Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Төлқұжатыңызды кепілге қалдырып жүрсіз бе?

12.03.2020, 10:18 973

Кітапхана – ақысыз қазынаның сақталу қоры. Кітапханаға барып, рухан­и азық жинайсың, күйбің тір­ліктен демаласың. Кейде іздегенің тілесең де табылмай жатады. Сондай жағдайда студент болған соң университет кітапханасынан табылмаған кітаптар облыстық әмбебап кітап­ханадан табыла кетеді. Табуын табасың-ау, бірақ, үйге алып оқу қиындау. Кітапханаға жеке куәлік бойынша тіркелесің және оқырман билеті беріле­ді. Бұл арқылы тек оқу залына кітап аласың. Ал үйге әкету үшін жеке куәлікті қалдырып кететінбіз. Бұл тек студенттер үшін ғана емес, өзге оқырмандар үшін өте тиімсіз. Өйткені жеке тұлғаның төлқұжаты кез келген уақытта қажет болу мүмкін. Тіпті ойлам­аған жерден сырқаттанып қалсаңы­з, сізді жеке куәліксіз дәрі­герлер  қарай  да  алмайды.

Гүлжанат, студент:

 – Мен 2019 жылдың мамыр айында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасынан кітап алған болатынмын. Әрдайым іздеген кітабымды сол жақтан алып жүрдім. Бір күні оқытушым бір оқу­лықтың керек екенін айтып, «сен облыс­тық кітапханадан алып жүрсің ғой, маған әкеліп берші» деп өтініш айтты­. Апайымның айтқанын қалай орындамайсың?! Кітапханадан төл­құжатпен оқулықты 10 күнге алып бердім. Ол кезде кітапты тек төл­құжатпен беретін. Берілген уақыты бітіп,  кітапты өткізуімді сұрап маған  хабарласты. Ал, мен ұстазыма айтуға­  ұялып  әрі  жүрдім, бері  жүр­дім. Сөйтіп  жүргенде  айттым. Сөйтсем, ол кісі іссапарға кетуге дайындал­ып жатыр екен. Кітапты келген соң ғана  бере алатынын айтты. Ал, маған кітапхана қызметкерлері  қайтар­мағаным  үшін  ренжулі.   Өз кінәмді  түсінемін. Ыңғайсыз жағ­дайд­а жүрмін.  Оқулықты қайтар­майынша, басқа­ кітап та ала алмаймын. Биыл кітапхана ережесі өзгер­гендіктен,  төлқұжатымды  қайтарып берді, бірақ,  мойнымда  қарызым  қалды.

Кітапханадан жеке куәлікпен кітап алып, қажетті құжатсыз біраз уақыт жүріп қаласың. Құжатты алу үшін кітапты қайтару керек. Ал мұндай жағдайда қайтпексіз? Төл­құжатты кітапханадан кітап алу үшін кепілге қалдыру заң тұрғысынан қанша­лықты дұрыс? Білікті заңгерден сұрап көрдік.

Шара Қалибекқызы, Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының адвокаты:­

– ҚР азаматтары үшін олардың жеке басын куәландыратын құжат жеке куәлік және паспорт болып табыла­ды. Жеке тұлғаның төлқұжатын кепілге қалдыруы немесе алып қоюы Қазақстан Республикасы әкім­шілік құқықбұзушылық Кодексінің заң талаптарын бұзуға әкеліп соғады. Яғни, бұл жағдайда азаматтардан жеке құжаттарын заңсыз алып қойса немесе оны кепілге қабылдаса, бастап­қыда ескерту беріледі. Одан кейін қайтала­нған жағдайда 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе кейін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салына­ды. Сонымен қатар, жеке басын куәландыратын құжаттар туралы Заң бар. ҚР 2013 жылғы 29 қаңтарда қабылданған жеке басты куәландыратын құжаттар туралы Заңның 23-бабында «жеке басты куәландыратын құжаттарды кепілге қабылдауға тыйым­ салынады» делінген. Сонымен қатар, ҚР азаматтарының жеке куәлікте­рін немесе төлқұжаттарын рәсімдеу, оны алып қою, басқа құжаттармен ауыстыру жөнінде ереже бар. Ол – ҚР Үкіметінің 2013 жылы 26 тамыздағы қаулысымен қабылданған ереже.­ Бұл ережеде көрсетілген, яғни заң талабына сәйкес жеке басты куәландыратын құжаттар тек ғана сотқа­ дейінгі тергеп, тексеру орган­дарының лауазымды тұлғаларымен немес­е әкімшілік іс қозғалған кезде лауазымд­ы тұлғалардың құжаттарымен алынады деп  көрсетілген.

Мұндай жағдайдың біздің өмірі­мізде күнделікті кездесетіні жасырын емес. Дүкеннен қарызға зат алу, ал кітапханадан кітап алу үшін де өзінің төлқұжатын беріп кетеді. Оның заңға қаншалықты қайшы келетінін екі жақ та сезінбейді, ұғынбайды. Ал кітап­хананың жеке төлқұжатты кепілге алуы бойынша Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітап­ханасына  бас  сұқтық.

– Біршама уақыт бұрын кітапты жеке құжат арқылы беретінбіз. Қазір алынып тасталды. Өйткені кітап­ханадан алған кітапты қайтаруды жөн көрмейтін оқырмандар бар. Мысалы­, бір кітаптың құны 4-5 мың теңгенің көлемінде болады. Бұл – кітапхана үшін шығын. Біз кітап қорының сақталуына жауап береміз. Оқып болған кітапты қайтармау мәдениеттілікке байланысты деп ойлайм­ын. Енді алынған кітаптың құнын төлету туралы ереже қоссақ па деген ойдамын. Яғни, кітапты бірнеше күнге алғысы келсе, кітаптың бағасы кепіл есебінде төленеді, уақытында әкелген жағдайда қаражаты қайтарылады, – дейді кітапхана басшысы Нұржамал  Мырзамұратова.

Оның айтуынша, соңғы уақытта кітапханада жаңа ереже бекітілген. Кітап алған кезіңізде тұрғылықты мекенжайыңызды, ұялы және үй телефо­н нөміріңізді қалдырасыз. Уақытынан кешіккен жағдайда сізге ескерту ретінде қоңырау шалынады. Егер кітап мүлдем қайтарылмаса, кітапхана заңды тұрғыда сотқа шағымд­ана  алады. Кітапты  жоғалтып алған жағдайда мазмұны жағынан сәйкес кітап немесе сол кітаптың ақысы төленеді. Бүгінде кітаптарын қайтармай жүрген оқырмандардың басым көпшілігі – студенттер. Оның өзінде студенттер өздері үшін емес, ұстаздары алдыратын көрінеді.

Жыл сайын университет кітап­ханасы «буккроссинг», яғни кітап алмас­у акциясын өткізіп тұрады. Бұл дегеніңіз – өзің оқып болған кітапты өзге оқырманға тарту ету. Оқырман аудиториясын қалыптастыру мақ­сатында осындай шаралар өткізіліп тұрса, кітап қайтармау, кепілге кітап алу  сияқты  жағдайлар  азаяр  еді.

Тоғжан  ИБАДІЛЛА,

ҚМУ-дың 4-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: