Бұдан 100 жыл бұрын – 1925 жылғы 15-19 сәуірде Ақмешітте болған Қазақстан Кеңестерінің 5-ші съезі Түркістан Республикасындағы Сырдария және Жетісу облыстарының, Бұхара, Хорезм халық республикаларындағы қазақтар да кіретін аумақтардан ұйысқан Қарақалпақ облысының Қазақ Республикасына біріктірілгенін жария етті. Бір шаңырақ астына жиналған біртұтас қазақ елі құрылды, оның мұқтаждықтары қарастырылып, кең көлемді қарарлар қабылданды. Халықтың этникалық аталымы ресми түрде өзіне қайтарылды. Бұрмаланған атаумен ту тіккен қазақтың кеңестік республикасы өз тарихи атымен аталды. Жаңа астанасына заманның және жаңғырып жатқан ұлттың рухына сай келетін айбынды ат берілді.
Қазақ Ордасы төрт ғасыр дербестіктен соң, 19-шы жүзжылдықта орыс империясының отарына айналғаны белгілі. Қарулы көтерілістер құтқара алмаған отарлық қамыттан босануға 1917 жылғы Ақпанда самодержавиенің құлауы мүмкіндік бергендіктен, сол жылдың желтоқсанында империядағы барлық қазақ аймағынан Екінші жалпықазақ съезіне жиналған делегаттар автономия құрып, жаңа тұрпатты үкіметін – Алаштың Ордасын сайлады. Алайда бұрынғы патшалық аумағындағы барлық билікті тап туын жалаулатқан большевизм алып, жер-жерде кеңес өкіметін орнатты да, Алаш-Орданы тарих сахнасынан кетірді. Орынборда 1920 жылы кеңестік Қазақ Республикасы ту тіккен де, 1918 жылдан Ташкентті орда еткен Түркістан Республикасының қарамағындағы қазақ жер-суын халқымен бөліп өзіне қосып алу мақсатын жыл сайын көтеріп тұрған-ды. Ақыры бұл ниеті 1924 жылы Орта Азияда жүргізілген ұлттық-мемлекеттік межелеу науқаны нәтижесінде жүзеге асты.
Түркреспублика Кеңестері Орталық Атқару Комитетінің төтенше сессиясы 1924 жылғы 15 қыркүйекте Түркістан Федеративтік Кеңестік Социалистік Республикасын ұлттық-территориялық межелерге жіктеп-бөлу жайында шешім қабылдады. Сол төтенше сессияда Түркатком төрағасының орынбасары, Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, БК(б)П Орта Азия бюросының мүшесі, осы Средазбюро межелеу науқанына орай құрған Территориялық комиссияның мүшесі Сұлтанбек Қожанов: «Қазреспубликаға Түркістанның екі облысын қосу Қазақ ұлттық республикасын рәсімдеудің басы болады» деп мәлімдеді. Бұл сөздерге елі, жері, санасы отарланған бодан халықтың азаттық әперді делінетін кеңес өкіметі билігінің жетінші жылының өзінде ұлттық құқтарына әлі толық қол жеткізе алмай келе жатқан арманы тоқылған болатын.

Ғасырлар бойы қалыптасқан көшпенділік өмір салтын отарлаушы елдің бұзғаны, патшалық «қазақ далаларын көркейтуге» айрықша мән беріп, қазақ жерін – қазақтарға уақытша берілген мемлекет меншігі деп жариялағаны, сосын, қазақтың шұрайлы жер-суының бәрін бесінші колоннасы іспетті орыс шаруалары мен әскери-биліктің тірегі сипатты казактарына тартып әпергені белгілі. Қазақтың жер-суы орайында жасалған сол әділетсіздікті монархияның құлауы, билікке большевиктердің әдемі ұрандармен келуі түзетер деген үміт туған. Алайда Мұстафа Шоқай атап айтқандай, «Столыпиннің «қазақтарды емес, қазақтардың тың жатқан жерлерін ойлау керек. Қазақстан жерлерін тек қазақтардың өздеріне ғана қалдыру Ресей үшін кешірілмес күнә болар еді» деген сөзінің екінші бір нұсқасынан» айнымайтын большевизмнің қағидасы – коммунистердің «жекелеген өлке мен халықтардың мүддесін жалпы Одақ мүддесіне құрбан ету» қажеттігін дәріптейтін пиғылы ондай үміттің өрісін тарылтып тастаған-тын. Орыс төңкерісінің қай-қайсысы да езілген халықтың қолына теңдікті бірден ұстата қоймағаны 5-ші Кеңестер съезінде атап айтылды. «Революция қазақты азат етіп, жерге деген басқалармен тең құқығын жария етсе де… заңды жолмен берілген жері болмағандықтан… жерге деген хақын қай учаскеде жүзеге асырарын білмей, сенімсіздікпен …қоныстанатын» делінді. Осы ахуалға байланысты, Қазатком төрағасы Сейтқали Меңдешевтің аузымен Бесінші съезге кеңестік қазақ үкіметінің жергілікті «қазақ халқы жерге орналастырылып болғанша – басқа халықтардың сырттан келіп қоныстануына жол бермеу» жайында шара алғаны хабарланды.
Сонымен бірге, Қазақ автономиясы үкіметінің тарапынан орталыққа – РСФСР үкіметіне сол шарадан туындайтын өтініштер білдірілгені баяндалды: көшпенді және жартылай көшпенді халықты жалпымемлекеттік қаржымен, әрі бәріне жаппай учаске кесіп беру ретімен жерге орналастыру керек; осы тәртіппен жерге орналастырылып жатқан қазақ халқына – салық салу, несие беру, құрылыс материалдарымен, ауылшаруашылық құралдарымен жабдықтау істерінде – түрлі жеңілдіктер жасау жөн. Осыларға байланысты Киркрайкомның Кеңестер съезі алдындағы пленумында екінші хатшы Сұлтанбек Қожановтың арнайы баяндамасында айтылған шара – Жер халкоматының онжылдық жоспар жасап жатқаны мәлімделді.

Бұл мәселе – жер-су жайы Жер жөніндегі халық комиссары Ғалиасқар Әлібековтің баяндамасында жан-жақты талданды. Ол проблеманың тарихи тамырын жүйелеп ашты. Баяндамашы қазақ өлкесінің отарлануында үш басты дәуір болғанын таратып көрсетті. Олар: 1) өз еріктерімен қоныстануға келген қилы бақ іздеушілер мен қашқындардың ХVI ғасырдан басталған отарлауы 2) ХVIІІ ғасырдан бері орыс үкіметінің сауда-өнеркәсіп мүддесін көздеген әскери-әкімшілік жолмен отарлауы, 3) ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басынан орыс шаруаларын көшіріп-қоныс аударту жолымен отарлауы болатын. Әсіресе отарлаудың осы үшінші кезеңі елді қатты күйзелтті.
Бұл шақта патшалық ішкі Ресейдің жер дағдарысын шешу мақсатымен, әрі «жабайылар жерін көркейту» үшін Қазақстанға лек-легімен переселендер көшін төккен еді. «Переселен толқынының қысымымен қазақ бұқарасы… шөбі жұтаң, суы аз, құмдауыт жерлерге ығысуға мәжбүр болды. Осы апатты саясат Өлке экономикасын тез құлдыратты. Егер өткен ғасырдың 70-жылдары бір қазақ шаруашылығына 59 бас малдан келсе, 1914-1915 жылдары переселен қозғалысының артуымен бұл цифр 25-26 басқа шейін төмендеді» деп көрсетті наркомзем Ғ.Әлібеков. Жерді қоғам мүлкіне айналдыру жөніндегі алғашқы кеңес заңы мен жерге орналастыру туралы ереже «азамат соғысы, ашаршылық, ҚССР-де ешқандай қаржының болмауы жағдайында болымсыз ғана нәтиже берді».
Жүргізілген іс-шаралардың ойдағыдай оң нәтиже бермеуінің 5-ші Кеңестер съезінде айқындалған себептері мынандай еді: 1) қазақ жерін сырттан көшіп келіп отарлау жалғасып жатыр; 2) отаршылдық саясаттың қалдықтары әлі кетірілмеген; 3) ең жақсы жерлерді переселендер басып алған, казак-орыс тұрғындары кең алқапты пайдалануда; 4) жергілікті жерде жүргізіліп жатқан жұмыстар орталықта үйлестірілмеген, көбіне орталық жерді іс жүзінде пайдаланып отырғандарға бекітіп, ең тәуір жерлерді бұрыннан тұратын переселендерге кесіп беру жағында; 5) жерге орналастыру хақында жүзеге асырылып жатқан шаралар – тұрғындардың құқықтық санасын жерді заң бойынша пайдалану қажеттігін сезінетіндей етіп оятуға жәрдемдеспеді.
Мал шаруашылығы Қазақстанның қатал табиғатына шыдас беріп, пайда табатындай дами алу үшін – жер қатынастарын дұрыс реттеудің маңызы зор болмағын айта келе, комиссар Әлібеков күллі аумақты жаратылысы мен экономикалық нышандарына қарай: «егіншілік-малшылық» және тек «малшылық», сондай-ақ тек «көшпенді малшылық» аудандарға бөлу тәртіптерін баяндады. Жермен қамтамасыз ету нормасы қалай жасалатынын түсіндірді. Сосын жерге орналастырудың негізгі міндетін: «қазіргі жұмыс істеп тұрған мал бағу және мал бағу-егін егу шаруашылықтарымен шұғылданатын қожалықтарға – өркендеуіне әрі экономикалық тұрғыда нығаюына қажет жағдайлар жасау» қажеттігін баяндады. Осы орайда орындалуы қажет шаралар съезд қарарымен заңдастырылды.
Алайда мәскеулік орталық 5-ші Кеңестер съезі қарарларының орындалуына түрлі тәсілмен тосқауыл қойып тұрды. ВЦИК-тің Ерекше Комиссиясы жұмысын мүлдем өзінше, Қазақ жер комиссариатының жоспарымен үйлестірмей жүргізді. Жеркомның жерге орналастыру шараларын біртұтас жоспармен және біртұтас аппаратпен іске асырмақ ниетіне нарком Әлібеков: «Ерекше комиссия тарапынан наразылық көрсетілуде, – деп көрсетті, – ал ондайды орынды деп санауға болмайды». Халқы мен жер-суы бір шаңырақ астына жиналғаннан кейінгі орталықтың осындай кедергілерін ашып көрсеткен тұңғыш құрылтайда – 1925 жылғы Кеңестер съезінде – ел мүддесіне жауап беретін арнайы қаулылар, кең көлемді қарарлар қабылданып, қазақтың ұлттық мемлекеттілік үшін күресі кеңестік билік шеңберіндегі шырқау шыңына жеткенін танытқан еді.
Өкініштісі сол, саяси күрестің 5-ші съезден кейінгі оны орындауды көздейтін жаңа кезеңінде барша әрекетке тұсау салу, қазақ елінің табиғи ұлттық-мемлекеттік мүддесін Мәскеудегі Орталық билікке тәуелді ету бағыты пәрменді түрде жүзеге асырыла бастады. Елдік пікірлер, жалпы, қазақтың мемлекеттік мүдделерін еркін көтеріп, Кеңестер съезінде елеулі шешімдер шығартқан ұлт қайраткерлері, тиісінше олар өткізген 1925 жылғы тарихи Кеңестер съезінің мазмұны да, табиғаты да орталыққа ұнаған жоқ, сондықтан да республиканы басқаруға жіберген эмиссары Филипп Голощекиннің қолымен көшпенді малшылыққа съезде көзделген қилы жағдайды жасаудың, қажет жәрдемдер берудің орнына, оқыс жүргізген солақай реформаларымен халықты 30-жылдарғы қызыл қырғынға ұшыратты.
Дегенмен, орталықтағы партия-кеңес билігі мен оның эмиссары Голощекин қазақ жерін ел-жұртымен бір шаңырақ астына жинаған Үлкен Қазақстан Кеңестерінің тұңғыш съезінің тәуелсіз ел мүддесін көздейтін көп шешімінің ішінен бірегей біреуіне қарсы шыға алмады, бірден мойындады. Ол шын мәніндегі тарихи шешім болатын. Қазақ халқының тарихи аталымын мойындап, өзіне қайтарған тарихи шешім – үлкен құрылтайда ресми тұжырымдалғандықтан, құнын ешқашан жоймайтын құжат. Қабылдануы Ресей Компартиясы Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы, съезд делегаты Сұлтанбек Қожанов есімімен тығыз байланысты сол қаулы өмірге мынандай жолмен келген еді…
Аталмыш Кеңестер съезінің қарарына сай, Ұлт театрының негізін салып, 1925 жылы тұңғыш жетекшісі болған Дінмұхамед Әділов ОГПУ тергеушісіне 1928 жылғы 24 желтоқсанда өткен кешкі тергеуде былай деп көрсетті: «…Қожанов, мен, Есполов және Қожықов Табынбаевтың үйінде түстеніп отырғанбыз. Съезд аяқталуға тақалған болатын. Сонда үкіметтің Ақ-Мешіт қаласына көшіп келуін есте қалдыру үшін қаланың атын өзгерту хақында мәселе көтерілді. Қалай атау дұрыс боларын ойластыра бастадық. «Қызыл-Орда» терминін бірінші болып Қожықов ойлап тапты. Одан: «Неге?» деп сұрадық. Ол ұсынысын былай дәйектеді: бұл – қос атау, ана жақты да, басқа жақты да қанағаттандырады. «Қызыл» – қызыл түсті білдіреді, сондықтан большевиктерге ұнайтын болады, ал «Орда» – ұлттық термин. Сол себепті ана жақтан да, мына жақтан да наразылық тумайды. Мұндай дәлелдермен баршамыз келістік, сонда Қожанов енді қаланың аты Қызыл-Орда деп өзгертілетін болады деді».
Қоғам қайраткері, байырғы мұғалім, ағартушы, тарихшы-ғалым, сол шақтағы кеңес қызметкері Қоңырқожа Қожықов 1931 жылғы 20 қыркүйекте ОГПУ тергеушісіне мынандай көрсету берген: «Ақ-Мешіт қаласын Қызыл-Орда деп қайта атау тарихын білемін. Ол былай болып еді: 1925 жылғы Кеңестер съезі кезінде мен, Жандосов, Қожанов және тағы басқалар қазақтардың бірінің үйінде түскі ас ішуге жиналдық. Тамақтанып отырғанда жаңа астананы қалай атау керек деген мәселе көтерілді. Мен оны «Қызыл-Орда» деп атауды ұсындым, мұным бәріне ұнады, содан соң Қожанов осы атауды Кеңестер съезінде ұсынды да, ұсыныс қабыл алынды».
Әділов өзін тергеудің 1928 жылғы 27 желтоқсандағы жалғасында: «Табынбаев Ембергеннің үйіндегі түстік кезінде Ақ-Мешіт қаласын Қызыл-Орда деп өзгертіп атау керек деген қорытындыға келдік. Осыдан кейін Қожанов пен біз съезге кеттік, – деп көрсетті. – Қожанов төралқаға шықты да, өзіне кезектен тыс сөз алып, мынандай ұсыныстар енгізді: бірінші ұсынысы – «Киргиз Республикасына» «Қазақ Республикасы» деп қайта ат қою, екіншісі – Ақ-Мешіт қаласының атын Қызыл-Ордаға алмастыру. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады».
Сонымен, қазақ қайраткерлерінің бейресми басқосуында халқы мен жер-суы біртұтастанған Үлкен Қазақстанның астанасын бұдан былай Ақмешіт емес, Қызылорда деп атау туралы Қоңырқожа Қожықовтың ұсынысын бірден қолдаған Сұлтанбек Қожанов съезде сонымен бірге тағы бір өте маңызды мәселе көтерді…
Бесінші съездің стенографиялық есебіне «қарағанда», ол ұсыныстарын шынында да «сценарийден тысқары», бірақ орайын келтіре жария еткен екен. Басқарушы органдарды сайлау мәселесіне көшер алдында, Киргизияның (Қазақияның) барлық еңбекшісіне үндеу қабылдау үшін, төрағалық етуші оның мәтінін оқиды. Делегаттар үндеуді қызу қол шапалақтап қуаттайды. Осы кезде Қожанов сөз алады да былай дейді:
– Бізде осы уақытқа дейін бір түсінбестік боп тұр. Киргиздар өздерін қазақпыз деп атайды. Мұны олар орыс казактарынан көшіріп алған жоқ, бағзы заманнан қазақ деп аталатын. Көшпенділердің алғашқы одағы қазақ делінетін, сондықтан орыс казактары осы атауды өздеріне бізден көшіріп алған деп ойлауға болады. Енді қазақ – «қазақ» деген сөздің орысшасы «киргиз» болар деп ойлайды. Декларацияда «Киргиз Республикасы» деп айтылған, ал Тоқжігітов жолдас оны оқығанында «Қазақ Республикасы» деп атады, яғни бұл – аударма. Бұл ескіліктің қалдығы екенін білетіндігімізден, мұны зерттеу керек. Бәлкім тәржімешілер, отаршыл күштерге жағынып, қазақтарды осылай атаған болар. (Зал күліп жібереді). Айтпақшы тағы – киргизді (яғни нағыз қырғызды) қара-киргиз (қара-қырғыз) деп те атайды. Бірақ бұл қара-киргиз емес, оларды орыстар солай атаған. Біз жай ғана қазақтармыз, ал қырғыздарды қазақтардан ажырату үшін оларды қара-киргиз деп атаған. Енді, болашақта киргизді қазақ деп, ал республиканы Қазақтікі, яғни Қазақстан деп атауды заңдастыру керек. Мен осы атауды бекітіп, соншалықты әдемі емес таңбаны жуып тастауды ұсынамын. Кеңестердің Бесінші Бүкілкиргиз съезі «қазақ» атауын киргиз халқының аталымына және «Қазақстан» атауын Киргиз Республикасына беруді заңдастырсын.
Ұсыныс қол шапалақтаумен қарсы алынды. Қолшапалақ дыбысы басылғанда, құрылтай төрағасы алдымен Қожанов сөйлердің алдында жария етілген құжат жобасын – съездің үндеуін дауысқа қойды. Үндеу бір ауыздан қабылданды. Сосын: «Келесі ұсыныс: Киргиз Республикасына – Қазақ Социалистік Кеңестік Республикасы деп қайта ат қою» дей бергенінде жұрт ду ете түсіп, қол соғып жібереді. «Мен бұл қол шапалақтауды осы ұсыныстың бірауыздан қабылдануы ретінде ұғамын», – деді де, төрағалық етуші келесі мәселеге көшті. «Қазақ ССР-інің орталығын Ақмешіт қаласына көшіруге байланысты, кезінде республика ЦИК-і Ақмешіт қаласында Ленин жолдас атындағы халық үйін салу туралы шешім қабылдаған еді», – дей келіп, соған байланысты атқарылмақ жұмыстарды жария етті. «Осы үйдің құрылысына бір кірпіш қаламаған бірде-бір еңбекші болмауға тиіс», – деген ойымен бірге съездің төралқасы атынан тиісті ұсыныс білдірді. Сол қабылданысымен, Қожанов келесі ұсынысын айту үшін тағы да сөз алды.
– Ақмешіт қаласы патша үкіметі жаулап алғанға дейін Ақмешіт аталатын, – деп бастады ол сөзін. – Патша өкіметі кезінде граф Перовскийдің құрметіне қала аты Перовск боп өзгертілді. Революция оған қайтадан ескі атауын берді. Бұрын қалай аталса да, ол артта қалған, қатардағы жұпыны қала болатын. Кеңестердің Бесінші съезін біз Қазақ Республикасы ғұмырындағы күрт бетбұрыс деп санаймыз. Бұл съезді біз Бірінші Съезд деп атаймыз. Бұл съездің Қазақ Республикасының жаңа орталығы Ақмешітте өтуі де оның мәнін арттыра түседі. Сөйтіп жұпыны Ақмешіт қалашығы Қазақ Республикасының орталығына айналып отыр. Қаланың мән-мағынасы ауысуына байланысты, мен осы қаланың атын таза қазақы атауға өзгертсек деген ұсыныс енгіземін. Бұрын хандық құрылымдардың орталықтары болатын, мысалы – Ақ Орда дейтін. Атақты хан өз орталығын Көк Орда деп атаған. Ал біз өз орталығымызды Қызыл Орда деп атай аламыз. Мен орталығымыз Ақмешітті (Перовскіні) бұдан былай – Қызыл Орда деп атауды ұсынамын.
Қызу қол шапалақтаудан кейін, съезде төрағалық етуші: «Қожанов жолдастың ұсынысы бірауыздан қабылданады» деп хабарлады…
Іргесі кеңейген Қазақ Республикасы Кеңестерінің Бірінші (автономия бой көтергелі бергі рет саны бойынша – Бесінші) съезі Үлкен Қазақстанның астанасына осылай Қызыл Орда деген әсем де айбарлы ат берді. Әрі, бұдан бір ғасыр ілгеріде өткен бұл құрылтайдың айрықша маңыздылығы сол – қазақ халқы мен қазақ жер-cуының бір шаңырақ астына жиылып тұтастануын, халқымызға өзінің этностық «қазақ» атауының қайтарылуын заңдастырды. Және съезде талқылаған мәселелері мен алған қарарларына қарағанда – қазақ қайраткерлері ұлттық мемлекеттілік үшін күрестің жаңа кезеңін мейлінше белсенділікпен жүргізуге бейіл болды (бірақ неліктен бәрі кері кетірілгені, әрине, басқа әңгіменің тақырыбы).
Сонымен, осы күндері біз шашылған жер-суымызды жиыстырып, тарих сахнасына қазақ атымызбен шыққанымызды жаһанға әйгілеген Ақмешіт құрылтайына жүз жыл толғанын қанағаттана атаймыз.
Әдебиет:
Қойшыбаев Б. Ұлт театры шаңырағын көтеруші. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2000 ж.; Қойшыбаев Б. Сұлтанбек Қожанов. – Алматы: ЖШС «Қазақстан» баспа үйі», 2007 ж.; Қойшыбаев Б. Тоқсан жыл ілгергі тарихи науқан//Тауарих-тамшылар. – Алматы: «Рух БГ» баспасы, 2017 ж.; Қойшыбаев Б. Үлкен Қазақстан былай басталды//Тарих және тұлға. Зерттеулер, мақалалар, сұхбаттар. – Тараз: «Сенім» ЖБО, 2019 жыл; Қойшыбаев Б. Тәуелсіздік тамырлары. Зерттеулер, мақалалар, сұхбаттар. – Алматы: «ЖШС РПБК «Дәуір», 2022 ж.; Алашорда ісі. 1920–1940. Құжаттар мен материалдар. 1-т., 4-т. – Алматы: ҚР Президентінің Архиві, 2023 ж.; Қойшыбаев Б. Тұтас қазақ елі: ұлттық республика құруға ұмтылу. – Абай.кз (abai.kz ) порталы, 4.02.2025 ж.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!