Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ жерлерін қайтармақшы болған қайраткер

20.09.2023, 11:20 263

HALYQLINE.KZ

Бұл қайраткердің аты-жөні Мақсұт Жылысбаев еді. 1894 жылы Сырдария облысы, Әулиеата уезді, Аспары болысындағы №7 ауылда дүниеге келді. Ауқатты тұратын әкесі ұлын 1911-1013 жылдары қазақ-орыс мектебінде, 1913-1915 жылдары Бішкек қаласындағы ауылшаруашылық техникумында оқытады. Осы техникумда оқып жүргенде Тұрар Рысқұловпен танысып, өмірінің соңына дейінгі достығы басталады. 1915 жылы Меркеге келіп мамандығы бойынша агроном болып істеп, сотта орыс тілінен аудармашы болады. 1916 жылы патшаның маусым жарлығына қарсы Меркідегі Ақкөз батыр бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысады. 1917 жылы большевиктерді қолдап, Меркіде ревком жанынан жастар одағын құрады. 1919 жылы Әулиеата уездік төтенше комиссия (ЧеКа) бастығы болып, ақтар жағында соғысып, қазақ ауылын тонап жүрген Жетісу казак-орыс бандыларына қарсы шайқасып құртады. Аман қалғаны Қытайға өтіп кетіп, атаман Дутовқа қосылады. 1921-1922 жылдары Сырдария облыстық жер бөлімін басқарады.

1922 жылы Тұрар Рысқұлов Түркістан АССР-ін басқарғанда, қасына көмекші қылып Мақсұт досын шақырады. Екі дос үлкен істі қолға алып, қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек, тәжік халқының басын қосып, біртұтас Түркістан өлкесін құрмақшы болған жоспары іске аспай қалады. 1924 жылы Тұрар Рысқұловты Москваға шақырып, пантюркизмшіл деп айыптаған Сталинге әр ұлттың билігі өз қолында болады деген Лениннің идеясын тірі тұрғанда-ақ орындамай отырсың деп өзіне кінә артады. Үлкен тартыстан кейін Тұрарды орнынан тайдырып, Моңғолияға Москваның өкілі қылып жібереді, ал Мақсұтты респудликалық сауда наркомының көп орынбасарларының бірі қылады. 1926 жылы Тұрар Рысқұлов елге келген соң Түркісіб теміржолын салуға тағайындағанда, қасына тағы да Мақсұтты алады. Алайда бұл қызметте де көп істетпей Тұрарады Москваға шақырып РСФСР үкіметінің бірінші орынбасары қылып тағайындайды, Мақсұтты Астрахан облысына балық шаруашылығын басқаруға жібереді. Балық шаруашылығын өркендету жолында қызмет істеп жүргенде 1928 жылы 27 тамызда қазақ үкіметінің жер-су реформасы туралы Декреті шыққан болатын, реформа мақсаты патша кезінде орыс жерлеріне қосып алған қазақ жерлерін қайтару болатын. Ресейге қарасты Астраханда қызмет істеп жүрсе де, совет үкіметінің бірінші орынбасары Тұрар Рысқұловқа арқа сүйеп, Астархан облысының кей жерлері қазақ жері екенің дәлелдеп, Қазақстанға қоспақшы болған әрекеті Кремльді шошытып, Мақсұт Жылысбаевты Алматы облысы, Ақсу ауданының бірінші хатшысы қылып жібереді. Бұл жерге келіп атқарған қызметінің игілігін қазақ халқы әлі де көріп отыр. Жетісу жері қант қызылшасын егуге қолайлы екенін агроном ретінде дәлелдеп, егістік көлемін ұлғайтады. Сосын совет үкіметінің бірінші орынбасары әрі досы Тұрар арқылы Бұрындай, Ақсу, Көксу, Мерке, Тараз қант заводын салғызады.

Алайда ұлт үшін қызмет етіп жүрген азаматқа пантүрікші және ұлтшыл деп айып тағылып 5 жылға сотталып, жазасын өтеуге Томскіге жер аударылады. 1937 жылы жазасын өтеп елге келгенде репрессия машинасы толық істеп тұрғандықтан қайта тұтқындалып, Тұрар Рысқұловқа қарсы құжатқа қол қойғызу үшін айуандық азаптарға шыдап, досына адалдығын сақтап қалғанмен, 1938 жылдың 26 ақпанында достары Ілияс Жансүгіров және Жұмат Шанинмен бірге атылды. Сталин өлген соң 1956 жылғы партияның ХХ съезінен кейін жаппай ақталып жатқанда Мақсұтты ешкім ақтауға ықылас танытпады, себебі оның іскерлігін көре алмаған НКВД-ге ұстатып жіберген қазақтар әлі де қызмет істеп жүрген болатын. Сонда бар ойлап тапқаны сонау жылдары чекист болды деген желеу еді. Тек 1961 жылы ғана артындағы туыстары ақтап алуға қол жеткізді.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журанлист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: