Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұмыт бола бастаған дәстүрлер (2-бөлім)

03.07.2022, 17:00 423

БАЛДЫЗ ҚАЛЫҢ

Қалың малы төленген қалыңдық қайтыс болған жағдайда қазақ дәстүрі бойынша қалыңдықтың сіңлісін (балдызын) алу кезінде төленетін қосымша қалың мал балдыз қалың деп аталады. Күйеу қайтыс болған қалыңдығына ұрын барған болса ғана бұл ақы төленеді. Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын келмеген болса, балдыз қалың төленбейді. Балдыз қалың – күйеудің балдызын алу үшін бұрынғы қалың мал үстіне түйе бастаған тоғыздан тағы да қалың мал төлеуінің атауы

ДЕҢГЕНЕ

Қазақта сайыс ретінде ұйымдастырылатын салт-дәстүрлерді де кездестіруге болады. Солардың бірі – «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабында көрсетілген «деңгене» дәстүрі.

Көрші ауылдан келген үш-төрт жігіт алдымен түсетін үйін сайлап алып, сол үйдің жанына барып «Деңгене! Деңгене жеуге келдік» деп айғайлайды. Ал үй иесі бұл сөзді естіген соң, семіз бір қойды сойып, етін түгел қазанға салдыртады. Деңгене дәстүрі бойынша келген жігіттер сол қойдың етін түгелімен жеп, сорпасын ішуі керек. Тауыса алмаса, бір қойды екі қой қылып қайтаруға мәжбүр болған.

СҮТ АҚЫ

«Қыз ұзату» салты кезінде құдалар тарапынан әкелінетін ең басты, жолы бөлек кәде сыйды «сүт ақы» дейді. Оны «ана сүті» деп те атайды. Яғни, келген құдалар қыздың анасына «сүт ақысын» төлейді. Әлдилеп ақ сүтін беріп өсіргені үшін қыздың анасына кәде беріп, батасын алады. Бұрынғы заманда ол бір түйе немесе ат болған. Дегенмен Қазақстанның әр аймағы бұл дәстүрді өзінше өткізеді.

СЫРАЛҒЫ

«Батырдан – сауға, аңшыдан – сыралғы» деген мәтел бар. Сыралғы – олжалы, қанжығасы қанданып келе жатқан аңшыдан немесе саятшыдан кездескенде сұралатын дәстүрлі, кәделі жол әрі ырым. Мәрт аңшылар мұндайда «сыралғы» сұрағанның сөзін жерге тастамайды. Есте болатын бір әдет-ғұрып – міндет. Бірақ атып алған аң сыйлыққа жатпайды.

СІРГЕ МӨЛДІРЕТУ

Күздігүні бие ағытардағы ақырғы қымызға көрші-қолаңды шақыру кәдесі. Бие ағытар күні берілген қымызды «сірге мөлдіретер» дейді. Бұл дәстүрді өткізу үшін ауылдың ақсақалдары және аналары шақырылады. Ал олар риза болып, алғыс айтады, бата береді. Кейбір аймақтарда бұл дәстүрді басқаша «сірге жияр» деп те атайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: