Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Толып ақсын дария, зиялы болсын қария

08.01.2024, 8:50 182

HALYQLINE.KZ

Қазақтың қанына сіңген қасиеттің бастысы – үлкенін құрметтеу, кішісіне қамқорлық жасап, тура жол көрсету, өнеге үйрету. Мына толастамайтын тіршілікте осы ғұрып жалғаса түссе, құндылықтар тозбайды, ұрпағымыз азбайды. Кейінгілер өткенсіз бүгіннің жоқ екенін біле жүріп, өз ізбасарларына осыны ұғындырып отырса кәні. «Ауылыңда төбең болса, ертеулі тұрған атпен тең, ауылыңда қарияң болса, жазулы тұрған хатпен тең» деп бұрынғылар бекер айтпаған. Мұның мән-мағынасы, әрине, терең. Ілгергілер аманат еткен осынау зілмауыр жүкті қазір Ардагерлер кеңесі аталатын қоғамдық ұйым міндетіне алуы керек десек, ақиқаттан алшақ кетпейміз. Әрине аталмыш ұйымдар әр жерде әртүрлі деңгейде тіршілік етіп келеді.

Осы орайда жаңа жылдың алғашқы аптасында Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері бас қосты. Оған ардагерлер конференциясында елге еңбегімен танылған, өмірлік тәжірибесі мол, сыйлы қариялар сайланған. Оның құрамына ұлағатты ұстаздар, білікті дәрігер, заң қызметкері, полиция ардагері, жазушы-журналист, мемлекеттік қызметте болғандар, экс-депутат, құрылысшы, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері тартылған. Сонымен аудандық ардагерлер алқасы өткен жылды қорытып, жаңажылдық жоспарын жасады. Аузы дуалы ақсақалдар бірлесе елдің ынтымағы мен бірлігіне, еліміздің даму барысына шама-шарқынша атсалысуын бағамдады.  

Иә, қоғам өмірінде кешегі күндері әр салада аянбай еңбек еткен әр ардагер көзден де, көңілден де таса болмай, белсенді өмір ортасына тартылуы тиіс. Олардың мұқтаждықтары, өтініш, ұсыныстары әрдайым назарға алынып, тиісті орындар арқылы жәрдем берілгені жөн. Түрлі мерекеге шақырылып, лайықтылары марапатталып отырса, сонда ұйымдастырушының да, ардагердің де мерейі өседі. Ұрпақтар сыйластығы артады.

Мүмкіндігіне орай қарт кісілерді тегін жолдамамен демалыс орындарына жіберіп, көңілдерін бір сергітіп қойса, қандай жақсы. Ем алуына да көмектесу керек. Өнер және спорт сайыстарын өткізу олардың саламатты өмірін қалыптастырады. Осылай жасалып та келеді. Дегенде, кей жерлерде көңілге қонбайтын әрекеттер де қылаң береді. Жұрт сенген кей үлкендер әкімқараларға жағымпазданып, орынсыз мақтап, ақсақалдық бағытынан ауытқып кететіні бар. Төрге шығарып, қолпаштағанды мәртебе санап, туралықтан ауытқыса, көптің қажеті далада қалмай ма? Бұл – ел сыйлысына оғаш әдет.

Сонымен, Шиелі ауданындағы 8500 ардагер 47 бастауыш ұйымына топтастырылған. Әр бастауыш ұйым төрағасы жоғарыдағы аталған мәселелерге өте сергек болса, нұр үстіне нұр. Ауызбірліктің жарасымы осыдан бастау алады. Бұл мемлекетіміздің нығая түсуіне, қазақ елінің өз дәргейіне келуіне қажетті шарттардың бірі болмақ. Халыққа бос сөз емес, нақты іс бағалы.

Ардагеріміз ардақты болсын, ардақтыларымыз елдің қамын жесін!

Нұрмахан  ЕЛТАЙ,

Шиелі  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: