Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бас жарылса – бөрік астында…

24.09.2021, 16:00 1147

HALYQLINE.KZ

Әлемдегі әртүрлі даулы мәселелердің 70 пайызы медиация жолымен шешіледі. Бұл – біздің қазақтың тарихында болған ақсақалдар кеңесінің аналогы. Туындаған дауды сот ісіне жібермей-ақ медиатордың көмегімен жылдам әрі тиімді жолмен шешудің бір түрі. Яғни сіз медиатордың көмегімен материалдық жағдайыңызды үнемдеп қана қоймай, ең басты байлық – денсаулығыңызды да күтесіз. Себебі сот процесі көз бен қастың арасында бітпейді ғой. Ал аурулардың 80 пайызы психологияға зақым келгеннен пайда болатынын ескерсек, жүйкеңізге, жүрегіңізге, тіпті ұйқыңыздың тыныш болуына ықпал етесіз. Зерттеу бойынша, елдегі орташа өмір сүрудің ұзақтығы 73,2 жасты құрайды. Міне, онсызда «қамшының сабындай қысқа» ғұмырыңызды өзгемен соттасуға кетірудің не қажеті бар?

Әлем елдерінің ішінде ұзақ өмір сүру көрсеткіші бойынша үздіктердің қатарында көрінген АҚШ-та бүкіл құқықтық жүйе көптеген даулы мәселелерді сотқа дейін ерікті түрде шешілуін қамтамасыз етуге бағытталған, ал судья сот процесін үзіп, тараптарға медиатормен жұмыс істеуге кеңес бере алады. Экономика, саясат, бизнес саласындағы медиаторларсыз бұл елде келіссөздердің бірде-бір маңызды процесі жүрмейді. Дауды шешудің бұл мемлекетте ұлттық институты бар, үнемі медиацияның қоғамға ықпалының жаңа әдістерін зерттеп, тәжірибеге енгізіп келеді. Сондай-ақ жеке және мемлекеттік медиация қызметтері бар. Ұлыбританияда да мұндай татуластыру механизмі өте танымал, мұнда тіпті арнайы қызмет бар – елдің кез келген нүктесінен қоңырау шалуға, медиаторға қатысты өз қалауыңызды білдіруге болатын сенім телефоны және сізге барлық кәсіби медиаторлар тізімі ұсынылады. Бұл тізім медиаторлардың рейтингтік көрсеткіші бойынша айқындалады. Сондықтан Сіз өз талаптарыңызға сәйкес келетін мамандарды өзіңіз таңдай аласыз.

Осындай қызметтің түрі біздің елімізде де, тіпті облысымызда да бар. Бірақ кәсіби медиаторлардың еңбегі туралы ақпарат тасада қалып жатыр, ақпараттандыру кемшін екені жасырын емес. Сондықтан да олардың қаншама отбасын татуластырудағы атқарып жатқан еңбектері елеусіз қалмаса екен дейміз. Себебі көпшілігі «медиация» сөзінің мағынасын да білмейді. Бұған халықты надан деп сөгудің қажеті де жоқ. Ақпарат тасқынында бұл тақырып туралы көбірек сөз қозғалса, бәлкім біздің елде де жоғары көрсеткішке қол жеткізер ме едік?! Судьялар медиатордың көмегіне жүгінудің тиімділігін арызданушы тараптарға дұрыс түсіндіруі тиіс. Бұл сөзіме кәсіби медиатор Ляззат Бақтыбаеваның пікірі дәлел бола алады.

– Медиацияның негізгі соттан айырмашылығы ол азаматтардың арасындағы қастандықты, өшпенділікті жояды. Қарым-қатынасты сақтап қалуға жұмыс істейді және азаматтардың моральдық-материалдық ресурстарына үнем болып табылады. Сот процесі – формалды процесс. Мысалы, сот тағайындалады, соттың әзірлік мерзімі бар және де ол тараптар жеңіске жету үшін қандай да бір дәлелдемелер ұсынатын болып жатса, медиация процедурасында оның барлығының қажеттілігі жоқ. Ең бастысы, формалды емес процедура. Әрбір медиациялық кездесулер тараптардың ыңғайына, солардың белгілеген уақытына қарай жасалынады, – дейді.

Медиатордың негізгі міндеті – сан алуан мәселелерді талқылап, ұйғарымға келетін, екі тарапқа өзара қолайлы шешім қабылдауға жәрдемдесу. Медиация әртүрлі күнделікті, санаттағы және деңгейдегі дауларды шешудің тиімді құралы ретінде қабылданды және танылды. Медиацияның көптеген әдістері мен модельдері бар. Бұл қызмет түрін қолданудың алғашқы әрекеттері, әдетте, отбасылық қатынастар саласындағы дауларды шешу кезінде жасалды. Кейіннен медиация отбасылық жанжалдардан бастап коммерциялық және қоғамдық саладағы күрделі көпжақты қақтығыстарға дейінгі ауқымды дауларды шешуде. Ең бастысы, медиация ашық түрде көпшілікке жарияланбайды. «Бас жарылса – бөрік астында, қол сынса – жең ішінде» дегендей кез келген даулы мәселе құпия түрде жасалады. Қазіргі таңда облысымызда медиация қарқынды түрде дамып келеді. Халықтың медиативті сауаттылығын арттыру мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырылуда, болашақта жемісін береді деген де ойдамыз.

Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің «Қызылорда қаласындағы медиация қызметін дамыту» әлеуметтік жобасы аясында қызмет көрсетіп отырған орталықтың негізгі мақсаты – Қызылорда қаласының тұрғындарына заңгерлік және кәсіби медиатордың, психологтің көмегін беру.

Қазіргі таңда орталықта екі кәсіби медиатор, орталық жетекшісі және екі психолог халыққа күнделікті жұмыс күндері өзінің қызметтерін тегін ұсынады. Статистика бойынша 2021 жылы 7 айдың ішінде 1000-ға жуық азаматқа қызмет көрсетілетін болса, қазіргі күні 5 айда мыңнан аса адамға қызмет көрсетіліпті. Ең көп коммуналдық қызмет пен неке дауы мәселесі бойынша азаматтар жүгінеді екен. Келген азаматтардың мәселелері екі тарапқа да оңтайлы шешімін табуда. Медиацияның көмегіне жүгіну үшін қандай құжаттар қажет және бұл процеске қанша ақша керек?

– Медиация процедурасы тегін болып табылады. Ол үшін азаматтар өздерінің жеке басын куәландыратын құжаттарымен келуі керек. Егер де даулы мәселе бойынша қандай да бір құжаттар болса, сол құжаттарды алып келуге болады. Басқа дәлелдемелер ұсынудың қажеті жоқ. Медиатормен сөйлесу арқылы ортақ бір мәмілеге келу процесі болып табылады, – дейді «Бітім» медиация орталығы» ҚБ-нің директоры, медиаторлар жаттықтырушысы Ляззат Бақтыбаева.

Сонда тегін жүргізілген процесс тым ұзаққа созылып кетпей ме? Әлемдегі цифрландырылған алпауыт елдерде әлдеқайда тезірек жүргізілгесін, біздің облыста да медиация процесі сол деңгейде болғанын қалаймыз. «Бірақ бізде бұл процедураның максималды уақыты қанша және тараптардың бірі медиация процесінде жасалған келісім талаптарды орындамаса, қандай шара қолданылады және заң тұрғысында шешім қабылданады ма?» деген сауалымызға кәсіби медиатор:

– Медиация процесі заңмен 30 күн, қандай да бір жағдайлар талап етілген кезде 60 күнге созылуы мүмкін. Бірақ, біз медиаторларға талап қойғанбыз, бір мәселенің мерзімі 1 сағат ғана болу керек. Азаматтар бір сағаттың ішінде мәмілеге келу мүмкіндігін, яғни өздерінің дауларын шешу мүмкіндігін қазіргі таңда алып отыр. Егер тараптардың бірі медиация процесінде өзіне алған міндеттемелерді орындамаған жағдайда олар жергілікті сотқа жүгініп, осы медиацияның бір нұсқасын ұсыну арқылы сот бұйрығын шығарта алады. Атқару парағы әрі қарай мәжбүрлі түрде орындау үшін сот орындаушыға берілетін болады, – деп жауап берді.

Өзін-өзі ақтау үшін келген тараптардың көкейіндегі арманын, бытыраған сынаптай жан-жаққа шашыраған езбе шағымдарын медиаторлар шыдамдылықпен тыңдап, өзара шешімге келу жолдарын ұсынып қана қоймай, достық қарым-қатынаста болуға ықпал етеді. Басында сөз қуып, бірінің сөзін бірі тыңдауға құлықсыз болып, сөздің де құнын қашырып, жау болып келген жандар медиатормен болған әңгімеден кейін, екі денеде өмір сүретін бір жан болып шығады. Бұл да – кәсіби маманның шеберлігінің көрінісі.

Азамат  АБИМОЛДА,

Қорқыт  ата  атындағы  Қызылорда  университетінің  3-курс  студенті

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: