Бүгін Жалағаш ауданының Руханият орталығында аудан әкімі Ерлан Төрәлиев ауданның зиялы қауым өкілдерімен және еңбек ардагерлерімен кездесті, деп жазады баспасөз қызметі.
Кездесуде аудан әкімі Жалағашқа басшылық ету үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік екенін айтып, алғашқы күндерден бастап ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын зерделеп, халықтың талап-тілегі мен өзекті мәселелерін анықтауға басымдық беріп келе жатқанын жеткізді.
«Бүгінгі кездесудің мақсаты – сіздердің пікірлеріңізді тыңдап, ауданның өзекті мәселелерін бірге талқылау. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз алдағы жұмыстардың дұрыс бағыт-бағдарын айқындауға үлкен септігін тигізеді. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен және облыс әкімінің тапсырмасымен ауданда бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта да құрылыс, жол, газдандыру, әлеуметтік нысандарды жаңғырту және абаттандыру бағытындағы жұмыстарды жүргізіп, тұрғындарға қажетті жобаларға басымдық береміз. Айтылған әрбір ұсыныс пен көтерілген мәселе назарға алынып, тиісті жұмыстар ұйымдастырылады», — деді аудан әкімі Е.Төрәлиев.
Дөңгелек үстелде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Садық Әлиев, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асылбек Тәуіпбаев, білім саласының ардагері Ұлданай Тоқпенбетова, Бұқарбай батыр ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Нұрмағанбетов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қожатай Құлмахан және басқа да зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Сонымен қатар, ардагерлер аудан әкіміне жаңа қызметінде сәттілік тілеп, ауданның дамуына бағытталған жұмыстарға қолдау білдіретіндерін жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!