Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақтан шыққан №1 генерал

23.09.2023, 13:00 338

HALYQLINE.KZ

КСРО кезінде қазақ халқынан шыққан тұңғыш генерал Шәкір Жексенбаев деп білдік. Ш.Жексенбаев генерал-майор погонын 1943 жылдың 14 қазанында алды. Тәуелсіздік алғаннан кейін өзбек деп келген генерал Сабыр Рақымовтың әйелі Құралай күйеуінің қазақ екенін сот арқылы қорғап алғаннан кейін, С.Рақымовты тұңғыш генералымыз дедік. Жоғарғы Бас қолбасшы Сталин «темір генерал» деп атаған Сабыр Рақымов генерал-майор погонын 1943 жылдың 19 наурызында дивизия командирі болған кезде алды. Бұл тізімныің реттігін тағы да өзгертіп отырмыз. Бұл батырымыздың аты – Рамазан Құрманғалиев. 1935 жылдың 22 қыркүйегінде Орталық Атқару Комитеті мен Үкіметтің Қаулысымен Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясында айырма шен туралы Қаулысы шықты. Осы 1935 жылы Ленинградтағы Әскери-Саяси Академияны бітірген Рамазан Құрманғалиевке «дивизионный комиссар» шені берілді. Бұл шен 1940 жылдың 7 мамырынан бастап генерал-майор деп аталатын болды.

Сонымен осы уақытқа дейін тасада ұмыт болып қалған Рамазан Құрманғалиев кім? Р.Құрманғалиев 1894 жылы Ресей империясы, Орал облысы Бөкей орда ауданында дүниеге келген, осындағы Жәңгірхан ашқан қазақ-орыс мектебін бітірген. 1918 жылы Қызыл Армияға өз еркімен жазылады да, ақгвардияшыл қатарындағы орыс-казактармен соғыста көзге түседі. Шығыс майданның 6-шы Армиясының комиссары Алма Оразбаеваның ұсынысымен Рамазан 1920 жылы Орал қаласындағы қызыл командирлерді дайындайтын курсқа жіберіледі. Курсты бітірген соң тұңғыш рет қазақтардан құрылған атты әскер полк командирі болып Жетісудағы атаман Анненковтың әскерін құртуға қатысады, сосын Воренеждегі Атаманша Марусья бандасын, Томбовтағы Батько Махно әскерін талқандауға қатысып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. 1921-1923 жылдары 8-ші Түркістан бригадасының сапында Әндіжан мен Бұқарадағы басмашыларды құртуға қатысқаны үшін Бұқар Советтік Республикасының «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Бұдан кейін неге екені қайдам, Рамазан Құрманғалиевті әскерден азаматтық қызметке тағайындай бастады. 1923-1925 жылдары Бөкей ордасындағы губерниялық сот судьясы, 1925-1929 жылдары Орал мен Жетісу облыстарындағы басқару орындарында, 1929-1930 жылдары Ленинградтағы Ленин атындағы әскери-саяси академиясында оқып диплом алады. 1930-1932 жылдары Қазақ Өлкесінің саяси-әскери бөлім басшысы (қорғаныс министрі). 1932-1933 жылдары Қазақ АССР-нің әлеуметтік халық комиссары, 1933-1935 жылдары Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысындағы ауданның бірінші хатшысы болады. Осы 1935 жылы СССР Қорғаныс Наркомының бұйрығымен «дивизионный комиссар» (генерал) шені берілді. 1936-1937 жылдары Қазақ ССР-нің Жоғарғы сотында жауапты қызмет істеп жүргенде атақты 58-бап бойынша «халық жауы» деген айып тағылып, адам айтқысыз азаптаулардан кейін Алматы қалалық НКВД-нің Басқармасының шешімімен 1937 жылдың 10 желтоқсанында атылды. 1956 жылы Сталиннің жеке басқа табынушылығын айыптаған партияның ХХ съезінен кейін ақталды. Осылайша есіл ер өзі қорғаған өкіметтің жендеттерінің қолынан ажалын тапты.

Атақты Совет Одағының Маршалы И.Х.Баграмян фашистік Германиямен соғыс басталғанда полковник шенінде болған болатын. Ал, біздің Рамазан Құрманғалиев соғысқа генерал-майор шенімен кіріскенде, мүмкін соғысты маршал шенімен аяқтар ма еді деген ой да келеді екен.

Ашық дереккөзден алынған суретте: Рамазан Құрманғалиев және дивизион комиссары шенінің жағаға тағатын петлицасы мен шинелдің жеңіне тағатын айырма белгісі.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: