і тәртіптік жауапқа тартылған. Олардың 291-іне ескерту, 128-іне сөгіс, 26-сына қатаң сөгіс  түріндегі  тәртіптік жаза қолданылған. «Заң – бәріне ортақ» деген қағиданы қаперінен шығарып алғандардың қатарында басшылық лауазымдағы тұлғалар да бар. Сонымен…

üЖалағаш ауданында бес бірдей мемлекеттік лауазымдағы тұлға қандай қателік жіберді?

üШиелі ауданының әкімі президент пәрменіне неге мән бермеген?

üМемлекеттік қызметшілердің жиі тәртіп бұзуына не себеп?

Осы және өзге де мәселелер департаменттің жаңа басшысы Рафхат Бисеновтің жаңа қарқыным­ен  жүргізген  кезекті Әдеп жөніндегі кеңес  отырысы  барысында  айтылды.

ШИЕЛІДЕ   ШЕНЕУНІКТЕР  НЕГЕ   КӨП?

Кеңес отырысында Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Әдеп жөніндегі уәкілінің есепті кезеңде атқарған жұмысы  тыңдалды.

– Мемлекеттік қызметшілер арасында қызметтік әдепті сақтау және ұжым арасындағы моральдық-психо­логиялық ахуалды анықтау үшін бір рет анонимді түрде сауалнама жүргізілді. Оған ұжымның 34 мемлекеттік қызметшісі қатыс­қан. Өткізілген анонимді сауалнамалармен танысып, зерделеу бары­сында ұжымның моральдық-психологиялық ахуалы жақсы екендігі анықталды. Жоспар бойынша осы бағытта 4-тоқсанда мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтық қызметшілер арасында анонимді сауалнама өткізу межеленуде, – деді Ғабит Ермағанбетов.

Одан кейін тікелей байланысқа шыққан Шиелі ауданы әкімінің есебі  тыңдалды.

– Бүгінгі таңда аудандағы жергі­лікті атқарушы органдарда 200 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Жыл басынан қайта даярлау курсынан – 5, біліктілігін арттыру курсынан  41 мемлекеттік қызметші өткен. Биыл 25 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылса, оның          16-сы – басшы лауазымдағылар. Аудан әкімдігінің ғимаратына рұқсатты бақылау және басқару жүйесі орнатылып, әрбір қызметкердің ғимаратқа кіріп-шығу уақыты бақылауға алынған. Халықпен тиімді кері байланыс орнату мақсатында аудан бойынша барлық ме­кемелерде «Оpen space» форматы қолданысқа енгізілген, – деп мәлім­деді аудан басшысы Қамбарбек Мүбараков.

Аудан әкімінің есебін тыңдағаннан кейін Кеңес төрағасы мен мүшелері аудандағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, әдеп нормалары талаптарының сақталуы және мемлекеттік қызметті өткеру мәселелері бойынша кемшін тұстарды тілге тиек  етіп, тиісті шаралардың қабылдануы қажет екендігін баса айтты. Оған себеп жоқ емес.

– Осы күні Шиелі ауданында 200 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді екен. Президент жолдауындағы тапсырмаларға сәйкес, мем­қызметшілер саны қысқаруы керек. Ал сіз аудан әкімі ретінде Жолдау жарияланған күннен бастап 16 адамды жұмысқа қабылдағансыз. Қыс­қарту талаптарына сәйкес, соңғы қабылданған қызметшілер қысқармайтындар санатына жатса, тәжірибелі мамандарды жұмыстан шығаруға тура келеді. Сіз соны ойла­дыңыз ба? – деді облыстық Әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Р.Төлеуғалиұлы.

Кеңес шешімімен аудан әкіміне мәселені тез арада шешу тапсы­рылды.

ЖАЛАҒАШТА   МАМАН   ТАПШЫЛЫҒЫ   СЕЗІЛЕДІ

Өз кезегінде Жалағаш ауданы әкімдігінің конкурстық комиссиясы мүшелері тәртіптік кеңес талқы­сына түсті. Себеп қандай, нендей кемші­лік  кетті?

Аталған конкурстық комиссия бос мемлекеттік әкімшілік лауа­зымға жалпы конкурсты өткізу бары­сында біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін үміткерге басымдық берген. Нақтырақ айтқанда, Жалағаш ауданының құрылыс, сәуле­т және қала құрылысы бөлі­мінің бас маманы конкурсына қатысу­шының жұмыс өтілі талап­тарға сәйкес келмеген. Дейтұрғанмен, комиссия мүшелері жұмыс өтілі функционалдық талаптарға сай келмей­тін үміткерді хаттамалық шешімм­ен әңгімелесу кезеңіне жібе­ріп, одан кейін бос тұрған бас маман лауазымына тағайындауға ұсынған. Конкурстық комиссия құрамында Жалағаш ауданы әкімі аппаратының басшысы, бөлім басшысы, бас инспекторы, бас маманы және аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы болған.­

– 2019 жылдың 28 қазан күні Жалағ­аш ауданының құрылыс, сәуле­т және қала құрылысы бөлі­мінің бас маманы бос лауазымына орнал­асуға жалпы конкурсқа үміт­кер Б.Шамшиевтың құжаттарының қойылған біліктілік талаптарға сәйкестігін қарау барысында оның білімі орта білімнен кейінгі техникалық және кәсіптік екендігін ескере отырып, осы санаттағы нақты лауазымның функционалдық бағы­тындағы өтілі жан-жақты зерде­ленген. Нәтижесінде конкурстық комиссия  үміткердің  жұмыс  істеген еңбек өтілін  (барлығы 2 жыл  3 ай 10 күн) осы санаттағы нақты лауазым­ның функционалдық ба­ғы­ты­на сәйкес облыстардағы еңбек өтілі деп есептеп, оны конкурстың әңгімелесу сатысына жіберу туралы шешім қабылданды. Себебі, Жалағаш ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманының функционалдық мін­деттерінде «Салынып жатқан (са­лынуы белгіленген) объектілер мен кешендердің мониторингін Қазақстан Республикасы Үкіметі бел­гілеген тәртіппен жүргізу» деген міндеттер көрсетілген. Ал  бұл жағдай амалдың  жоқтығынан  қабылданған шешім деуге де болады. Өйткені бос орынға екі мәрте конкурс жария­ланды. Екеуінде де жал­ғыз үміткер түйіндеме тапсырған. Аудандағы маман тапшылығы, нақ осы мамандық иелерінің жоқтығы салдары бізге қиындық туғызып тұр. Десек те, жұмысқа қабылданған маман­ бір жылдан астам уақыттан бері өзіне жүктелген тапсырмалар мен міндеттерді еш қиындықсыз, еш ескертусіз өз біліктілігімен атқарып келе жатыр, – деді Жалағаш ауданы әкімінің аппарат басшысы М.Құрақбаев өз түсінігінде.

Комиссия мүшелерінің маман тапшылығы салдарынан қабыл­даған ортақ шешімі жоспарлы тексері­с барысы­нда опық жегізіп отыр.

Тәртіптік істі жан-жақты қараған Кеңес мүшелері мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін конкурстық комиссияның 4 мүшесіне «қызметке толық сәйкес еместігі туралы­ ескерту» тәртіптік жазасын ұсыну жөнінде шешім етті. Ал комис­сия мүшесі болған Жалағаш ауданы әкімі аппаратының бас инспек­торы басқа лауазымға ауы­суы­на байланысты, оған қатысты қозғалған тәртіптік іс тоқтатылды.

ТАПТАЛҒАН   ҚҰҚЫҚ,  АЛЫНҒАН   ЖАЗА

Естеріңізде болса, бұған дейін де әлеуметтік желілерде түрлі басшылық қызмет пен орындаушы лауа­зымындағы мемқызметшілердің құқыққа сыйымсыз, әдептен ада қылықтары туралы видеолар да тарады­. Мұндай келеңсіздікті тұрақты қадағалап отыратын департамент тәртіптік комиссия және өзге уәкілет­ті органдардың ұсынысымен 66  мемлекеттік қызметшіні тәртіп­тік жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасаға­ны – 11, қызметтік әдеп нормал­арын бұзғаны – 18, өзге заңна­ма нормаларын бұзғаны – 37. Кеңес барысында бірқатар түсініксіз жайттардың басы ашылды. Талдау жұмыстары нәтижесімен бірқатар мемлекеттік органдарда тәртіптік жаза қолдану барысында жіберілген заңбұзушылықтар анықталған. Мәселен, өз түсінігінде теріс қылық жасау  фактісімен келіспеген Қазалы ауданы, Бозкөл ауылдық окру­гінің әкіміне қызметтік тексеру жүр­гізілместен оған «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Дәл осындай заңбұзушылықпен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшы­сының орынбасарына да тәртіптік шара берілген. Кеңес мүшелері мәселені  зерделеп, мем­лекеттік  қызметшілердің  құқық­тарын қорғауды басты мақсат ете отырып, екі тұлғаға қатысты қол­данылған тәртіптік жазалардың күшін  жоюды  ұсынды.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: