Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түрме қызметкерлерін жемқорлықпен күреске шақырды

05.02.2020, 14:30 579

Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Бұл індетпен күрес – дүниежүзінің мемлекеттері үшін өзекті, ортақ мәселе. Басқа дамушы елдер сияқты біздің жас мемлекетімізді де жегіқұрттай бұл кесел айналып өткен жоқ. Талай лауазым иесі қадамын шалыс басып, жемқорлықтың шылауында кеткені күнделікті ақпараттар ағынынан белгілі болып отыр. Бұл ретте құқық қорғау, ішкі істер саласында да мұндай мәселе жоқ дей алмаймыз. Сондықтан сала қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу, оған қарсы күресіп, болдырмау жолында түрлі шаралар, үгіт-насихат жұмыстарының жүргені артықтық етпейді. Бұл сөзімізге жақында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, ЗК-169/5 мекемесінің мәжіліс залында түрме қызметкерлерімен өткізген кездесу дәлел болады.

Кездесуде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Ниязов сыбайластық мәселесіне кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде алдымен адам санасы тазармай, жемқорлықтың жолын кесу мүмкін еместігін, бұл ретте идеологиялық жұмыстың маңызы зор екенін жеткізді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің салдары туралы әңгімелеп, қоғамдық дертке қарсы күресте күш біріктіруге шақырды. Департамент жанынан құрылған ақпараттық-насихаттық топтың түрлі сала қызметкерлері, ауыл-аймақ тұрғындары арасында жүргізіп отырған жұмыстары жайлы айтты.

Ал, әділет майоры Ж.Есмаханов арнайы баяндама жасап, ЗК-169/5 мекемесінің жеке құрам қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстарды болдырмау және алдын алу мақсатында тоқсан сайын түсіндірмелік кеңес өткізілетінін хабарлады. Сондай-ақ, ол ҚАЖ комитетінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы және аумақтық ҚАЖД сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету бойынша мақсатты жұмыстың тұрақты негізде жүргізілетінін алға тартты. Оның айтуынша, 2019 жылы республика көлемінде қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері сыбайлас жемқорлық сипатындағы – 30 (2018 жылы – 35), оның ішінде өз күшімен – 13 (2018 жылы – 13) қылмысты анықтаған.

Басқосуда сөз алған Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы, әділет подполковнигі Ж.Әбдіқайыров атқарлыған түрлі жұмыстар нәтижесінде жеке құрам арасында былтыр сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмысқа жол берілмегенін шегеледі. Кездесу барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі нұсқаулық таратылып, ішкі істер саласы қызметкерлерінің қатысуымен болған пара алу фактілері түсірілген тақырыптық бейнеролик көрсетілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: