Қазақстанда әкімшілік құқықбұзушылықтарға байланысты салынатын айыппұлдардың шамадан тыс көптігі және олардың шынайы тиімділігі қоғамда қызу талқылануда. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бұл жүйені қатаң сынға алып, еліміздің құқықтық жүйесін «Штрафстанға» теңеді. Оның айтуынша, айыппұлдардың қомақты болуы азаматтардың да, кәсіпкерлердің де күнделікті өміріне үлкен салмақ түсіріп, мемлекеттік бақылау органдарының бопсалау құралына айналып бара жатыр.
Мәжіліс отырысында Азат Перуашев әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу мәселесін талқылау барысында бұл жүйенің тиімсіздігін және оның бизнеске кері әсерін айқын көрсетті. Депутат «Ақ жол» партиясы айыппұлдарды төмендетуге бағытталған нақты ұсыныстар енгізгенімен, олардың ескерусіз қалғанына өкініш білдірді. Оның сөзінше, бұл өзгерістер айыппұлдардың жоғары мөлшерін сақтап қалуды көздейді, ал бұл өз кезегінде құқықбұзушылықтың алдын алуға емес, қарапайым азаматтар мен кәсіпкерлердің қаржылық жағдайын қиындатуға ықпал етеді.
Перуашевтың пікірінше, қазіргі жүйеде баға белгілеудегі қателік үшін 700 мың теңге айыппұл салынуы кәсіпкерлерді пара беруге итермелейді. «Тексерушіге 100 мың теңге беру оңайырақ. Мұндай жағдайда әділетсіздік пен сыбайлас жемқорлық күшейе түседі. Бұл тек бизнестің ғана емес, тұтынушылардың да мүддесіне зиян тигізеді» деп атап өтті депутат. Оның айтуынша, айыппұлдардың мөлшері құқықбұзушылықтың ауырлығына сәйкес келуі тиіс, ал қазіргі жүйе кәсіпкерлерді тауар бағасын көтеруге мәжбүрлеп, инфляцияның артуына ықпал етуде.
Бұл пікірді басқа да деректер растайды. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 6,5%-ға өсуі нәтижесінде айыппұлдардың да ұлғаюы күтілуде. Бұл тек жүргізушілер үшін ғана емес, басқа да әкімшілік құқықбұзушылықтарға қатысы бар азаматтарға қаржылық ауыртпалық әкелуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, айыппұлдар жүйесі құқықтық тәртіпті күшейтудің орнына, мемлекеттік бюджетті толтырудың құралына айналып отыр.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнамалар олардың бұл жүйеге наразылығын көрсетеді. Айыппұлдардың шамадан тыс жоғары болуы бизнеске қысым түсіріп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіруде. Тексеруші органдардың айыппұлдарды жиі бопсалау құралы ретінде пайдаланатыны туралы пікірлер жиі айтылады. Бұл жағдай кәсіпкерлерді сапасыз өнімдерді сатылымнан алып тастау немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғау сияқты міндеттерді орындауға емес, тек жазадан құтылуға бағытталған әрекеттерге итермелейді.
Мемлекеттік органдар болса, айыппұлдардың жоғары болуы құқықбұзушылықтардың алдын алу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін қажет екенін алға тартады. Бірақ депутаттар мен сарапшылар бұл жүйенің құқықбұзушылықтардың алдын алуға емес, адамдардың қаржылық тұрақтылығын қиындатуға әкелетінін айтуда. Бұл ретте, құқықтық жүйені реформалау және айыппұлдарды әділетті деңгейге дейін төмендету қажеттілігі туындайды.
Ал салық кеңесшісі Гүлнұр Нұрланқызы айыппұлдар қоғамды қысуға емес, мәдениетке, заң бұзбауға тәрбиелейтінін алға тартты.
– Жапония мемлекетінің адамдарын мәдениетті, байыпты көреміз. Бірақ ол ұлттың өзіне тән мәдениетін қалыптастыруға заңның қаталдығы мен айыппұлдың көптігі әсер еткенін көбі білмейді. Айыппұл адамды қыспаққа алу үшін емес, заң бұзғаны үшін салынады. Кәсіпкерлердің айыппұлына келсек, олар есеп тапсырмағаны үшін алдымен ескерту алады, одан кейін ғана бір жыл ішінде сол жағдай қайталанса, айыппұл төлейді. Ал бір жылдан кейін қайталанса, тағы да алғашқысында ескерту алып, одан кейін айыппұлға тартылады. Бұл – оңтайлы жүйе. Осы арқылы адамдарды заңға берік болуға тәрбиелей аламыз, – деді ол.
Депутаттың ұсынысы бойынша мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлер мен тұтынушылардың жағдайын терең түсіну үшін олардың орнына барып, күнделікті қиындықтарды өз көзімен көруі керек. Бұл жүйені реформалауға және әділетті құқықтық тәртіп орнатуға бағытталған нақты қадамдар жасауға мүмкіндік береді.
Айыппұлдардың шамадан тыс жоғары болуы қоғамның әділеттілікке деген сенімін төмендетіп, азаматтарды шарасыздыққа әкеледі. Мұндай жүйе тәртіп орнатудың орнына, халықты билікке қарсы наразылық білдіруге итермелейді. Қарапайым азаматтар үшін қомақты айыппұлдар тек қаржылық ауыртпалық емес, құқық қорғау жүйесінің әділетсіздігі ретінде қабылданады. Бұл, әсіресе, әлеуметтік теңсіздікке ықпал етіп, төмен табысты отбасыларды одан әрі қиын жағдайға қалдырады деген пікірлер жиі айтылуда. Ашынған халық айыппұлдарды жазалау құралы ретінде ғана көріп, оның тәрбиелік мәнін жоққа шығарғанын да айта кеткен жөн. Мұндай жағдайда қоғамда заңға бағынудан гөрі, оны айналып өтудің жолдарын іздеу белең алады. Осылайша, айыппұлдардың шамадан тыс болуы құқықтық мәдениетті төмендетіп, қоғамды әділетсіздікке қарсы тұруға шақыратын факторға айналып жатқаны ащы болса да шындық. Әділетті айыппұлдар мен алдын алу шараларын енгізу арқылы ғана құқықтық жүйеге деген сенімді қалпына келтіруге болады. Бірақ бұлай болады деген ой бұлыңғыр тартады. Өйткені, біздегі билік мәселенің өзімен емес, оны қозғаған адаммен алысатыны жанға батады. Тіпті, депутаттың сауалы Парламенттің ресми сайтына да жарияланбады. Осының өзі көп дүниені түсіндіреді.
К.ҚҰРМЕТ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!