Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлтының мақтанышы

18.11.2022, 11:10 407

HALYQLINE.KZ

«Өзге оқыған замандастары өз пайдасын ғана іздеп, ар һәм имандарын сатып жүргенде Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтын шын сүйетін ұлтшыл».

С.Сейфуллин

Қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр.

Ахмет Байтұрсынов (1872-1938) – ғалым, тілші, түркітанушы, әдебиетші, ақын, публицист, аудармашы, мемлекет қайраткері. Оның туған қазақ ортасы, қаймағы бұзылмаған далалық сахараның тұрмыс-тіршілігі, табиғатынан дарынды Ахметтей баланың сезімдік жан-дүниесін, ой-парасатын тербеп, жанын толқытады. Сол кездегі әділетсіз өмірдің ащы көрінісі он үштегі бала жүрегін жаралайды. Əкесі Байтұрсын мен оның Ақтас атты інісі қысымға, қорлық пен зорлыққа шыдамай, 1885 жылы 12 қазанда уезд басшысы, полковник Яковлевтің басын жарады. Бұл жағдайдың соңы олардың дүние-мүлкін тартып алып, өздерін Сібірге абақтыға 15 жылға жер аударуға апарып соғады. Ахметтің әкесі орыс отаршылдарымен осылай жағаласып, хош пиғылы үшін Қазаннан келген әскери-округтің сот комиссиясы шешімімен каторгаға айдалған. Байтұрсын Шошақұлы туралы М.Дулатов былай дейді: «Егер Еуропаның әр алуан және әдемі табиғаты Ньютон, Маркс, Толстой, Рафаель және т.б. ғылым мен өнердің ұлы адамдарын тудырған болса, ал Азияның далалық табиғаты Шыңғысхан, Темірлан, Кенесары, Сырым және т.б. сияқты өзіндік ерекше ұлы қаһармандарлы туғызды. Егер ұлы болмаса да, шекті өлкесінде күшті адамдардың санына құрметті Ахметтің әкесі Байтұрсын Шошақұлы да жатады. Болашақ күшті және табиғатынан туабітті қуатты Байтұрсын бостандық сүйгіштігімен ерекшеленеді және өзі де ешқандай билікті мойындамады».

Қазақ халқының абзал ұлдарының бірі, туған халқының мүддесі үшін өзін құрбандыққа қиған Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың мақтанышы. Ол біздің тарихымызда ірі қоғам қайраткері, сөз зергері, тамаша ақын, ағартушы-педагог, лингвист, әдебиет теориясының негізін қалаушы ретінде танылды. Ахметтің ерте есеюіне өмірдегі әділетсіздік, зорлық-зомбылық, теңсіздік әсер етті. Алдымен Ахмет ауыл молдасынан хат таниды, содан соң Орынбордағы мұғалімдік мектепте төрт жылдай оқып, білім алады. Оны бітірісімен Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектептерде мұғалім, кейіннен Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Осы тұста ол өмір, тіршілік майданына араласып, әділет үшін күреседі, зорлықшылдарға қарсылық білдіреді, патшаның отаршылдық саясатын айыптайды. Жастығына қарамастан терең білімді де білікті, еркін мінезді, ойшыл Ахметтің ел ішінде беделі өсіп, салмағы арта бастайды. Ол жан-жақты ізденіп, сан алуан кітаптар оқып, аудармамен шұғылданып, ғылым жолына түседі. Ахметтің саяси күрес жолына түсуіне ықпал еткен оқиға 1905 жылғы патша манифесі болды. Ахмет Байтұрсынұлы 1905 жылы жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы авторларының бірі болды. Ресей Министрлер Кеңесінің төрағасы Виттенің атына жазылған бұл петицияда сол кездегі қазақтың бүкіл талап-тілегі көрініс тапты. Онда қазақ халқы патша үкіметінің отарлық саясатты тоқтатуын, тартып алынған жерлердің қайтарылуын, Дала губернаторының қазақты ешқандай сотсыз айдатып жіберуін тоқтатуды, қазақша газет, мектеп, баспахана ашуға цензура қоймауын, халықтың мүддесін қорғау үшін Ресей Думасына қазақтардан депутаттар сайлануын талап етті. Петиция Петербургке жөнелтілген соң, бір жарым айдан кейін қазақтардан Мемлекеттік Думаға депутаттар сайлануға рұқсат берілген хабар келді. Депутат болып сайланған қазақтар Дума мінбесінен сөз сөйлеп, қазақтардың мүддесін қорғаумен болды. Дегенмен, қазақтардың саяси белсенділігінің артуы патша үкіметіне ұнаған жоқ. Сөйтіп, петиция авторларын қудалау, соттау, жер аудару шараларын бастайды. Осы кезде Қарқаралы училищесінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Ахметті жұмыстан босатып, Қарқаралы абақтысына қамалды. Ахмет ешнәрсеге мойымастан өзінің «Маса», «Қырық мысал» жинақтарын жазып, баспадан шығарады. Екінші рет 1909 жылдың шілде айында губернатор Тройницкийдің бұйрығымен қайта тұтқындалып, Семей түрмесіне қамалды. Бір жылдан соң, 1910 жылы наурызда түрмеден босатылып, Орынборға жер аударылды. Ахметтің Орынборда болған кезі нағыз саяси қызметінің жарқын беттері болып табылады. Онда ол 1917 жылға дейін қызмет жасады. Орынборда болған кезінде Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген қазақ жастарының инициативасымен елден қаражат жинап, 1913 жылдан бастап «Қазақ» газетін шығарып, оған 1917 жылдың соңына дейін редактор болды. Бес жылдай уақыт өз қаражатымен шығып тұрған «Қазақ» газеті ең алдымен қазақ халқының ұлттық азаттығы мен мәдени әлеуметтік даму үшін күрескен орган болды. Атамыздың өз тілімен айтқанда: «Әуелі газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болады» деген. Бұл мерзімді баспасөздің қоғамдық ақпараттық қызметіне жан-жақты берілген баға болып табылады. «Қазақ» газетінің жарық көруі қазақ ұлтының өркендеуін өмірлік мақсатына айналдырған көрнекті қайраткерлер А.Байтұрсынұлы, Ə.Бөкейханов, М.Дулатовтың тынымсыз еңбегі мен күресінің нәтижесі болды. Бұл газет туралы Мұхтар Əуезов былай деп еске алады: «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ахаңның жаңа істеген еңбегі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатып кеткен – мәңгілік ескерткіш». «Қазақ» газетінің бетінде Ахмет Байтұрсынов қазақ қоғамынының келелі-келелі саяси-әлеуметтік мәселесін көтеріп, оны өзінің отарлық бұғаудан қазақты құтқару жолындағы күресінің құралына айналдырды. Өзінің саяси-әлеуметтік көзқарасын газет бетінде насихаттаумен қатар, оны іске асыру үшін үлкен ұйымдастыру жұмыстарын да жүргізді. Жалпы қазақ съездерін шақыруға мұрындық болып, оларды шақыру, өткізу жұмыстарына белсене қатысты. Сондай съездің алғашқысы 1917 жылы 2-8 сәуірде Орынбор қаласында «Торғай облыстық съезі» деген атпен өткізілді Съезд он төрт мәселе талқылап, ауылдық, уездік, болыстық және облыстық азаматтық комитеттер құруға шешім қабылдады. Съезд жалпықазақ съезін шақыруға шешім қабылдап, Əлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов бастаған сегіз адамнан ұйымдастыру бюросын құрды. Оған съездің бағдарламасын даярлау, өткізілетін уақыты мен орнын белгілеу тапсырылды. Съезд мерзімді баспасөздің маңыздылығын еске отырып, Орынборда шақырылып келген «Қазақ» газетін жиірірек шығарып тұру қажет деп тапты. Жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру қажет деп, әрбір жүз мың үйге бір мектептен болу керектігін көрсетті. Съезд қарарларын орындауды ұйымдастыра отырып, Ахаң қазақтың ұлттық-демократиялық партиясы «Алашты» құруға белсене қатысты. Оның бағдарламалық құжаттарын даярлауға және құруға ат салысты. 1917 жылы шілденің 21-26-сы аралығында шақырылған Екінші Жалпықазақ съезі Орынборда болды. Съезде мынадай өзекті мәселелер қаралып, талқыланды. Олар қазақтың территориялық-ұлттық автономиясын құру, жер мәселесін шешу, мемлекет басқару ісін, халықтық милиция, сот құру, халыққа міндетті түрде бастауыш білім беру, қазақтың саяси партиясын құру, т.б. болды. Ақырында, Екінші Жалпықазақ съезінің шешімі бойынша Алашорда үкіметі құрылады. Сонымен қатар съезде Алашорда үкіметі құрамы бекітіледі. Съезд Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағалығына Ахмет Байтұрсынұлын бекітеді. Онда қызметте жүрген кезінде Ахмет қазақ халқының жаппай, соның ішінде қазақ балаларының ұлт тілінде сауат ашуын қалап, білім беруге арналған бағдарламалар дайындайды. 1920 жылы тамызда құрылған Қазақ АКСР үкіметінің құрамына еніп, 1920-1921 жылдар аралығында Ахмет Қазақ АКСР халық ағарту комиссары қызметін атқарады.

Ахмет – қай кезде болмасын, саяси қызметпен қатар ағарту қызметін де алып жүрген тұлға. Ахмет өзінің әке өсиетін орындау, халқының болашағын көркейту жолындағы оқытушылық-ұстаздық жұмысынан ешуақытта қол үзген емес. 1910 жылы жазған «Қазақтың оқу жайынан» атты мақаласында «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісінен бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та тек оқумен түзеледі» деген екен. Бала оқыта жүріп, сол оқыту ісіндегі кемшіліктерге аса қынжылады, ол кемшіліктер: қазақ балаларының сауатын қазақша ашатын ұлттық графикасын және қазақ тіліндегі әліппе мен оқулықтардың жоқтығы болатын. Жоғарыдағы кемшіліктерді түзетпейінше, жүзеге асырмайынша, қазақ даласындағы оқу-ағарту ісін дұрыс жүргізу мүмкін емес екендігін жақсы түсінеді. Күнделікті бала оқытумен қатар, жоғарыдағы жоқтарды түгендеуге кіріседі. Сол себепті ол алдымен төл әліпбиімізді жасап, оқулықтар құрастырды. 1912 жылы ана тіліміздегі тұңғыш әліппеміз «Оқу құралын» жазып, шығарды. Ұстаз ұсынған әліпби «а, р, з» таңбаларын танытудан басталады, аса құндылығының бірі балаға әріп танытудың әдіс-тәсілдері көрсетілген. Бар тіл дыбыстарының таңбасы танытылып болған соң, қоршаған шындық жайында материалдар ұсынылады. Мысалы, «Туысқан-туған іліктес» деген тақырыпта ата, баба, әке, шеше, аға, іні, т.б. деген сөздер қосылады. Сонымен бірге, киім-кешектердің, ойындар мен ойыншықтардың, т.б. атаулары ұсынылады. Оқулықтың аса құндылығының бірі – А.Байтұрсынов балалаларға лайық тілмен жазылған, тәрбиелік мәні бар жұмбақ-жауаптарды, мақал-мәтелдерді, шағын өлең мәтіндерін береді. 96 беттік бұл оқулық «ұсақ әңгімелер» деген атпен автордың өзі құрастырған 24 шағын мәтіннен және «Балалық күйі» атты өлеңмен аяқталады. Ұлтымыздың талай ұланының сауатын ашқан бұл оқулық 1925 жылға дейін бірнеше мәрте басылып шығып тұрған. Одан кейін, қазақ тілінің «Тіл құралы» атты тұңғыш оқулығы жазылды. Тіл құралда сөз, сөйлем, буын, дыбыс, сөз тұлғалары, сөз жазудың жалпы ережелері, жұрнақтар, сөз таптары жөнінде тұңғыш теориялық мәселелер талданып, таразыланған құнды еңбек. Өзі жазған «Өмірбаянында» /1929, 8 наурыз/ Ахмет Байтұрсынов: «Біріншіден, қазақ тілін фонетикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан зерттеумен, екіншіден, қазақ алфавитін, орфографиясын жеңілдету және зерттеу үшін реформа жасаумен, үшіншіден, қазақ жазба тілін лексикалық шұбалықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазарту арқылы ең соңында, төртіншіден, проза тілін кітаби тіл арнасынан стилистикалық өңдеу, қазақ сөздерімен термин жасау арқылы халықтың жанды тілінің арнасына көшіру істерімен айналыса бастадым. Бұлар өзім жасаған оқулықтар және өзім редакциялаған «Қазақ» газеті арқылы іске асты», – деп жазды. Бұл жолдарда ғалымның өмір бойы жасаған істері тиянақты, жүйелі түрде айтылған. Ахмет Байтұрсынов тіл білімі саласындағы еңбектерін саралау, жүйелеу, оларға тарихи тұрғыдан баға беру тілші ғалымдардың еншісіндегі зор жауапкершілігі бар іс, көп жылғы еңбектердің нәтижесіне көз жүгіртіп, атүсті қарағанның өзінде толып жатқан шындық алдыңнан шығады. «Рухани көсемнің» тіл жөнінде айтқан тұжырымы бүгінгі күнге дейін құнын жойған жоқ десек қателеспейміз. Ахмет өз еңбектерінде: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниедегі адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді, ал адамдар жазудан айырылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айырылғаннан да жеңіл болмас еді», – деген. Ахмет өзінің «Қай әдіс жақсы» еңбегінде: «Оқи біліп, жаза білмейтін адамдардың болатынын, ескіше оқығандардың көбінің жаза білмейтінін, толық сауаттылықтың негізі жаза білуде екендігін» – айтады. Осыған орай, сауаттандыру әдісінің асылы оқудікі болмай, жазудікі болу керек – деп, өз ойын ашық білдіреді. Оның жасаған жазу жүйесі қазақтарда сауатсыздықты жоюға, жазу мәдениетін арттыруға мүмкіндік берді. А.Байтұрсынұлының «Əдебиет танытқыш» атты ғылыми-зерттеу еңбегі әдебиеттің барлық жанрларына, көркемдік құралына еуропаның әдебиет тануындағы ұғым, термин, категорияларға қазақша балама табады. Баспасөзде қазір кеңінен қолданылатын сөз дұрыстығы, тіл тазалығы, тіл анықтылығы, тіл дәлдігі, көрнекілігі, оның тараулары, көрнектеу, меңзеу, теңеу, ауыстыру, бейнелеу, алмастыру, кейіптеу, әсірелеу, арнау, қайталақтау, шендестіру, дамыту, үдету, түйдектеу, бүкпелеу, кекесіндеу сияқты ұғымдарды тұңғыш енгізіп термин дәрәжесіне көтеріп, анықтап бергені – тарихи шындық, ол тұңғыш қазақ топырағында әдебиет мәселесінде қалам тартқан әдебиетші ғалым екені баршаға белгілі. Оның әдебиет, лингвистика салаларында жасаған терминдері күні бүгінге дейін өз құнын жоймай халық игілігіне жарауда.

Академик А.Н.Кононовтың редакциясымен шыққан «Отандық тюркологтардың биографиялық сөздігі» кітабында Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен творчествосы жайлы мағлұматтар берілді. Ұлттық мәдениет, әдебиеттану, тіл ғылымы тарихында Ахмет Байтұрсынов қазынасы ерекше орын алатындығы күмәнсіз шындық. Ахмет Байтұрсынұлының тарихтағы орнын, оның әлеуметтік-қоғамдық істерін, дүниетанымдағы кейбір қайшылықтарын өз кезінде дұрыс көрсетіп, әділін айтқан адамдардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол «Еңбекші қазақ» газетінде (1923 жылы 19 қаңтар) «Ахмет Байтұрсынов елуге толды» деген арнаулы мақала жазып, онда былай дейді: «Ахмет Байтұрсынов – қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың ішінен шыққан, өз заманында патша армап, қулықты атаман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз Ахмет еді. Қазақтың осы замандағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызметтерін қылды», «Қырық мысал», «Маса» кітаптарын, «Қазақ» газетіне редакторлық еткен еңбектерін, Алаш кезеңін, артынан Компартияға кіргенін түгел шалып айта келіп, мынадай түйін түйеді: «Қалай болса да, жазушы аз ғана, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына оқу һәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай…». Халқы үшін осындай өлшеусіз қызмет қылған Ахмет өзге замандастары сияқты азаптың отынан айналып кете алмады. 1929 жылы 2 маусымда Голощекиннің нұсқауымен Алматыда тұтқындалып, сол жылдың соңына қарай Мәскеудегі Бутырка түрмесіне жіберілді. 1930 жылы 4 сәуірде ату жазасына кесіледі. Бірақ бұл шешім қайта өзгеріп, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылып, Архангельскіге жер аударылады. 1934 жылы Максим Горькийдің әйелі Е.Пешкованың араласуымен айдаудан босайды. Одан кейін бірнеше жыл өз отбасымен Алматыда тұрып, 1937 жылы қайта тұтқындалып, ату жазасына кесіледі. 1937 жылы 8 желтоқсанда үкім орындалып, атылды. Ол өз өмірінде жалған жаламен 5 рет түрмеге қамалған. Соңғысынан аман қала алмады. Қандықол Сталин жендеттері ұлттың асыл азаматын бәрібір дегендеріне бас идіріп, тәрк етті. Тарих өз шындығына бәрібір жетпей қоймайды. 50 жыл өтсе де, шындық ашылып, Ахмет атамыздың халқы үшін өмір сүрген абзал азаматтығы анықталып, 1988 жылы ақталды. 2000 жылы 15 қыркүйекте Қостанай қаласында ұлттық жазудың реформаторы А.Байтұрсынұлының ескерткішінің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ə.Назарбаев Ахметке лайықты құрмет «Ұлт ұстазы» атағын берді. Ахметке берілген лайықты бағаны тарихшы-ғалым Дихан Қамзабекұлының «Ахмет поэзияда да, көсемсөзде де, ғылым-ілімде де ең алдымен ағартушы», – деген сөздерімен аяқтағым келеді. «АҒАРТУШЫ» – бүгінгі ұрпақтарының аталарына берген лайықты атағы.

Бұл күндері 150 толып отырған Ахмет Байтұрсынұлының есімі халықтың зердесінде мәңгілік сақталады.

Қ.ҚЫПШАҚБАЕВ,

«Болашақ» университеті жоғары колледжінің оқытушысы,

педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-зерттеуші

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: