Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкімнің әуселесі

16.12.2021, 12:00 201

Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы тәртіп бұзушылық толастамай тұр. Кезекті ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында біраз мемқызметкерлер мәселесі сөз болды. Олардан бұрын, отырысқа баяндама ала келгендердің бірі Қызылорда облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Д.Жаңабергенова оқып бергендерінің ішінен өзіне қайта қойылған сауалға дайындықсыз келген оқушыдай тосылып қалды. Оған кеңес мүшелері тарапынан «қызметтік әдеп нормаларының сақталуы мен ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу бойынша 258 анонимді сауалнама қандай нәтиже берді?» деген сұрақ қойылған болатын. Қолындағы мәліметте көрсетілген цифрларды шемішкеше шаға алмайтын болса, кеңес отырысындағы баяндамаларды жауапты мамандардың оқығаны әлдеқайда дұрыс болар еді. Қош, мемлекет мүддесі үшін қызмет қылып жүргендердің тәртіптік істеріне оралсақ.

Келтірілген мәліметтерде сандар сықырлағаны маңызды емес, оларды таратып, тарқатып айту маңызды. Семинар, түсіндіру жұмыстары, тексеру, мониторингтің неше мәрте өткізілгені емес, солардан шыққан нақты нәтижелерді мысал­мен  келтіру  татымдырақ.

Бұл жолы нысанаға Арал аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі ілігіпті. Олар мемлекеттік сатып алу барысында қателіктерге бой алдырған. Атап айт­қанда, мемлекет­тік  сатып алу тәсілі негізінде «Арал қаласындағы №5 шағын ауданында  су желісінің құрылысын жүргізу» жұмыс­тары үшін мердігер «АйкоСтрой» ЖШС-мен ағымдағы жылдың шілде айында келісімшарт жасасқан. Жоба­ға  466251421 теңге қаралып, шарт бойынша  жұмыстар 3 ай мерзімде орындалу керек болған.  Алайда бұл келісімшарт  тиісті талаптар сақталмай, заңсыз  жасалған.

Бұған  Арал  аудандық  құрылыс, сәулет және қала құрылысы  бөлімінің  басшысы  Т.Ұзақов былай деп түсініктеме берді.

– Айыбымды мойындаймын. Құқықбұзушылық туралы хаттамаға сәйкес 437550 теңге айыппұлымды төледім. Алдағы уақытта қайталанбайтын болады, – деді ол.

Кеңес Т.Ұзақовтың құқықбұзушылық әрекетіне ескерту жарияла­ды.

Өздеріңізге белгілі, қайсыбір күндері әлеуметтік желілерде бұрынғы Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы М.Ниязов пен Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты Е.Мұсаев арасындағы кикілжіңнің видеосы таралып кетті және қоғамдық резонанс тудырды. Аталған видео­да М.Ниязовтың мемлекеттік қызметкерге сай әдептілік нормаларын сақтамағаны байқалады. Алайда М.Ния­зов ағымдағы жылдың 25-30 қараша аралығында жалақысы сақталмайтын демалыста болуына байланысты оған қатысты тәртіптік іс уақытша тоқтатылады және өзінің түсініктемесін алу да мүмкін болмайды. Содан кейін артынша жұмыстан өз еркімен босатуға арыз жазып, шығып кеткендігі белгілі болған. Кеңес отырысының мүшелері бірауыздан тәртіптік істі тоқтату­ға шешім қабылдады.

Содан соң Сырдария ауданы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі  өкілі Т.Ерманов  баяндама  жасады.

– Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығымен жүргізілген талдау нәтижесімен әдеп жөніндегі өкілдің кейбір функция­лары тиісті деңгейде атқарылмауда. Атап айтқанда, департамент тарапынан «ҚР мемлекеттік қызмет туралы» заңының 5-бабы, 2-тармағы 10-тармақшасына сәйкес, Сырдария ауданы әкімдігінің әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің негізгі міндеттерінің және оларға қойылған шектеулерінің, әкімшілік құқықбұзушылықтарға жол бермеуінің сақталуына бақылау жұмыс­тары жүргізілді. Атап айтқанда, 38 факт бойынша жол жүру ережесін бұзған 22 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауап­кершілікке  тартылған, – деді ол.

Осылайша Сырдария ауданы әкімі орынбасарының авто­көлікті масаң күйде басқарғаны үшін 05.02.2023 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылғандығы, жол жүру ережесін Н.Ілиясов ауылдық округі әкімдігінің жетекші маманы­ның  5 мәрте  бұзғандығы, Н.Ілиясов ауылдық  округі­нің  әкімінің  3  мәрте  бұзғандығы  белгілі  болған.

Қарапайым жолда жүру ережелерін білмеген мемлекеттік қызметшілер елге үлгі болады деп дәріптеп, дарақы мысал келтірудің өзі күлкілі. Олар мүмкін «мемлекетке қызмет етіп жүрміз деп» бәрін белден басқысы да келетін шығар, кім біледі. Бірақ, заң ешкімнің бет-жүзіне қарамайды. Ортақ тәртіпке бағынғандар  жұмыс  істейді, көнбесе  көңілдері  біледі.

Ә.НАЖМАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: