Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АЙҒАЙЛАП АЙТҚАННЫҢ БӘРІ АҚИҚАТ ЕМЕС немесе шындығы «шикі» шенеуніктер

27.03.2021, 12:00 522

Иә, шынында, соңғы уақыттарда мемқызметшілердің адалдығына сын көзбен қарайтындар көбейіп кетті. Соқыр статистиканың сергелдеңіне түсіп, болмағанды болды, өтпегенді өтті деу қалыпты құбылысқа айналған.

Өткен аптаның аяғында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша депар­таменті Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Алғашқы болып мінберге Әдеп жө­ніндегі кеңестің 2021 жылғы 28 қаң­тары мен 19 ақпанында қабылданған шешімдердің орындалуы жайлы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орын­басары Берікбол Байхожаевтың хабар­ламасы  тыңдалды.

– 28 қаңтарда кеңес отырысында 7 мәселе қаралған болатын. Онда­ғы Жалағаш және Жаңақорған ауданы әкімдіктерінің   атқарған   жұ­мыстары туралы қаралған мәселе бойынша 10 ұсыныс берілген. Қазіргі таңда берілген ұсыныстардың барлығы орындалды. Одан бөлек, облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі атқарған жұмыстарының нәтижелерін хабарлаған мәселелер бойынша 8 ұсыныс берілген. Олар орындалу үстінде. Сондай-ақ, көлік прокуратурасының  «ұсынысты  созбалаңға  салуы»  мәселесі  бойынша  Шиелі ауданы әкімдігіндегі жауапты тұлғаға шара қолданылды. Ал 19 ақпандағы оты­рыста 8 мәселе қаралды. Ондағы ұсыныстар толығымен орындалған жоқ. Дегенмен, толық орындалуын бақы­лауда ұстайтын боламыз, – деді Берікбол  Ұзақұлы.

Сонымен қатар, соңғы отырыста тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу туралы ұсынысты қарауға 9 бірдей мемлекеттік қызметкер өтініш білдірген еді. Алайда кеңес мүшеле­рі барлығынан бірдей бас тартып, өтініштерін қанағаттандырмаған болатын.

Келесі болып атқарылған жұмыс­тары туралы есеп беруге Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев сөз алды. Бүгінде ауданда 132 мем­лекеттік қызметші жұмыс істеуде. 2019  жылы  сол  қызметкерлердің 36-сына тәртіптік жаза қолданылса, өткен жылы  28 адам  жазаланған. Аудан әкімі есеп бойынша атқарылған жұмыстар мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арнал­ған шараларды айтумен болды. Дегенмен, ол шаралардың нақты өткен­дігіне күмән бар. Себебі, есеп аяқталған соң, кеңес мүшесі Нұрлан Көбегенұлы аудан әкіміне баяндамада көрсетілген сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған зерттеуі туралы айтып, сауалнаманың қорытындысын сұрады. Алайда аудан әкімі ондай сауалнаманың өтке­нін білмейтінін айтып, мұндай зерттемелерден бейхабар екенін жеткізді. Әкімнің өзі дайындап әкелген баяндаманы білмей, өз сөзінен жаңыл­ғаны қызық болып көрінді. Санамыз­ды «бұл аудан әкімінің есепті еселеуге арнаған  өзіндік  тактикасы  ма?»   деген сұрақ қаптап, өтіріктің арты бір-ақ тұтам екеніне тағы да көз жеткізіп  қайттық.

Жалпы, Сырдария ауданындағы ішкі  ахуал алаңдаулы екені жасырын емес. Аудандағы тұрмыстық мәсе­лелерден бөлек, электронды қызмет көрсету де тоқырап тұр. Мемлекеттің алдында бұл қызметті 80-90% көр­сету міндеті тұр. Ал ауданда бұл көрсеткіш 40 пайызды ғана құрап отыр. Бұл – облыс бо­йынша ең төменгі көрсеткіш. Өткен жылы мектепке дейінгі ұйымдарға құжат қабылдау бойынша 1067 қыз­мет көрсетілген. Барлығы толық қағаз түрінде көрсетілген екен. Ал іс жүзінде бұл қыз­метті 100% портал арқылы электронды форматта көрсетуге толық мүмкіндік бар. Аудан әкімі өз кезегінде бұл мәселені толық орындауға техника мүмкіншілігінің жетпейтінін айтып, қағазбен жұмыс істеген тиімді екенін алға тартты. Осы тұрғыда, аудан әкіміне мемлекет­тік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларына және әдеп кодексіне қатысты 5 ұсыныс беріп, орындалғаны жайлы ағымдағы жылдың 18 сәуіріне дейін ақпарат беруді тапсырды.

Келесі кезекте мемлекеттік кіріс­тер департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілінің атқарған қызметі тыңдалды. Онда әдеп нормаларын бұзғаны үшін 6 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, заңбұзушылықтардың алдын алуға байланысты бірнеше сауалнама мен шара өткізіп, БАҚ-пен тығыз байланыс жасаған екен. Десе де, мемлекеттік кірістер департамен­тінің қызметкерлері жасаған заң­бұзушылықтар да аз емес. 2020 жылы 18 маусымда «Facebook» әлеуметтік желісінің қолданушысы М.Арапов «Отыз емес екі жүз адамға той жаса­ған салық басқармасының басшысы» атты сыни пікір жариялаған. Анықтау барысында Сырдария ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Н.Нұрсейтовтың өткен жылы 5 маусымда ұлының тойын жасағаны белгілі болып, тойға қатысқан  басқа да мемқызметшілерге тәртіптік  жаза  қолданылған.

Жалпы, департамент қызметкерлерінің санитарлық талапқа бейжай қарайтыны жасырын емес. Департамент басшысы да бетперде тақпай көпшіліктің назарына түсіп, сынның астында қалған еді. Бір қызығы, жақында Департамент қыз­меткерлерінің карантиндік талаптарды орындауына қатыс­ты тағы бір шу шықты. Ағымдағы жылдың 8 наурызында халықаралық әйел­дер күнін тойлап, отырыс өткені жайлы «Instagram» желісінде мекеме қызметкері  сурет  жария­лады. Сурет­те департамент қызмет­керлерінің ешбірі санитарлық нормаларды ұстанбай отырғанын анық көруге  болады. Алайда департаменттің әдеп жөніндегі уәкілі бұл суреттегі отырыс былтыр болғанын, суреттің егесі мұны тек естелік ре­тінде ғана жария­лағанын айтқан екен. Әдеп жөніндегі уәкілдің айтуынша, бұл – шыны­мен өткен жылдың 6 нау­рызында болған оқиға. Дегенмен, жауапты маманның бұл сөзінің шындыққа жанасатынына сенбедік. Себебі, суретте отырған Руслан есімді қыз­меткер өткен жылы мемлекеттік кірістер департаментінде жұмыс істемеген екен. Яғни, ол аталмыш департаментте қызметке мейрамнан кейін, мамыр айында ғана қосылған. Бұл отырыстың осы жылы  өткеніне бұлтартпас  айғақ  десек қателеспейміз, сірә. Алайда департамент өкілі бұл жерден де айласын асыра білген. Оның айтуынша, Руслан есімді жігіт ол уақытта басқа қызметте болып, тек департамент әйелдерін құттықтауға ғана келген көрінеді. Құр сөзге сеніп, «тақымды бос жіберу» ақылға қонымсыз дүние екені  белгілі.  Аталған мәселені зерттеп, тиісті шара қолдану үшін Әдеп жөнін­дегі кеңес хатшылығымен ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс­тер департаментіне және облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хат жолдан­ған. Бұл мәселеге байланысты әлі де зерттеу  жұмыстары  жүргізілмек.

Кеңес мүшелері мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғ.Орыновқа жұмысты жүйелеу бо­йынша 4 ұсыныс берді. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы К.Камаловқа қолданған тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу туралы ұсынысты кеңес мүшелері қолдамай, кері қайтарды.

Міне, Әдеп кеңесінің кезекті отырысы осылай өтті. Мақаланың басында айтқандай мемлекеттік қызм­еткерлердің адалдығы сын көтермейді. Бір ғана отырыста екі бірдей күмәнді жайтқа кездесуіміз соған  дәлел…

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: