Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тарихтан тамыр тартқан Арықбалық

18.11.2021, 9:45 534

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданында Арықбалық ауылдық округі деген іргелі елді мекен бар. Округ орталығындағы түтіні түзу ұшқан, тіректі ауыл Жанқожа батырдың есімімен аталады.  

Танымал жазушы ағамыз Молдахмет Қаназ құрастырған «Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты зерттеулер мен мақалалардан құралған кітаптың 59-бетінде «1857 жылы қаңтар айының 9-10-ы күндері Арықбалықта болған ұрыста батырдың қолының саны үш мыңнан астам еді. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Осы шайқаста орыстардың сапынан шығын болған кісі онша көп емес. Фитингофтың отрядында 300 казак-орыс,320 жаяу әскер, 3 зеңбірек, 3 ракета қондырғысы бар еді» деп («Сырдария уәлайаты». Қазалы қ., 1894 ж.18 ақпан. Орыс тілінен аударған Асан Досжанов. Очерктің орысшасы 1894 ж. Қазан қаласында жарық көрген) тайға таңба басқандай анық жазылған. Осы ғылыми-танымдық басылымдағы Молдахмет Қаназ ағамыз келтірген «Алексей Иванович жарылқаушы ма? Жазалаушы ма?» атты мақаласындағы «1857 жылдың 5 қаңтарында зеңбіректердің әр түрінен 103 снаряд, 9 қаңтарда 205 снаряд, осы аралықта көтерілісшілерге әртүрлі оқ-қарудан 3221 (!) оқ атылды. Бұл оқтардың барлығы далаға емес, қазақтарға атылған. Бейкүнә пақырлардың біразы ұрыс алаңы – Арықбалықта жан тапсырды. Көтерілісшілердің ізіне түскен А.И.Бутаковтың жазалаушы отряды 9-11қаңтар аралығында 212 ағаш үйдің шаңырағын талқандап, керегелерін қиратып жылынды, солдаттарға тамақ пісіру үшін отқа жақты. Осы жолы қазақ шаруаларының 1239 малы бекініске айдап әкелінді. Оның сыртында 300 қой солдаттарға азыққа берілді, жол бастап жүрген сұлтандарға сыйға тартылды» деген мәліметті оқығанда кеудеңді кек кернейді.

Ресейде 1905 жылғы 9 қаңтардағы оқиғаны «қанды жексенбі» деп  әлі күнге дейін ауыздарынан тастамайды. Әрине, қаза адам санымен өлшенбейді. Алайда Ресейдегі сол оқиғаның салдары Арықбалық шайқасында біздің елдің халқының шеккен азабы, оққа ұшқан, аязда үсіп өлген адам санымен салыстыруға келе ме? Қаңтардың қақаған аязында бар жан сақтар баспанасы киіз үйлері отқа оранған, босқынға ұшыраған қарапайым халықтың (әсіресе емшектегі нәрестелер, балалар, ауру-сырқаулар мен қарттар) қаншасы қырылғанын кім білсін?

Қазалылық Есекей Құдайберген ағамыз «Сол боздақтар кəуірлердің азабы жанына батқасын шықты ғой. Əйтпесе, кім қақаған қыста қолына таяқ алып жауға шабады. Жанқожа баба да қатерді сезді, білді, дегенмен намысқа шыдамаған бауырларын бастуға мəжбүр болды. «Сол Арықбалықта қалуым керек еді» деп өкінішпен кеткен жоқ па? Арықбалықты намыс пен ардың, құлдық санадан арылудың жолын аңсаған жандардың қаны тамған жер деп қастерлей алсақ қанекей?!» деген пікірін білдірген еді. .

Қазақ тарихында ойып орын алатын кез келген көтеріліс, қозғалыстан маңыздылығы кем түспейтін Арықбалық шайқасын еске алу – ұрпақ парызы.

Солай болып та жүр. Округ көлемінде бұл күн жыл сайын ескерусіз қалмайды. Мәселен, «Арықбалық шайқасының 160 жылдығы» Жанқожа батыр ауылында кең көлемде аталып өтті. Шара барысында ауыл өнерпаздары сахналаған театрландырған көрініс талайдың жанарына жас үйірді. Астындағы тұлпары ауыздығымен алысып, дуылға-сауыты күн нұрымен жарқыраған Жанқожа батыр (бабаның бейнесін Жанқожа батырдың ұрпағы, ауылдағы №94 мектеп мұғалімі Алмат Аралбаев өте тартымды сомдады) алқалы топқа кіргенде көрермендер теңіздей толқыды. 

Көріністен соң үлкен-кіші баба бейнесіндегі Алмат бауырымызбен суретке түсуге ұмтылғанын көргенде қатты тебірендік.

Жазушы Молдахмет Қаназ ағамыздың Арықбалық шайқасы құрбандарына арнап аудан көлемінен ескерткіш-белгі қоюды мәселе қылып көтеріп жүргені белгілі. Азаттық жолында шейіт кеткен батыр бабаларымызға қандай құрмет жасасақ та орынды.

Келесі, яғни, 2022 жылы Сыр өңірі, қала берді қазақ тарихында ойып тұрып орны бар «Арықбалық шайқасына» 165 жыл толады. Ендеше, бұл ұсыныс та ел ағалары тарапынан қолдау табады деген үміт мол.

(Төмендегі сурет 2017 жылы Жанқожа батыр ауылында өткен Арықбалық шайқасының 160 жылдығына арналған іс-шарада түсірілді. Жанқожа батырдың бейнесін сомдаған – бабамыздың ұрпағы, №94 мектеп мұғалімі Алмат Аралбаев).

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер:

Ғибат үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Тағы да оқыңыз: