Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Конституциялық жаңа заңның атқаратын рөлі зор

17.11.2022, 15:15 971

HALYQLINE.KZ

Баршаңызға мәлім, биыл 5 қарашада Президентіміз Қ.Тоқаев жария түрде еліміз үшін ең маңызды 6 заңға қол қойды.

Сол құжаттардың бірі – «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» Конституциялық Заңы.

Жаңадан қабылданған «Прокуратура туралы» заңға Конституциялық Заң мәртебесі беріліп, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының құқық қорғау функциясы біршама күшейтілді.

Бұл – еліміздің тарихында прокуратура органдарына қатысты конституциялық мәртебесі бар ең алғашқы заң.  

Заңның мақсаты – Прокуратура органдары қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру және құзыретін кеңейту.

Енді осы Заңның ерекшеліктеріне тоқталып өтсек:

Бірінші. «Прокуратура туралы» Конституциялық Заңының 9-бабының 16) тармақшасында Бас Прокурорға Конституциялық сотқа жүгіну құқығы берілген. Бұл ерекше мүмкіндік екенін атап өткеніміз жөн.

Себебі Конституциялық Сотқа кез келген мемлекеттік орган жүгіне алмайды. «Конституциялық сот туралы» Заңға сәйкес Конституциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге ғана берілген.

Бұл жерде Бас Прокурор Конституциялық Сотқа нормативтік-құқықтық актілер бойынша ресми түсініктеме беру үшін жүгінеді.

Бұдан басқа Бас Прокурордың өтінішімен Конституция нормаларына қатысты ресми түсіндіруді талап етуге ұсыныстар енгізу мүмкіндігі бар.

Екінші. «ҚР Прокуратурасы туралы» Конституциялық Заңы бойынша енді прокурорлар елден заңсыз шығарылған сырттағы активтерді қайтарумен тікелей айналысады.

Заңның 10 бабының 27) тармақшасында Прокурордың өкілеттігіне қылмыстық жолмен алынған кірістерді шетелден қайтару, оның ішінде қылмыстық процестен тыс мемлекеттің мүддесін білдіру бойынша халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қызметті үйлестіру жұмысы берілген.

Үшінші. Прокуратураға кәсіпкерлік субъектілерін тексеру құқығы берілді. Бірақ оның ерекше тәртібі бар. Барлығын оңды-солды тексере алмайды.

Заңның 3-тарауының 18-бабына сәйкес, жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру Қазақстан Республикасы Президентінің, Бас Прокурордың тапсырмасымен және олардың келісімі бойынша ғана жүргізіледі.

Төртінші. Заңды бұзуға жол бермеу туралы түсіндірме енгізілді (32-бап). Ендігіде прокурорлар заңды түсіндіру жұмыстарын тек ауызша жеткізумен шектелмейді.

Бұдан кейін заңды түсіндіру, құқықбұзушылықтың алдын алу үшін жазбаша, ауызша не жария нысанда түсіндіреді және оларға заңда белгіленген жауаптылық туралы ескертеді (41-бап).

Бесінші. Бұрын прокурорлар екі жағдайда ғана нұсқау бере алатын. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және жедел-іздестіру қызметі бойынша.

Ал қазір осылармен бірге әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша қосымша тексеріс жүргізуге, атқарушылық іс жүргізуге, жазаларды орындауға, прокуратураның талабы бойынша жүргізілетін тексерулерге және мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелері бойынша да жазбаша нұсқаулар бере алады (35-бап).

Алтыншы. Жаңа Заңда прокурордың қаңдай жағдайда қаулы шығаратындығы жеке атап көрсетілген (37-бап).

Бұрынғы Заңда прокурор тек қана тәртіптік іс жүргізуді қозғау, тексеріс жүргізу, күштеп әкелу, құқықтық актінің қолданысын тоқтата тұру немесе шектеу сипатындағы шаралардың күшін жою туралы қаулыларды ғана қабылдайтын.

Ал жаңа заңда Прокурор жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы, күзетпен ұстау, жазасын өтеп жатқан, сондай-ақ пробация есебінде тұрған адамдарға қатысты тәртіптік жазалар мен көтермелеулердің күшін жою, лауазымды және өзге де адамның актісін немесе әрекетін тексеру не өтінішті қарау аяқталғанға дейін үш жұмыс күніне дейін тоқтата тұру, сот орындаушыларының заңсыз актілерінің күшін жою және прокурорлық қадағалау актісін мәжбүрлеп орындату туралы қаулы шығарады.

Заңда бұл қаулылардың барлығы міндетті түрде орындалуға жатады.

Жетінші. Жаңа Заңда атап өтуге тиіс тағы бір жағдай прокурорлардың ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі туралы (Заңның 10-бабы).

Прокурор өз құзыретіне сәйкес дербес деректерді және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, ақпаратқа, мәліметтер мен құжаттарға, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерге, әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы істерге, атқарушылық іс жүргізуге және өзге де материалдарға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері мен ресурстарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қол жеткізуге құқылы.

Яғни қажеттілік туындаған жағдайда прокурор тиісті тәртіптерді сақтай отырып кез келген ақпаратқа қол жеткізе алады.

Қабылданған жаңа құжат «ҚР Прокуратурасы туралы» Конституциялық Заңындағы ең негізгі деген басымдықтар мен өзгерістер реті осындай.

Алдағы уақытта еліміздің тұтастығын сақтау және азаматтарымыздың бостандығы мен құқықтарын қорғау жолында қабылданған конституциялық жаңа заңның атқаратын рөлі зор. Барша отандасымыздың құқықтары мен мүмкіндіктері заңмен қорғалып, қолдау табады деген сенімдемін.

Н.Бижанов,

Қызылорда  облысының  прокуроры

Пікірлер:
  • Прокурордың құзыреті ерекше көп кеңейтілген.Сондықтан прокуратура органдары сотқа дейін ақ көп мәселелерді өздері шешіп, әділдікті қалпына келтіре алатын жағдайға жеткізілген. Енді тек кадрлардың біліктілігі мен адалдығы прокуратураның беделін еселеп көтереді. Сәттілік!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: