Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тозған үйдің «толғағы» келмей тұр

17.08.2023, 12:00 354

«ЗАПАД»  ТҰРҒЫНДАРЫ  НЕГЕ  АЛАҢСЫЗ?

Еліміздегі ірі қалаларды көпқабатты үйлерсіз елестету мүмкін емес екені белгілі. Бұлардың сыртын күтіп-ұстау мен тозығы жеткендерді сүріп, қайта салу жұмысын жергілікті әкімдіктер жүзеге асырады. Осы ретте біз Қызылорда қаласындағы кейбір көпқабатты үйлердің жай-күйімен танысуды жөн санадық.

Алдымен  аяқ  басқан  мөлтек аудан – Ақмешіт. Мұдағы үйлердің бетон арасына өрілген қызыл кірпіштердің тозығы жеткен. Шамасы келгендер оны өз күшімен жаңартып жатыр. Әңгімеге тартқан тұрғындар тартыншақтап, үйдің жағдайы жөнінде сөйлегісі келмеді. Мәселен, №2 үйден шыққан Б. есімді ақсақал үйдің жертөлесі қоқысқа толғанынан  хабары  бар  болса  да, «мұнда бәрі жақсы» деп  арқамыздан  қақты. Мерей мөлтек  ауданындағы  үйлердің  сырт келбеті Ақмешіттен  гөрі  жақсырақ  екендігі бірден байқалады.  Көршілес  екі  мөлтек  ауданның пәтер  иелері  кәріз  бен  жылыту  жүйелерінің  жақсы  жұмыс  істеп  тұрғандығын  жеткізді.

Ал, орталықтағы Абай даңғылының бойындағы үйлердің сырты ленарлы панельмен қапталып жатыр. Әрлеу мен қаптау жұмыстары кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге  асырылуда. Мұны Қызылорда қаласы әкімінің  орынбасары  Ғалымжан Еркебай облыс  орталығындағы  жолдарды  тексеру барысында  атап  өткен.

– Қазір қаламыздағы көпқабатты үйлердің сырты тоза бастаған. Меценаттардың көмегімен 27 үйдің қасбеті қайта жөнделуде. Осы ретте жөндеу жұмыстарына қолдау көрсетіп келе жатқан кәсіпкерлерге алғыс айтамыз. Құрылыс туралы заңға өзгеріс енгізіп, қаламыздағы 16 тұрғын үйдің сыртына ленарлы панель қапталады. Бұл жұмысқа облыс бюджетінен тиісті қаражат бөлінуде. Үйлердің сыртын қайта жаңғырту жұмыс­тары А.Тоқмағамбетов, А.Бай­тұрсынов, Қазантаев және Абай даңғылынан  басталатын болады, – деген еді  Ғалымжан  Бақтығалиұлы.

Сондай-ақ, ол демеушілер көбе­йіп жатса, жұмыстың жандана бере­тінін  жеткізген.

МАСА  МАЗА  БЕРМЕЙДІ

«Қызылорда қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мәліметінше, облыс орталығында 994 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 51-і апатты жағдайда екен. Аталған инспекция бөлімінің басшысы Абзал Рысбек редакцияның қойған сұра­ғына жауап бере келе, соңғы 3 жылда апатты деп танылған үйлердің 4-еуі бұзылып, пәтер иелері толықтай жаңа  үйге  көшірілгенін  айтты.

– Апаттық деп танылған үйлер­де тұратын пәтер иелеріне бөлім маман­дары ай сайын олардың қау­пі мен залал­дары жөнінде түсіндір­ме жұмыс­тарын жүргізеді. Біз  тұрғындарды  соңғы рет сол жағалауға көшірдік. Көшірілген үйлердің құрылыс сапасын қадағалау біздің құзіретімізге жатпайды, – деп жауап берді  Абзал  Рысбек.

Бұл күндері Тасбөгет кентіндегі сүрілген апатты үйлердің орны басқа мақсатта пайдаланылып жатыр. Осының заңдылығын тексермекке алған жауабымызға: «ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 67-бабына сәйкес, «жалғыз тұрғынжайы ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық деп танылған азаматтары коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжай алған кезде меншік құқығындағы авариялық тұрғынжайды Қазақстан Респуб­ликасының азаматтық заңнамасына сәйкес, коммуналдық меншікке бере­ді»  делінген»  деген жауап алдық.

Жоғарыда атап кеткеніміздей, апатты деп танылған үйлердің бірінде тұратын тұғын – Тұрар Бекмыр­заев. Тасбөгет кентіндегі  Наурыз көшесі, №28 үйде тұратын ол «жауын жауса жанымызды шүберекке түйіп отырамыз»  дейді.

«АПАТТЫ  ҮЙДІҢ  ЖАЙЫ  АЛАҢДАТАДЫ»

– Мен тұратын Тасбөгет кенті орталығында орналасқан Наурыз көшесіндегі екі қабатты 28-үй апатты деп танылған. Үйіміз болған соң сәнді болғанын қалап, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ, көненің аты аты көне ғой, бәрібір қалыпқа келмейді. Осында тұрып жатқандықтан, үйдің қазіргі жағдайын толық білемін. Сенесіз бе, сәл жел тұрса терезелер сықырлап кетеді. Жуырда ғана табиғи апаттан үйдің шатыры ұшып кеткен еді. Ол әлі сол күйінде тұр, қалып­қа келтіруге тұрғындардың шамасы жетпейді. Ал жауапты мекемелердің  уақыты жоқ сияқты. Қазір шатырсыз үйдің есіктері де сәл жел болса сықыр­лайтынды шығарды. Жаңбыр жауған күні бөлмелердегі электр жарығы бойы­нан су ағады. Құдай бетін әрмен қылсын, түнде өрт шықса, білмей де қаламыз ғой. Төрт балам бар, соларды уа­йым­даймын. Үйдің ке­зе­гіне тұрдық. Жаңа үйді қашан берері беймәлім. Әкім­дікке барып, уақытша баспана сұрап та көрдім, хабар жоқ. Үйдің ішінде масахана құрып жатуға тура келеді. Ұйықтаған былай тұрсын, күндіздің өзінде отыру мүмкін емес. Масаны арнайы улатып та, өзіміз улап та көрдік. Одан құтылу мүмкін емес. Кішкентайым – әлі бір айға толмаған. Бізді қойшы, шыдаймыз, балаларға  тіптен  обал, – дейді  ол.

Тасбөгет кентіндегі үй расымен тозып кеткен. Мұнда тіпті өрт қауіп­сіздігі сақталмай отырғанын айта аламыз. Үйдің бірінші қабатында тұратын пәтер иесі от жағады екен. Ал, екінші қабаттағы тұрғынның үйі газбен жылытылады. Көргенімізді қала тұрғыны Абдулла Сиқымов та растай алады.

– Бірде жеке шаруаларыммен жүріп Тасбөгет кентіндегі ескі үйлер­дің арасынан өттім. Шынымды айтайын, «мынадай үй әлі бар ма?» деп өз-өзіме сұрақ қоюға мәжбүр болдым. Әбден тозығы жеткен екен. Қабыр­ғаларында жарық өте көп. Мені бір қынжыл­тқаны, бұл үйде әлі күнге дейін адамдар тұрып жатыр. Есік алдын­да қаншама кішкентай бала ойнап жүр. Менің ойымша, мұндай жағдайдағы үйлерді тез арада бұзып, тұрғындарды жаңа қонысқа орналастыру керек. Адам өмірі ойыншық емес қой, – деді ол.

ЖАҢҒЫРТУ  ЖҰМЫСТАРЫ  ЖҮРІП  ЖАТЫР

Шұғыла мөлтек ауданы №24 үйде фундаменттің орнына қаланған қызыл кірпіштер езіліп, құлауға шақ қалып тұр. Оның үстіне жертөледен шыққан жәндіктер жылдан жылға көбейіп, мұндағы халықтың мазасын қашырып келе жатыр екен. Тұрғындар тиісті органдарға шағымданып жүріп, әзер дегенде үйге жаңғырту жұмысын бастауға қол жеткізіпті. Тура бір апта бұрын «Құрылыс Али» ЖШС өкілдерінің жаңғырту жұмысын бастау үшін тұрғындардың келісімін алып, қол қойдырып жатқан сәтке куә болдық. Ком­пания басшысы Марат Әлім­бетов 112  пәтерлі  үйдің  80  пайызға жуығы жаң­ғырту жұмысына келісім бергенін, жексенбі­де аталған іске орай жиналыс өткізі­летінін  айтты.

– Тұрғын үй саласында 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бұған дейін Амангелді көшесі №109, Айтеке би көшесі №38, Желтоқсан көшесі №26, Шұғыла мөлтек ауданы №25 үйлерге  жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың алғысына бөлендік. Өзіңіз көріп отырғандай, мына жертөле суға, батпаққа, әртүрлі қоқысқа толып кеткендіктен маса мен тарақан көбейіп кеткен. Сондықтан, бірінші кезекте осының ішін тазалайтын 30-40 адамнан құралған жасағымыз (бригада) іске кірісіп, дизенфекция жасайды. Кәріз және су құбырларын жаңартып, аула­дан жертөлеге көшіреміз. Осының бәрін жылу беру маусымына дейін үлгеруі­міз керек. Сол үшін жұмыстарды өз қаржымызбен бастайын деп отырмыз. Тиісті органдармен келісімшартты жаңғырту жұмыстары аяқталар тұста жасаймыз, – деді  Марат  Бақытұлы.

Тұрғындар жаңғырту жұмысының мейлінше тезірек жүруіне мүдделі. Өйткені, олар келімді-кетімді адамдардан да қысылады, өздері де қолайсыз  күй кешуде.

– Осында қоныстанғанымызға екі айдай уақыт болды. Шыны керек, қалада мынадай масасы көп жерді бірінші рет көрдік. Аулада отырудың өзі қиындап кетті. Үйге, көлікке кірген адаммен бірге еніп кетіп, маза бермейді. Әсіресе балаларға өте қиын. Үйдің фундаменті ескіріп кеткен. Құлап қала ма деп, зәреміз ұшып отырады, – деді  Жұлдызай Жүніс­бекова.

45  ОТБАСЫ  ЖАҢА  ҮЙГЕ  КӨШЕДІ

Облыстық  құрылыс,  сәулет  және қала  құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төреәлиев биыл апаттық  жағдайда өмір сүріп жатқан 45 отбасы жаңа пәтер­ге  көшеті­нін  айтты.

– Биыл апаттық жағ­дайда деп танылған үй­лерге облыс­тық бюджеттен 900 млн теңге бөлінді. Жыл соңына дейін мердігер компаниялар арасында конкурс өткі­зіліп, 45 пәтер сатып алынады. Осы пәтерлер апаттық жағдайда  тұрып жатқан тұрғындарға беріледі, – деді Ерлан  Кәрімбекұлы.

Осылайша, биыл облыс орталығындағы 51 апатты үйдің  біразы  жаңа қонысқа көшетін болды. Бірақ, бұл көпқабатты үйлердің мәселесі толықтай шешіледі деген сөз емес. Жоғарыда атап кеткен 944 үйге жыл сайын бірнеше жаңа үй қосылып отырады. Оның үстіне өңіріміздегі күн райының құбы­лысы үйлердің сырт келбетінің тез тозуына әсер етеді. Сондықтан да жөндеу және қалыпқа келтіру жұмыс­тары мейлінше көптеп  жасалуды  қажет  етеді.

Жасұлан  АСҚАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: