Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тек туралы бірер сөз…

11.03.2021, 9:30 674

«Халық» газетінде жарияланған «Адамның тегі ұлттың бетпердесі болу керек» деген мақаланы (№6, 11 ақпан, 2021 ж) мұқият оқып шықтым. Мақала авторы әлі күнге дейін өзектілігін жоғалта қоймаған мәселені қозғапты. Осыған орай мен де өзімді көптен толғандырып жүрген жайттарды көпшілікпен бөлісейін деген ойға келдім. Мақалада осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Ыдырыс Оразалыұлы деген азаматтың пікірі (әлде ұсынысы) айтылыпты. Бұл нені білдіреді? Бұл – өмірдің әр кезеңінде бұл мәселе біржола бір ізге түспейінше әртүрлі пікірлер мен ұсыныстар жалғаса береді деген сөз. Енді өзімді толғандырған жайттарға келейін. Солардың бірі де, бірегейі де қазақта ұлға да, қызға да ортақ есімдердің болуы. Өзім кездестірген осындай есімдерді тізіп көрсек. Қараңыз: Бақыт, Баян, Тілек, Ардақ, Рауан, Қуаныш, Жұлдыз, Бағдат, Жеңіс, Дидар, т.б. Тегімізге «ов» пен «ев» тіркемесін қоспай-ақ, сол күйінше қолдануға рұқсат берілгеніне бірталай уақыт болды. Енді біреулер баз баяғы қалпында жүріп жатыр. Ал, сол «ов» пен «ев»-ті қоспай-ақ қойсақ не болар еді? Бақыт Иманғали, Қуаныш Қосан, немесе Дидар Жандос. Бұлар кімдер, ер кісілер ме, әлде әйел кісілер ме? Мәселе тілімізде жынысты ажырататын анықтағыштың жоқтығы, содан кейін есімдердің бірдей айтылуы мен бірдей жазылуында болса керек. Ортақ есімдер орыстарда да бар, бірақ оларда біздегідей қиындық тудырмайды. Назар аударыңыз: Виктор-Виктория, Антон-Антонина, Евгений-Евгения, Александр-Александра деп кете береді. Байқасаңыз, айырмашылық көзге ұрып тұр. Бұның үстіне қазақ тілінде сөзді айқындайтын ерекшелігі (мужской, женский, средний род деп түсініңіз) жоқ. Аталмыш мақалада көкейге өте қонымды, салмақты дәлелдер мен фактілер келтірілген екен. Мақалада аталған Ыдырыс Оразалыұлы деген қазақ азаматының осы мәселені қозғағаны жайлы айтылыпты. Демек, бұл мәселе әлі де талай айтылып, талай жазылатыны сөзсіз. Мұнымен қоса «швили» арқылы грузинді, «ян» арқылы армянды, «оглы» арқылы әзірбайжанды ажырататынымыз айтылған. Ендеше мағынасы жөнінен өзі сұранып тұрған «тегі» деген сөзден неге қашамыз?

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қазақта ұлға да, қызға да ортақ есімдер болғандықтан ұл баланың тегіне (фамилиясына) «тегі» деген тіркесті, қыз баланың тегіне (фамилиясына) «қызы»деген тіркесті қосса, қалай болар еді? Сонда ұл бала Бақыт Иманғалитегі, қыз бала Бақыт Иманғалиқызы, Қуаныш Қосантегі-Қуаныш Қосанқызы, Дидар Жандостегі-Дидар Жандосқызы болып шығар еді. Жоғарыда айтылған қиындықтардан құтылатын жол осы шығар деген ойға келдім. Мақала «Адамның тегі ұлттың бетпердесі болуы керек» деп аталады. Ендеше бетперде бола алады-ау деген жоғарыдағы дәлелдерді келтіре отырып, өз ойымды білдіріп отырмын. Уақыт бір жерде тұрмайды, уақыт өте келе әлгі грузинді, армянды, әзірбайжанды ажырататынымыз сияқты, қазақты да ажыратады деген үміттемін. Мақалада «фамилия» деген сөздің орыс сөзі емес екендігі де қозғалыпты, мұнан біз бұл сөздің ататекті білдіретін мағынадан қашықтау екенін байқадық. Осы ойларымды қағаз бетіне түсіре отырып, ғасырда ғана бір-ақ рет туатын қазақтың маңдайына біткен ұлы Бауыржан Момышұлы есіме түсіп отыр. Сонау Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде «ов» пен «ев»-ке бас ұрмай, қазақтың «ұлы» деген ұлы сөзін тегіне тіркес қылып қосып алғанын қандай ерлікке балаймыз? Ерліктің асқар шыңы емес пе? Және, неткен көрегенділік!

Тегі деген сөздің фамилия деген сөзді алмастырғанынан хабардар едім. Көпшіліктің арқасында бұл мәселе де шешілер деп ойлаймын. Мысалы  ататек  немесе аты-жөні деген сияқты. Маған Бақытжан Түменбайдың тегіміз ұлттың (қазақтың деп түсінейік) бетпердесі болуы керек деген пікірі ұнады. Ендеше қазақтың қазақ екенін ажырататын бетпердені табуға атсалыссақ деген ойдамын. Бұған жүрегі қазақ деп соғатын әрбір қазақ құқылы. Сіз не дейсіз ардақты ағайын!

Бақтияр МЫРЗАШ,

зейнеткер,

«Халық»  газетінің  тұрақты  оқырманы,

Сырдария  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: